Басты жаңалықтар

Ақтөбеде ұлы Есет батыр Көтібарұлының еңселі ескерткіші ашылды

Ақтөбеде тарихи тұлға, ХІХ ғасырдың 40-50 жылдарындағы ұлт-азаттық қозғалысының қолбасшысы, батыр Есет Көтібарұлының ескерткіші ашылды.
Шараға облыс әкімі Ералы Тоғжанов, батырдың ұрпақтары, қоғам қайраткерлері және зиялы қауым өкілдері, еліміздің өзге өңірлерінен келген қонақтар қатысты.

💬«Ел мен жердің тұтастығы, халқымыздың сындарлы кезеңдерден есендікте өтіп, төл тарихын қалыптастыра білуі – ел қамында болған тарихи тұлғалардың арқасы. Осындай ел басына күн туған кезеңде халқымыздың бағына біткен, қол бастаған батырлары аз болмаған. Олардың қатарында Ақтөбе өңірінен шыққан Бөкенбай Қараұлы, Есет Көкіұлы, Сәңкібай батыр, Тілеу Айтұлы, Көтібар батыр секілді ержүрек бабаларымыздың аты белгілі. Солардың бірі әрі бірегейі – батыр бабамыз Есет Көтібарұлы. Есет батыр – қазақ тарихында ерекше өз орны бар, бүкіл өмірін халқының азаттығына арнаған, өмірлік ерлік жолы қазақ тарихына алтын әріппен жазылған тұлға. Жастар, өскелең ұрпақ өздерінің ұлы ата-бабалары, олардың батырлығы мен ерліктерін білуі керек. Осылайша біз жас қазақстандықтарды патриоттық рухта тәрбиелеп, ұлттық сана-сезімін қалыптастыра аламыз», – деп атап өтті Ералы Тоғжанов ескерткіштің ашылуында.

Ерлік істерге ұйытқы болған Есет Көтібарұлы отаршылдыққа қарсы көтерілістің жетекшісі, қазақтардың ұлт-азаттық қозғалысының жетекшісі болған, оңтүстікте Қоқан, Хиуа хандықтарының басқыншылығына тойтарыс берген.

💬 «Бүгінгі таңда Есет батырға ескерткіш орнатудың маңызы зор екенін әрқайсысымыз түсінеміз. Оның өмір жолы бүкіл халық үшін батылдық пен табандылықтың үлгісі бола алады. Мен облыс әкімі Ералы Тоғжановқа, осы игі іске қатысқандардың барлығына, сондай-ақ Ақтөбе халқына жас ұрпақтың санасында ата-бабаларымыздың мәңгілік мұрасын ұмытпағандарыңыз үшін алғыс айтамын», – деп атап өтті құттықтау сөзінде журналист, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Сауытбек Әбдірахманов.

«Есет Көтібарұлы ат үстінде» мүсін композициясы К.Нокин даңғылы мен Д.Қонаев көшесінің қиылысына орналасқан. Ескерткішті атақты ақтөбелік мүсінші Жеңіс Жұбанқосов Е.Көтібарұлы атындағы қоғамдық қордың қатысуымен жасаған.

💬 «Мен үшін бұл өте қуанышты жағдай. Халқымыздың өмірін сақтауға, Тәуелсіздік туралы ғасырлар бойғы арманына қол жеткізуге арнаған батыр бүгінде егемен Қазақстанда өзінің заңды тарихи орнын алады», – деп атап өтті іс-шара қонақтарының бірі, профессор Серік Ақшолақов.

Сондай-ақ, бүгін Ақтөбеде «Есет Қотібарұлының басшылығымен ұлт-азаттық көтеріліс: алғышарттары, нәтижесі, тағылымы» тақырыбында республикалық ғылыми-теориялық конференция өтті. Конференция жұмысына республиканың белгілі тарихшылары мен ғалымдары қатысты.

Н.АРМАНҚЫЗЫ. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button