Басты жаңалықтарМереке

Құтты мекен – Ақтөбе жұртшылығы Ұлыс күнін тойлады

Бүгін Ақтөбеде Ұлыстың ұлы күні – әз-Наурыз мейрамына арналған «Құс қанатындағы Наурыз!» атты мерекелік іс-шара өтті. 

Орталық мәдениет және демалыс саябағында ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, алтыбақан құрылды. Қолөнер бұйымдарынан көрме-жәрмеңке, театрландырылған көрініс пен өнер жұлдыздарының концерті өтті. Қала тұрғындары мен қонақтары «қой мен гір тасын көтеру», «асық ату», «қол күшін сынасу» сияқты спорттық ойындарынан бақ сынасты. Ақжаулықты әжелер Наурыз көжені жасау жолдарын жастарға түсіндіріп, шапан жамылған ақсақалдар елдің өркендеп, дамуына тілектестігін білдіріп, ақ баталарын берді.

Көпшілікті Наурыз мейрамымен Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов құттықтап, соңғы кездері елде орын алған елеулі өзгерістерге тоқталды. Мемлекетіміз жаңа саяси дәуірге қадам басқан.

💬 «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқын Наурыз мейрамымен құттықтады. Президент Қазақстан дамудың жаңа дәуіріне қадам басқанын, түбегейлі өзгерістер қастерлі Отанымызды өркендетуге тың серпін береді деп сенетіндігін айтып өтті. Кеше ғана өткен Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауы – бүкіл реформаларымызды алға бастайтын өте маңызды қадам. Бұл сайлау – ауқымды өзгерістердің лайықты жалғасы.  Осылайша, мемлекетіміз жаңа саяси дәуірге қадам басты», – деп атап өтті облыс әкімі.

Сонымен қатар, өңір басшысы облысымыздың кейбір аймақтарында су тасқыны кезінде туындаған қиындықтарда бізбен бірге болған, көмектерін ұсынған, күн-түн демей халыққа қолайлы жағдай туғызуға үлестерін қосқан төтенше жағдай департаментінің қызметкерлеріне, еріктілерге, қарапайым белсенді азаматтарға алғысын айтты. Бұның барлығы –  халықтың арасындағы ынтымақ пен бірліктің, татулықтың көрінісі.

💬 «Әрбір жаңа істің бастамасы болған Наурыз мейрамы қазақстандық қоғамның қазіргі өміріне үйлесімді еніп, саяси тұрақтылықты, достық пен келісімді нығайтуда үлкен рөл атқаруда. Халқымыздың ежелден жыл санау дәстүрі бойынша биыл – қоян жылы. Қоян — тату жануар. Ол ымыраға келуді, бейбітшілікті сүйеді. Ол – қамқорлық пен кеңпейілділіктің нышаны. Сондықтан қоян жылы бірлігіміз бен тірлігіміз үйлесім тауып, жарасымды өмірімізге арқау болады деп сенемін» – деген  Ералы Тоғжанов жылдан-жылға облысымыз гүлденіп, экономикамыз өсіп, халықтың әл-ауқаты жақсарып келе жатқанын сөз етті.

Бұл тұрғыда былтыр елімізде алғаш болып Ақтөбе облысында басталған «Ауыл аманаты» жобасы ауыл халқының табысын арттыруға септігін тигізеді. Жоба аясында несие беру бағыты бойынша бүгінгі күннің өзінде 174 жоба мақұлданып, 416 жобаның құжаттары қаралуда. Сонымен бірге, Ақтөбе облысы Қазақстанда алғаш болып, қаржылық несиемен қатар 6 мың бас малды тауарлық несие ретінде беруде.

Бүгінгі салтанатты шара барысында Ералы Тоғжанов «Ақтөбе облысына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен 6 ақтөбелікті марапаттады. Олардың қатарында, Мұғалжар жылқысын сақтап қалуға үлес қосқан Серікбай Рзабаев, Ғ.Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық «Аққу» би ансамблінің көркемдік жетекшісі Гүлнар Мамбетова, өрт сөндіруші-құтқарушы Болат Есенов және тағы басқалары бар.

Сондай-ақ, өңір басшысы «Ақтөбе жастары» тұрғын үй бағдарламасы аясында жас отбасыларға салтанат ты түрде сертификаттар табыстап, жас сәбидің тұсауын кесті.

«Құс қанатындағы Наурыз!» атты мерекелік шара соңы елімізге танымал өнер жұлдыздарының концерттік бағдарламасына ұласты.

Н.ДАБЫЛ. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button