Орта Азияға ортақ мейрам

Наурыз мейрамы — Орта Азия мемлекеттері мен түркі халықтары үшін жыл басы болып есептеледі. Көктемнің жылы шуағымен жер бетіне құт-береке алып келетін әз Наурызды әр халық өзінше ерекше тойлайды. Олардың мереке қарсаңындағы салт-дәстүрі, наным-сенімі, ойнатылатын ұлттық ойындары, ақ дастарқанға қойылатын тағамдары жайында әртүрлі ұлт өкілдері айтып берді.
Әзірбайжандағы Наурыз
Ахмад Хасановтың Түркияның Кайсери қаласында тұрып келе жатқанына биыл 5 жылдан асқан. Әзірбайжан жігіт Кайсеридегі жоғары оқу орнының бірінде жалпы түркітілдес халықтардың тарихы мамандығының докторантурасында білім алады. Бізге әзірбайжан халқының Наурыз мерекесін қалай тойлайтынын, оның маңызын тарихты ақтарып, баяндап берді.
— Әзірбайжанда Кеңес Одағына дейін бұл мереке жоғары деңгейде тойланған. Кеңестер Одағы құрылғаннан 1928 жылға дейін де Наурыздың тойлануына ешқандай кедергі болмаған. Бірақ 1928 жылдан бастап Наурыз мейрамы мемлекеттік мейрамдар арасынан шығарылыпты. 1937-1967 жылдарда тіпті бұл мерекенің тойлануына тыйым салынған. Осы жылдарда Әзірбайжан мен Өзбекстан мемлекеттері мерекені күнтізбеге қайта енгізу үшін бұл мәселені биліктің алдына көлденең қояды. 1967 жылдан бастап Әзірбайжан астанасы Бакуде алғаш рет Наурыз «Жазғы мейрам» атауымен тойланған. Бұл кезеңде Иран билігі де түркітілдес халықтардың ортақ мерекесін тойлау керектігі жайында сөз қозғайды.
Әзірбайжан 1991 жылы 30 тамыз күні өз тәуелсіздігін жариялады. Жылдар өте келе Наурыз мерекесіне «мемлекеттік мейрам» мәртебесі қайтарылды. 2000 жылдардың басынан бастап Наурыз мейрамына байланысты елімізде 10 күндік демалыс жарияланады, — дейді Ахмад Хасанов.
Оның айтуынша, қазір әзірбайжан халқы Наурызды басқа мейрамдарға қарағанда ерекше тойлайды.
— Наурыз мейрамының келуіне бір ай қалғанда әр сәрсенбі күндері табиғаттың оянуы себебіне байланысты құттықтау басталады. Бірінші апта — Су, екінші апта — От, Үшінші апта — Ауа және де соңғы апта Топырақтың оянуы деп есептеліп, мереке ретінде аталып өтіледі. Бұл бауырлас Ұлы дала елінің — қазақтардың «Көрісу» мейрамына сәйкес келеді. Үстелге жеті түрлі ұлттық тәтті тағамдар қойылады, — дейді ол.
Ахмад Хасанов түріктер Наурыз мерекесін тойламайтынын айтады.
— Қанша жылдан бері тұрып келе жатырмын, бұл елде Наурыздың иісі де сезілмейді. Оның орнына түріктер Рамазан мен Құрбан айт мерекесін дүркіретіп атап өтеді. Анкарада оқып жүрген кезімде мейрамды «Түрксой» ұйымы өткізетін. Кейінгі жылдары пандемияға байланысты ол да тоқтап қалды. Аталған ұйым Наурыз мейрамын соңғы рет 2019 жылы атап өткені есімде. Ал биыл әзірше «тойланады» деген хабарламалар көрмедім, — дейді әзірбайжандық жігіт.
