Басты жаңалықтар

ТЖ министрі: Ақтөбе облысында жағдайдың ушығуы байқалмайды

ҚР Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин мен Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов Қобда ауданына жұмыс сапары барысында су тасқынынан зардап шеккен тұрғындармен кездесті.

Ералы Тоғжанов ауданда шығын көлемін анықтайтын комиссия жұмыс істеп жатқанын, зардап шеккендердің барлығы өтемақы алатынын айтты. Үйлерді жөндеуге немесе толық қалпына келтіруге көмек көрсетіледі. Сондай-ақ, қазіргі уақытта Қобда ауылында зардап шеккендерге 24 жаңа үй салу туралы шешім қабылданды.

💬 «Барлық ауыл тұрғындарына төзімділік, батылдық, жағдайды дұрыс түсінгені үшін алғыс айтқым келеді. Ауылда бұрыннан тұрып келе жатқандар мұндай су тасқыны 1993 жылдан бері Қобдада болмағанын айтады. Біз мүмкіндігінше ауылды тез қалпына келтіру үшін бірге жұмыс жасаймыз. Барлық зардап шеккендерге көмек көрсетіледі», – деп атап өтті облыс әкімі.
ТЖ министрі аудан аумағында су деңгейінің төмендегенін хабарлады.

💬 «Жағдай – бақылауда. Жағдайдың ушығуы байқалмайды. Алдағы 10 күнде өңірдің солтүстік бөлігі қардан тазартылады. Су деңгейінің айтарлықтай қарқынды төмендеді. Облыс әкімдігінде залалды өтеу және қалпына келтіруге қаржы қаражаты жеткілікті, төтенше жағдайда пайдаланатын қор бар. Қажет болған жағдайда Үкімет қолдауға және қажет болса, қосымша қаржыны бөлуге дайын. Ел тарихында сіздер секілді қиыншылыққа тап болған адамдарды назардан тыс қалдыру болған емес. Мәселе – тек Үкіметтің ғана емес, мемлекет басшысының да бақылауында», – деп атап өтті Юрий Ильин.
Қобдалықтар барлық қажетті көмек көрсетіліп жатқанын алға тартты.

💬 «Қолдағандарыңызға рахмет, қазір біз үшін бұл өте маңызды. Тіпті осы кездесудің өзі – үлкен моральдық және психологиялық қолдау. Бәрін тезірек қалпына келтіріп, қарапайым өмірге оралу үшін адамдардың рухы, көңіл-күйлері көтерілді», – деп бөлісті Назифа Алдрабекова.

Сондай-ақ, министр мен облыс әкімі эвакуациялық пунктте болды, онда 39 адам орналастырылған.
Жалпы, Қобда ауылындағы су тасқыны кезінде 79 үй, 22 аула аумағы еріген қар суы астында қалды.

Бағалау комиссиясының мәліметінше, үш үйді қалпына келтіру мүмкін емес. 17 үй суда тұр.

А.МӘЛІКҚЫЗЫ. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button