Басты жаңалықтарМереке

Ақтөбеде Наурыз мейрамы кең көлемде тойланды

Ұлыстың ұлы күні Ақтөбе қаласының бірнеше шағын ауданында Наурыз мейрамы тойланды. Қай жердегі мерекелік шараға да жұртшылық көп жиналды. Бәрінің көңілі көтеріңкі. Алаңдарға жиналған көпшілік Ұлыстың ұлы дәмі — Наурызкөжеден дәм татып, бір-біріне ақжарма тілектерін айтып, өнерпаздардың өнерін тамашалады.
“Қош келдің, әз Наурыз!”. Бұл күні облыс орталығындағы барлық жерде ұйымдастырылған шара осындай тақырыпта өтті.

Қобыланды батыр атындағы орталық стадионда 16 қанатты үш киіз үй тігілді. Бұл жердегі мерекелік шараның көрігін М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университеті, Ақтөбе жоғары политехникалық колледжі және №24 мектеп-гимназияның ұжымы қыздырды.
— Жастар тәрбиелеп жатқандықтан олардың бойына ұлттық құндылықтарды терең сіңіруге тырысамыз. Колледжде кең ауқымды шаралар жиі ұйымдастырылып тұрады. Мұндай басқосулардан ешбір топ тыс қалмайды.
Бүгін — Наурыз мейрамында орталық стадион алаңында 16 қанат киіз үй тігіп, ішін жасақтадық. Бауырсақ, наурызкөже, басқа да ұлттық тағамдар пісірдік. Қала халқына шат көңіл сыйлау мақсатында мерекелік бағдарлама да әзірленді. Айта кету керек, бұл шараға білім саласының 11 ардагерін құрметті қонақ ретінде шақырдық. Олардың арасында біздің колледждің ардагерлері де бар, — дейді Ақтөбе жоғары политехникалық колледжі директоры Жеңіскүл Мұхамбетпайызова.
Шара барысында үлкен де кіші де наурызкөжеден дәм татты. Кішкентай балақайларға тәттілер тарту етілді. Спорттық ойындар ұйымдастырылды.
— Мерекелік шара жоғары деңгейде ұйымдастырылып жатыр. Ел-жұрттың көңілі шат. Бәрі мәз болып, қуанып жүр. Мен де мұнда екі немеремді алып келдім. Үлкен немерем Асылай Бауыржанқызы осы алаңда — Орталық стадиондағы мерекелік шарада өнер көрсетеді. Ол Ақтөбе қаласындағы №24 мектеп-гимназияда оқиды, — дейді қала тұрғыны Иса Шәмшиев.
Наурыз мейрамы Абай даңғылы алаңында да тойланды. Мұндағы мерекелік шараға облыстық білім басқармасы ұйытқы болды. Алаңда үш киіз үй тігіліп, ақ дастарқан жайылды.
Шарада білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұргүл Бертлеуова жиылған қауымды Наурыз мерекесімен құттықтап, іс-шараны ұйымдстыруда белсенділік танытқан бірнеше білім беру ұйымдарын Алғыс хатпен марапаттады. Мерекеге жиылған қауым мен қонақтар концерттік бағдарламаларды, театрландырылған көріністерді тамашалады. Қолөнер шеберлері бұйымдарының көрмесі ұйымдастырылды. Сонымен қатар тұрғындар алтыбақан теуіп, ұлттық, спорттық ойындарға белсене қатысты.
— Басты мақсат — халыққа көңіл күй сыйлау. Ұлттық өнерімізді, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеу, — дейді Нұргүл Бертілеуова.
Халық “Керуен” ойын-сауық-сауда орталығы мен “Қазақ халқына мың алғыс” стелласының алаңына да көп жиналды. Бұл жерлерде де ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, көпшілік наурызкөже мен бауырсақтан дәм татты. Мерекелік концертті тамашады.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button