Тәжіктердің сенімі
Тәжікстан халқы бұл күні бір-біріне ерекше ықыласпен сәлемдескеннен кейін «Наврузотан пируз бод!», «Навруз муборак бод!» (Наурыз құтты болсын, Мүбарак болсын, бақ әкелсін) деп құттықтайды. Мереке алдында ренжіскен тума-туыс ағайындары, достары болса, кешірім сұрасып, татуласып, қарызы болса өтеп, Жаңа жылға «тазарып» қадам басады екен.
Рустам Хамидов тәжік халқы күнәлардан арылу үшін Наурыздың алдындағы түнде бір-біріне су шашып, ағыны судан секіретінін айтады.
— Біздің елде Наурыз ұлттық мерекелердің қатарына жатады. Оны барша жұрт болып дүркіретіп тойлауға тырысамыз. Кішкентайымыздан бізге бұл күні үлкендер жағы әдет-ғұрып, салт-дәстүрді, ұлттық ойындарымызды көрсетіп, санамызға сіңіреді. Мектепте оқып жүрген кезімізде мерекені тойлап, дастарқан жасайтынбыз. Сол кезде әр бала «С» мен «Ш» әрпінен басталатын жеті түрлі тағамдар алып келу керек. Мысалы, «Себ» — алма, «Ширине» — тәттілер, тағы басқа тағамдар алып келетін едік. Мектептерде ол дәстүр әлі күнге дейін сақталған, — дейді Рустам Хамидов.
Оның айтуынша, мерекелік үстелде қант пен ұн қосылған, бидай дәндерінен қайнатылған ұлттық тағам — сүмәләк тұруы керек. Отбасы мүшелерінің санына сәйкес үстелге айна мен шам қойылады. Бұл шамдарды соңына дейін жанып болғанша сөндіруге болмайды. Мереке күні міндетті түрде күрес ұйымдастырылады екен. Жүлдеге неше түрлі қымбат сыйлықтар тігіледі.
Тәжікстанда Наурыз ертеректе 13 күн бойы тойланатын болған. Ал қазір ресми түрде 21-24 наурыз аралығында атап өтіледі.
Бізді біріктіретін мереке
Қадырбек Рахимов Өзбекстанда Наурыз қалай тойланатыны жайында айтып берді. Мереке өзбек елінде наурыздың 21-ші күнінен бастап тойланады екен. Қазақтардың басты тағамы ретінде наурызкөже дайындалса, өзбек халқында сүмәләк деген тағам әзірленеді. Қадырбектің айтуынша, өзбектер бұл тағамды мереке қарсаңында дайындай бастайды. Үлкен отбасының барлық мүшесі немесе көшенің барлық әйелдері үлкен қазан басына жиналып, түні бойы тағамды отқа күйіп қалмас үшін кезек-кезек араластырып тұрады.
— Мереке қарсаңында үйдің ауласы, көшелер ретке келтіріліп, гүлдер мен ағаштар отырғызылады, қасиетті ғибадат орындары абаттандырылады. Наурызда адамдар бір-біріне қонаққа барып, қарттардан, көршілер мен туыстардан хабар алып, сыйлық беру кең таралған. Бұл күндері жасаған қайырымдылық пен сыйлаған сыйлықтар берушіге үш есе болып қайтады деген ұғым бар.
Наурызда мерекелік дастарқанға барлық отбасы мүшесі жиналады. Үстелде міндетті түрде жаңару мен жаңа өмірді бейнелейтін тағам қойылуы керек: бидай дәндері, аскөк пен көкөністер қосылған тамақтар. Сонымен қатар палау, сорпа, ет, бадам, жаңғақтар мен тәттілер ұсынылады. Дастарқанның басты тағамы — май мен ұн қосылған, бидай дәндерінен әзірленген сүмәләк болып қала береді. Бұл ертеден келе жатқан пайдалы көктемгі ас, оның шығу тегі туралы көптеген аңыздар да бар, — дейді ол.
