Басты жаңалықтар

Қобдалықтар жаңа баспанаға ие болады

Қобда ауданына жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Ералы Тоғжанов су тасқынынан зардап шеккендерге арнап салынатын үйлердің құрылыс жоспарымен танысып, аудан тұрғындарын Наурыз мейрамымен құттықтады. Аталған іс-шараларға қазақстандық боксшы, бүгінге дейін ешбір қарсыласынан жеңілмеген файтер Шавкат Рахмонов арнайы келіп қатысты.

24 отбасының қуанышы

Облыс әкімі алдымен Қобда ауылының Жаңақоныс шағын ауданында жаңа тұрғын үйлер тұрғызылатын аумақты аралап, су тасқынынан зардап шеккен тұрғындармен тілдесті.

— Наурыз мейрамының қарсаңында аудан орталығында жаңа тұрғын үйлердің қазығы қағылып отыр. Бұл да үлкен қуаныш. Қобдалықтар осындай сын сағатта өздерінің  ауызбіршілігін, сабырлы екендіктерін көрсетті. Ауданда болған табиғи апаттың салдарынан қаншама үй су астында қалды. Енді, міне, мемлекеттің қолдауымен, көптің көмегімен баспанасы суға кеткен азаматтарға жаңа үйлер салынбақ. Мен құрылыс жүргізу барысында өздеріңізбен бірге боламын. Тұрғын үйлердің құрылысын екі айдың ішінде аяқтаймыз. Осы уақыт ішінде өзара бірлікте, татулықта болып, бір-бірімізге демеу болайық! — деді Ералы Тоғжанов.

Басқосуда қобдалықтар облыс әкіміне алғыс айтып, жылы лебізін білдірді.

Мен Қобда ауылында 20 жылдан бері тұрамын. Осы уақыт ішінде мұндай су тасқынын бірінші рет көрдім. Өкінішке қарай, үйіміз суға кетіп, апатты жағдайда тұр. Қазір отбасымызбен қарындасымыздың үйінде тұрып жатырмыз. Міне, бүгін жаңа ауданда үйі суға кеткен тұрғындарға арнап салынатын үйлердің орнына қазық қағылып жатыр. Өте қуаныштымыз. Алдағы уақытта осы жерде жаңа баспанаға ие боламыз. Бұл жерде ауызсу да, газ да бар. Тұрғындарға өте жайлы. Осы орайда ауданымызға қайта-қайта келіп, біздің жағдайымызды сұрап, шексіз қолдау көрсетіп жатқан облыс әкіміне ризашылығымызды білдіреміз, —  деді Қобда ауылының тұрғыны Жаңабай Алдрабеков.

Ауыл тұрғыны шағын ауданда жаңа баспанаға ие болса, «Ауыл аманаты» жобасына қатысып, мал, құс шаруашылығымен айналысуды жоспарлап отырғанын жеткізді.

Облыс әкімінің орынбасары Мавр Абдуллиннің айтуынша, Жаңақоныс шағын ауданында тұрғын үйлер салу үшін барлық инфрақұрылым бар. Мұнда газ да, ауызсу да, электр қуаты да келіп тұр. Бұл жерде алдағы екі айда аумағы 100 шаршы метр болатын бір типті 24 тұрғын үй салынады. Олардың құрылысын бес мердігер ұйым, атап айтсақ, «Бабек-Құрылыс», «Ұлан», «Альянс Сервис», «СтройКомСервис», «Aiser Stroy Service» компаниялары жүргізеді.

Қобда ауылында су тасқыны кезінде 78 үйге, 22 аулаға су кірді. Қазір су тасқыны тигізген зардап көлемін анықтау үшін арнайы комиссия жұмыс жасап жатыр. Бізге тұрғын үйлер салу үшін 24 өтініш түсті. Осыған орай мемлекеттен төтенше жағдайға байланысты қаржы бөлініп отыр. Осы бөлінген қаржыға Жаңақоныс шағын ауданында әрқайсысының құны 18-20 миллион теңге болатын 24 үй салынады. Біз құрылыс жұмыстарын екі айда аяқтауды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ ауданда қазір 13 үй судың ортасында тұр. Оларға жергілікті кәсіпкерлер қолдау танытып, осы жерден үй салып беруге ниет білдіріп жатыр, — деді Мавр Абдуллин.

Тұрғын үй салумен айналысатын «Aiser Stroy Service» компаниясының бас директоры Айдын Есмұқановтың айтуынша, бұл мекеме шағын ауданда 5 үйдің құрылысын жүргізеді. Бір типті үйлер 4 бөлмеден тұрады. Әрбір үйдің жалпы ауданы 100 шаршы метр болмақ.

