Жаңалықтар

Екі ауданның ахуалы: 304 адам эвакуацияланды. 453 бала онлайн оқып жатыр

Баспасөз конференциясы

Кеше су басу қаупінің алдын алу мақсатында Ойыл ауданындағы Екпетал ауылының 105 тұрғыны аудан орталығына уақытша эвакуацияланды. Олар мектеп жанындағы интернатқа орналастырылды. Қазір Ойыл мен Қобда ауданында жалпы 304 адам эвакуацияланған. 

Қос аудандағы 453 бала онлайн режимінде оқып жатыр. Бұл туралы «Ағымдағы су тасқыны жағдайы» тақырыбында облыстық әкімдікте өткен баспасөз конференциясында айтылды.

Шарағаоблыстық төтеншежағдайлар департаменті бастығының орынбасары Саид Молдақараев,  облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұргүл Бертілеуова қатысты. Сондай-ақ жиынға Ойыл ауданының әкімі Асқар Қазыбаев пен Қобда ауданының әкімі Болат Құлов онлайн режимінде қатысып, қос аудандағы ахуалды баяндады.

Саид Молдақараевтың айтуынша, су тасқыны кезеңі басталғаннан бері Ақтөбе қаласындағы 23 учаскеде және облыстың аудандарында тұрғындардан жалпы саны 2029 өтінім қабылданып, тиісті шаралар қолданылған.

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті мен жергілікті атқарушы органдардың өкілдері бірлесіп,көшелерден, автожолдардан және аула аумақтарынан еріген қар суын айдау және бұру жұмыстарын жүргізіп жатыр.Жалпы бұл мақсаттағы жұмыстарға 767 адам тартылып отыр. Сондай-ақ 457 техника, 143 су айдау,400 жүзу  құралы жұмылдырылды. Қазір Ойыл мен Қобда аудандарынан жалпы 304 адам эвакуацияланды, — деді Саид Молдақараев.

Оның айтуынша, бүгінде облыс бойынша барлығы 361 мың текше метрден астам су айдалған. Тазартылған арық ұзындығы — 26,1 шақырым. 10 502,3 текше метр инертті материал әкелініп, 15 690 дана қапшық құм төселген (Байғанин, Қобда, Ырғыз, Мәртөк, Мұғалжар, Ойыл, Темір және Шалқар аудандарында). Сондай-ақ Мәртөк ауылында ұзындығы 175 метр уақытша бөгет салынып, Қобда мен Мәртөкте ұзындығы 500 метр жағалауды нығайту жұмыстары жүргізіліпті. Облыс бойынша елді мекендерден 524,9 мың текше метрден астам қар шығарылған. Сонымен қатар Ақтөбе қаласындағы Сая тұрғын үй алабындасу бұру каналы қазылды.

Ойыл:

Су басу қаупі бар екі ауыл — жіті бақылауда

Ойыл ауданының әкімі Асқар Қазыбаевтың айтуынша, тасыған  Ойыл өзенінің суы  ауданның  Қайыңды, Саралжын, Ойыл ауылдық округтерінен өтіп, Ойыл селосы аумағына кірген.

Биыл бұрынғы жылдармен салыстырғанда су деңгейі жоғары, ағыс жылдамдығы қатты болып тұр. Сол себепті өзен арнасынан асып, жайылымдықтарға жайылып, кеңеюде.Соның салдарынан Ойыл-Қаратал автокөлік жолының 3-шақырымын су шайып, жол қозғалысына қиындық тудырды. Сондықтан жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бұл бағыттағы автокөлік қатынасы тоқтатылды.Көптоғай селолық округінде Қарасу ауылымен қатынас жоқ. Өйткені бұл ауыл Ойыл өзенінің арғы бетінде орналасқан. Басқа ауылдар мен аудан орталығы арасында байланыс бар. Су тасқыны кезінде Қайыңды ауылындағы бағаналарға сең соққандықтан электр қуатын уақытша ажыраттық. Қазір Ойыл ауданындағы барлық елді мекенде жарық бар, — деді Асқар Қазыбаев.