Ұлттық ойындарға келсек, мерекеде күрес, көкпар, арқан тарту, ат жарысы, садақ ату сияқты ұлттық спорттық ойындар ұйымдастырылады. Мерекені тамашалауға келген халықтың арасында да ойынға қатысып, барлық жұрт ерекше көтеріңкі көңіл күйде жүреді. Бұл ойындар ежелден жас ұрпақтың денесін шынықтырып, ар-намыс, адалдық, батылдық, Отанды сүю сияқты асыл қасиеттерді қалыптастыру үшін маңызды болған.
Қадырбектің айтуынша, Өзбекстанда от жағу дәстүрі бүгінгі күнге дейін сақталған. Дәстүр бойынша адамдар күнәсінен тазару үшін оттан жеті рет секіруге тиіс.
Ортақ мейрам
Татар халқы да жаңа жылды наурыз айында, көктемгі күн мен түннің теңелуін тойлайды. Бұл күні балалар көрші үйлерге барып, мерекелік «Наурыз такмаклары» әнін шырқап, сыйлықтар мен тәттілер жинап, үй иелеріне сәтті жыл тілейді. Зина Сарманованың әжесі кішкентай кезінде өлең үйретіп, сол кезде жаттағаны әлі күнге дейін есінде қалғанын айтады:
— Ач ишегең, керәбез,
Нәүрүз әйтә, киләбез,
Хәер-дога кылабыз,
Аш-сый көтеп торабыз.
Нәүрүз мөбарәк булсын! — деп айтатынбыз. Сол кездің өзінде Наурызды асыға күтетін едік. Сондағы бар ойымыз — тәттілер жинау. Қазіргі кезде де татар халқы бұл мейрамды ерекше атап өтеді. Ұлттық тағамдар қойылып, түрлі ойындар ойнатылады. Мерекенің алдында барлық адам үйлерін жинап, жаңа киім сатып алуды жөн көреді. Түркі халықтарында кең таралған жанып тұрған оттан аттау дәстүрі татар халқында да танымал. Бір оттан жеті рет немесе жеті түрлі оттан бір реттен секіріп шықса, барлық жамандық атаулыдан таза боламыз деген сенім бар, — дейді Зина.
Оның айтуынша, Наурыз мейрамы Қазан қаласында жыл сайын аталып өтіледі. Оған түрлі ұлт өкілдері қатысады. Аспаздар палау мен кәуаптар дайындап, халыққа ұсынады. Әрі бұл мерекелік концертте әр халықтың ұлттық тағамдарын да кездестіресіз. Бір жақта ұлттық ойындар ойнатылып жатса, екінші бір жақта халық билері мен әндері шырқалып жатады.
Карнайдың даусымен басталады
Қырғыз халқында да Наурыз мейрамы ерекше тойланады. Жоғарыда айтылған ұлттардың сенімі секілді қырғыздар да мереке алдында үйін, ауласын тазалап, адамдар жаңа киім тігіп немесе сатып алып жатады. Ренжіткен адамдарынан кешірім сұрап, қарыздарын қайтарып беруге тырысады. Қырғыз жігіті Денис Амандыкуулы Қырғызстанда Наурыз мейрамы карнай деп аталатын ұлттық аспаптың даусымен басталатынын айтады.
— Наурыз мейрамында қар жауса, онда бұл жақсылыққа бағаланады. Мереке алдындағы түнде әртүрлі ыдыстар бұлақтың суымен, сүтпен және дәндермен толтырылады. Осылайша жұрт келесі жылы жаңбыр көп жауады және жақсы өнім аламыз деп сенеді. Боз үй (киіз үй) тігіліп, ішіне ақ дастарқан жайылады. Әйел адамдар үлкен қазанда сүмәләк пісіреді. Оны біз жылына тек бір рет қана дайындаймыз. Оның бір себебі ол ас күні-түні дайындалады. Барлық адам кезек-кезек араластырып отырады. Ұзақ дайындалатындықтан адамдар қазан басында ән айтып, би билеп, бір-бірінің көңілін көтеріп жүреді.
Мейрам күні ат жарыс, көкпар ұйымдастырылады, — дейді қырғыз жігіт.
Насиба ЗАРЛЫҚОВА.