Айта кету керек, аудандағы «Алтын дала», «Бәйтерек» шаруа қожалықтары да осы шағын ауданнан үйі суға кеткен мал дәрігеріне баспана тұрғызып беруді жоспарлап отыр. Олар бұл ниетін облыс әкімі Ералы Тоғжановқа жеткізді.

Облыс әкімі құрылыс компанияларының басшыларына тұрғын үйлердің уақтылы әрі сапалы салынуын қамтамасыз етуді тапсырды.
Тұрғындармен кездесу барысында облыс басшысы қобдалықтарға қолдау білдіруге келген қазақстандық аралас жекпе-жек файтері, аталған спорт түрінен бірде-бір жеңіліс таппаған спортшы Шавкат Рахмоновты көпшілікке таныстырды.

Соңғы кезде көптің аузында жүрген спортшы аудан тұрғындарына жүрекжарды лебізін білдіріп, алдағы уақытта бір отбасына баспана салып беретінін жеткізді.
Наурыз мейрамы қарсаңында сіздерге қолдау білдіру үшін арнайы келдім. Баршаңызға мереке құтты болсын! Осындай қиын кезеңде қиындыққа мойымаған ауыл тұрғындарына амандық, бақ-береке тілеймін! — деді Шавкат Рахмонов.

Ынтымақ пен бірліктің күні

Жаңақоныстағы жүздесуден кейін облыс әкімі бастаған топ «Отан-Ана» орталық саябағында өткен Наурыз мейрамына арналған мәдени-көпшілік шараға қатысты.

Саябаққа кіреберіс жерде киіз үйлер тігіліп, жергілікті қолөнершілердің көрмесі ұйымдастырылды. Жыл сайын Наурыз мейрамын ерекше форматта атап өтетін қобдалықтар бұл жолы да бар өнерін паш етті.

Шарада облыс әкімі Ералы Тоғжанов жиналғандарды мерекемен құттықтап, сын сағатта қиындыққа мойымаған аудан тұрғындарына алғысын білдірді.

Сіздерді береке мен бірліктің, мейірімділік пен татулықтың бастауы — Ұлыстың ұлы күнімен шын жүректен құттықтаймын! Өкінішке қарай, биыл жылдың басы аудан тұрғындары үшін сынақпен басталды. Дегенмен сіздер уақытша қиындықты ауызбіршілікпен еңсеріп, сабырлық таныта білдіңіздер. Барлық республика халқы көз тігіп, алаңдаушылық танытып отырған шақта сіздердің өзара татулық пен елжандылықтарыңыз жұртшылықты тәнті етті. «Саусақ бірікпей, ине ілікпейді» демекші, өңір-өңірден жерлестеріміз көмек қолын созып, мейірбандылығын білдіріп жатыр. Сондықтан бүгінгі мерекеде сіздерге қиын шақта бірге болып, түсіністік танытқандарыңыз үшін ризашылығымды білдіремін, — деді Ералы Тоғжанов.

Салтанатты шарада қобдалықтарға белгілі спортшы Шавкат Рахмонов та жылы лебізін жеткізді.

Баршаңызды келіп жеткен Наурыз мейрамымен құттықтаймын! Әр отбасына амандық, шаттық, бақыт тілеймін. Қандай жағдай болмасын, мен әрқашан сіздермен біргемін, — деді ол.

Аудан тұрғындары өздеріне ерекше қолдау білдірген спортшыға алғыстарын айтып, құрмет көрсетті.

Облыс әкімі бастаған топ наурызкөжеден дәм татып, аудан ақсақалдарының батасын алды. Сондай-ақ ұлттық ойындардан өткізілген жарыстар мен ауыл өнерпаздарының өнерін тамашалады.

— Мерекелік шарамызға облыс әкімі Ералы Лұқпанұлы өзі арнайы келіп қатысып отыр. Осы орайда облыс басшысына аудан тұрғындары атынан ризашылығымызды білдіреміз.

Салтанатты шараға аудандағы өнер ұжымдары, ауыл ақсақалдары, ақ жаулықты әжелеріміз бен аналарымыз, спортшыларымыз, ауыл тұрғындары қатысып жатыр. Төтенше жағдай кезінде аудан халқы бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, мерекеде көңілдерін көтеріп, ұлттық мейрамымызды дәріптеуде. «Батырлар мекені» атанған Қобда жері қашанда ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап келеді. Ауданымызда бұл тұрғыда биыл көптеген іс-шара ұйымдастырылды. Наурыз мейрамында барша облыс, аудан тұрғындарына ауызбіршілік, ынтымақ пен татулық тілеймін, — деді аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Арман Қабылов. 

Данагүл ҚАЗИХАН,

Ақтөбе-Қобда-Ақтөбе.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button