Басты жаңалықтарМереке

Ақтөбенің наурызы

Ұлыстың ұлы күнін Есет батыр тұрғын алабының тұрғындары да ерекше атап өтті. Олар «Наурыз тойы — мереке, салт-дәстүрім – береке» атты концерттік бағдарлама ұсынып, мерекелік дастарханнан дәм татты. Көңілді кешті тамашалаған ақтөбеліктердің көңіл күй көтеріңкі болды.
Іс-шараға қала әкімі Мұрат Жөребеков қатысып, жұршылықты мерекемен құттықтады:
— Қадірлі жерлестер, қымбатты Есет батыр алабының тұрғындары!
Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамы құтты болсын! Наурыз жаңа жылдың бастауын, жаңа күннің келгенін білдіретін біздің түркі жұртына ортақ мереке.
Ұлыстың ұлы күнін бәріміз бірге атап өту – бірлігіміздің, елдігіміздің көрінісі.
Жылдан жылға қаламыз көркейіп, аумағы өсіп келеді. Есет батыр алабы бүгінде қалың ел қоныстанған үлкен ауданға айналды.
Облыс әкімінің тапсырмасымен осы Есет батыр ауылын абаттандыру, дамыту жобасын жүзеге асыратын боламыз.
Биыл бірнеше тұрғын үй пайдалануға беріледі.

Мектеп, балабақша және басқа да әлеуметтік нысандар салынатын болады.
Қадірлі ағайын! Жыл басы — наурыз құтты болсын! Ел іргесі берік, бірлігіміз бекем болсын! Әр шаңыраққа бақыт, зор табыстар тілеймін, — деді қала әкімі Мұрат Жөребеков.
Бұдан соң қала әкімі су тасқыны кезінде уақытпен санаспай еңбек еткендерді, қарапайым еңбек адамдарын марапаттады.
Алматы ауданы әкімінің орынбасары Ғалым Қобыландиннің айтуынша, Есет батыр тұрғын алабы, Қызылжар, Қарғалы аудандарының тұрғындары үшін он екі киіз үй тігіліп, қазан-қазан Наурыз көже дайындалды.

Оған кәсіпкерлер, мектеп ұжымдары, Алматы ауданының әкімдігі атсалысты. Сонымен бірге қазақша күрес, қой көтеру сияқты спорт түрлерінен жарыс болды. Жастар алтыбақан теуіп, көпшілік сахна алдында концерттік бағдарламаны тамашалады.

Қолөнер бұйымдарының көрмесі қойылып, әр киіз үйде ұлттық дастарқан жайылды.
Қазақ күресінен аға жаттықтырушы Мейрамбек Әбішевтің айтуынша, ұлттық спорт түрлерінен сайысқа қатысуға ниет білдіргендер көп болыпты. Қол күресі, қазақ күресі, ләңгі және басқа да спорттан сынға түскендер бағы мен бабын көрсетті. Солардың арасында «Ақтөбе Медиа» ЖШС қызметкері Ерген Алдонғаров та бар. Ол ләңгі тебу сайысынан 1 орынды иеленіп, Алғыс хатпен марапатталды.
Қала тұрғындары ұлттық тағамдарымыздан дәм татып, жылы лебіздерін білдірді.
— Мен Наурыз мерекесіне орай 60 келі көже, 50 келі бауырсақ даярладым. Жылдағы дәстүр бойынша сүрленген ет, қазы-қарта, айран, мейіз және басқа да тағамдарды қосып, ұлттық тағамдарымызды дәмді етіп әзірлеуге тырыстым. Халықтың көтеріңкі көңіл-күйін көрудің өзі бір бақыт. Еліміздің аспаны ашық болып, Қазақстанымыз гүлдене берсін дегім келеді, — дейді «Жұлдыз» балабақшасының аспазы Жанар Орынбаева.
Наурыз думанды тойлауға келгендердің қарасы көп болды. Көпшіліктің мерекелік тілегін сұраған едік.
— Жыл сайын Наурызды немерелеріммен бірге қарсы аламын. Олар бала кезінен ұлттық құндылықтарды бойына сіңіріп, халқына сыйлы азамат болып өссе екен деймін. Еліміздің еңсесі биік болып, мәртебесі арта берсін. Наурыз құтты болсын! — дейді қала тұрғыны Мәрзия Жәнібекова.
Наурыз мейрамы қаламыздағы бірнеше жерде тойланды. Абай даңғылының бойында орналасқан Абай ескерткішінің маңында мерекелік іс-шара ұйымдастырылды.

— Осы шараға жеті мекеме жауапты болып бекітілген еді. Наурыздың өтуіне облыстық білім басқармасы қолдау көрсетті. Қаламыздағы мектептер мен арнаулы оқу орындарының білім алушыларынан жасақталған топ әсем әннен шашу шашты. Мектеп жанынан құрылған «Жан жылуы» еріктілер тобы күн мен түннің теңесуі секілді ерекше сахналанған көрініс көрсетті. Одан бөлек ұлттық бұйымдарымыздан көрме жасақталды. Бұл біздің ортақ мерекеміз. Ұлық мерекенің кең көлемде атап өтуге барынша үлес қостық, – дейді №30 қазақ орта мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Мирагүл Мұқатова.
Наурыз мерекесіне орай Ақтөбе сервис колледжі ұлттық киімдерден көрме ұйымдастырып, 1000 келіден астам ыстық көже таратты.
— Осы шараға студенттеріміздің қолынан шыққан киімдерді әкеліп отырмыз. «Дизайн» мамандығының студенттері бұл киімдерді дипломдық жобасына ұсынып сәтті қорғап шықты. Қала тұрғындары қыздарымыздың тіккен бұйымдарына қызығушылық танытып, тапсырыс беріп жатыр. Колледж ұжымы студенттердің жұмыспен қамтылуына барлық мүмкіндікті жасап отыр. Наурыз барша халықтың ынтымағын нығайтатын, береке-бірліктің, татулықтың мерекесі. Жерлестерімді айтулы күнмен құттықтай отырып, тек жақсылық тілеймін, — дейді Ақтөбе сервис колледжі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Аманша Өмірзақова.
Қалалық мәдениет үйінің алаңында да Наурыз ерекше тойланды. Алаңға келген әрбір тұрғын бауырсақ пен наурыз көжеден дәм татты. Киіз үй тігіліп, ұлттық спорттан жарыс ұйымдастырылды. Мәдениет үйінің өнерпаздары көрініс қойып, ән шырқап, би биледі. Халық ұлттық тағамдардан дәм татып, дәстүрлі әнді тыңдады. Қазақтың қолөнер бұйымдарымен танысты.
— Наурыз мейрамының жоғары деңгейде өтуіне «Максимус» және «Анвар» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қолдау көрсетті. Олар екі киіз үй құрып, қала тұрғындарына дастархан жайды. «Champion» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ыстық шәй, бауырсақ таратты. Одан бөлек №36 қазақ орта мектебі мен №16 мектептің ұжымы гір көтеру, тоғызқұмалақ, қол күресі, аударыспақ және басқа да ұлттық спорт түрлерінен сынға түсті, — дейді қалалық мәдениет үйінің директоры Мұратбек Дәрібаев.

Ақмарал МҰҚАШЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button