Басты жаңалықтарМереке

Наурыз тойы — берекенің бастауы

Ұлыстың ұлы күнінде қала тұрғындары мен қонақтары Тұңғыш Президент атындағы орталық саябаққа жиналып, Наурыз мейрамын тойлады. «Құс қанатындағы Наурыз!» атты мерекелік шараға облыс әкімі Ералы Тоғжанов, зиялы қауым өкілдері, ақсақалдар мен ақ жаулықты әжелер қатысты.

Бұл күні орталық саябаққа ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, алтыбақандар құрылды. Жергілікті қолөнер шеберлерінің бұйымдарынан көрме-жәрмеңкелер ұйымдастырылып, облыстағы шығармашылық ұжымдары үлкен сахнада театрландырылған көріністер қойып, қала тұрғындары мен қонақтарына концерттік бағдарлама ұсынды.

 

Жағалай тігілген киіз үйлерде наурызкөже мен ыстық бауырсақ үлестірілді. Жұртшылық әр киіз үйге кіріп, дәмнен ауыз тиіп жатты.

Шара барысында асық ату, гір тасын көтеру, күш сынасу және тағы басқа да ұлттық ойындардан жарыстар өткізілді.

Салтанатты шарада облыс әкімі Ералы Тоғжанов жиналғандарды Наурыз мейрамымен құттықтады.

Баршаңызды жаңару мен жасампаздықтың бастауы, ырыс пен берекенің арқауы  Ұлыстың ұлы күні — Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймын!

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Халқымыз әрдайым Наурыз мейрамын жақсылықтың жаршысына балаған. Қазақстан дамудың жаңа дәуіріне қадам басты. Түбегейлі өзгерістер қастерлі Отанымызды өркендетуге тың серпін береді деп сенемін» — деп, Қазақстан халқын Наурыз мерекесімен құттықтауында атап өткен болатын. Шындығында, Шығыс халықтарының жыл басы болып саналатын, Самарқанның көк тасы еритін бұл мезгіл еңбек пен іскерліктің, бірлік пен ынтымақтастықтың, бауырмалдық пен достықтың арқауын одан әрі бекіте түседі.

Өздеріңізге белгілі, өткен аптада елімізде Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихат сайлауы өтті. Бұл науқан — бүкіл реформаларымызды алға бастайтын  маңызды қадам. Бұл сайлау — ауқымды өзгерістердің лайықты жалғасы. Осылайша жаңа жылда мемлекетіміз жаңа саяси дәуірге қадам басып отыр. Осы орайда сайлауға белсенді қатысқан облыс тұрғындарына алғысымды айтамын.

Сондай-ақ биыл өңіріміздің бірқатар аймақтарында су тасқыны кезінде туындаған қиындықтарда бізбен бірге болған, көмектерін ұсынған, күн-түн демей, халыққа қолайлы жағдай туғызуға үлес қосқан облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлеріне, еріктілерге, белсенді азаматтарға алғысым шексіз. Мұның барлығы — халықтың арасындағы ынтымақ пен бірліктің, татулықтың айқын көрінісі.

Осындай қиындықтарға қарамастан, облыс халқы әз Наурызды көтеріңкі көңіл күймен, ерекше салтанатпен тойлап жатыр. Қашанда мәдени мұрамызды ұлықтап, ұлттық құн­ды­лығымызды ерекше қадірлейтін ақтөбеліктерді көктем мен жаңарудың мерекесі — Наурыз мейрамымен құттықтай отырып, баршаңыздың отбасыңызға амандық, береке-бірлік, еңбекте табыс тілеймін, — деген облыс басшысы жылдан-жылға өңірімізде барлық сала дамып, халықтың әл-ауқаты жақсарып келе жатқанын тілге тиек етті.
Өз сөзінде облыс әкімі халықтың табысын арттыру мақсатында өңірде «Ауыл аманаты» жобасы сәтті жүзеге асырылып, жоба аясында бүгінде 174 жоба мақұлданып, 416 жобаның құжаттары қаралып жатқанын жеткізді. Сондай-ақ былтыр облыста жастарды баспанамен қамту мақсатында «Ақтөбе жастары» бағдарламасы жүзеге асырылғанын, биыл осы жоба бойынша 42 жас баспаналы болғанын атап өтті.

Құттықтау сөзінен кейін облыс әкімі өңірдің дамуына сүбелі үлес қосқан, әр салада абыройлы еңбек етіп жүрген бір топ азаматқа «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін табыстады. Марапатталғандар қатарында ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Серікбай Рзабаев,Ғ.Жұбанова атындағы облыстық «Аққу» би ансамблінің көркемдік жетекшісі Гүлнәр Мәмбетова, өрт сөндіруші-құтқарушы Болат Есеновтер, т.б. бар.

Сондай-ақ Ералы Тоғжанов облысқа арнайы келген қазақстандық боксшы, бүгінге дейін ешбір қарсыласынан жеңілмеген файтер Шавкат Рахмоновқа құрмет көрсетіп, тұлпар мінгізді.

Мерекелік шарада облыс басшысы игі дәстүрді дәріптеп, саябақтың үлкен сахнасында Сұлтан есімді сәбидің тұсауын кесті. Одан кейін белгілі әнші Жанар Айжанова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші Марат Әйтімов бастаған өнерпаздар әннен шашу шашып, халықтың көңілін көтерді. Салтанатты шара соңы ән-күйге ұласты.

Қала тұрғыны Гүлім Айнабекова Наурыз мейрамында жаңа автокөлік сатып алғанын жеткізді. Ол жеңілдетілген автонесиеге қол жеткізіпті.

Тәуелсіз мемлекетіміздің қалыптасуымен бірге жаңғырған Наурыз мейрамы бүгінде көпұлтты Қазақстан халқы үшін сүйікті мерекеге айналды. Бұл мерекені жас та, кәрі де, барлық ұлт өкілі де ерекше дәріптеп, тойлайды. Сондықтан осы жерде өтетін мерекелік шараға жыл сайын келіп, қатысуды отбасымызбен игі дәстүрге айналдырдық. Бұл жерде наурызкөжеден дәм татып, ата-әжелердің ақ батасын аламыз.
Биылғы Наурыз мейрамында автосалондардың бірінен қолжетімді бағаға темір тұлпар сатып алдым. Қуанышымда шек жоқ. Берекенің бастауы саналатын Наурыз мейрамында барша жерлестеріме амандық, молшылық, бақыт, жаңа жетістіктер тілеймін, — дейді ол.

Айта кету керек, биыл облыста Наурыз мейрамына арналған шаралар 14 наурызда басталып, 22 наурызға дейін созылды. Осы аралықтағы әр күнге арнайы атау беріліп, тұрғындардың мерекеге барынша белсенді түрде қатысуына мүмкіндік жасалды. Мерекелік шараларға облыстағы барлық аудан, ауыл-аймақтар атсалысып, Ұлыстың ұлы күнін ерекше тойлады.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button