Ойылда су басу қаупі бар 2 елді мекен бар. Олар — Екпетал, Қаратал.

Екпеталға су кірген жоқ. Дегенмен сақтық шарасы күшейтілді. Адам өмірі қымбат.  Сол себепті бүгін су басу қаупінің алдын алу мақсатында Екпетал елді мекенінің105 тұрғыны Ойылға уақытша эвакуацияланды. Олар мектеп жанындағы интернатқа орналастырылды. Тұрғындар малы қауіпсіз аймаққа шығарылды.

Осы кезге дейін аталған елді мекен айналасындағы дамбыға нығайту жұмыстары  толық жүргізіліп, Жаңабаз-Екпетал аралығындағы ұзындығы 1,5 шақырым автокөлік жол жиегіне инертті материалдармен қапшықтар қойылып, биіктетілді.

Екпеталға су кіру қаупі сейітілді.Қазір Екпетал ауылында ауыр техника, 4 МТЗ тракторы қосымша жұмыстар жүргізіп жатыр.

Екінші су басу қаупі бар елді мекен —  Қаратал ауылы. Мұнда 1173 адам тұрады. Ойыл өзені бұл ауылдан 800 метр қашықтықта орналасқан. Судың бағытын өзгертіп жатырмыз. Ауылдың су басу қаупі бар батыс жақ беткейіне ұзындығы — 1 метр, биіктігі 1,5 метр болатын уақытша бөгет салынды. Сондай-ақ қауіпті аймақтарда қосымша көтеру жұмыстары жүргізілді. Мұнда 2 ауыр техника, 4 МТЗ тракторы қосымша жұмыстар жүргізуде.

Аудан бойынша техника да, жанармай қоры да жеткілікті, — деді аудан әкімі. Оның айтуынша, бүгінде Ойылда жағдай қалыпты, тұрғындаркөктемгі су тасқынынан зардап шеккен жоқ. Мал шығыны да тіркелмеген.

Қобда:

Су деңгейі түсіп келеді

Қобда ауданының әкімі Болат Құловтың айтуынша, аталған ауданда су деңгейі түсіп келеді.

Қобда ауылының батысына, нақтырақ айтқанда, Құрман көшесіне су келді. Қазір бұл көшедегі үйлерде тұратын адамдар эвакуацияланды. Олар аудандық аурухана маңындағы бос тұрған ғимаратқа орналастырылды. 40 орын дайындаған болатынбыз, онда қазір 27 адам тұрып жатыр.

Қобданың батыс бөлігіндегі кейбір үйлерге залал келтірілді. Олардың арасында құрылысы 60-жылдары салынған үйлер де бар. Жалпы 51 үй суға кетті.  Аудандық әкімдіктің ғимаратында комиссия жұмыс жасап жатыр. Бағалаушы компания өкілдері үйлердің техникалық жағдайын тексеріп, келтірілген шығынды есептейді, —  деді Болат Құлов.

Онлайн оқуға еш кедергі жоқ

Облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұргүл Бертілеуованың айтуынша, облыс бойынша Ойыл мен Қобда аудандарындағы үш мектептің балалары онлайн режимінде сабақ оқып жатыр.

14 наурыздан бастап Қобда ауылындағы екі білім шаңырағының — Исатай Тайманов атындағы Қобда гимназиясы мен Егіндібұлақ ауылындағы мектептің оқушылары онлайн режимінде білім алуға көшті. Ауылдан ауданға жету мүмкіндігі болмағандықтан Ропповка ауылындағы 5 бала Қобда ауылындағы Қобыланды батыр атындағы мектеп-интернатта жатып оқиды.

Жалпы Қобда ауданы бойынша 392 бала онлайн білім алуда. Олардың онлайн режимінде оқуына еш кедергі жоқ. Қажетті техникалық құрал-жабдықтармен қамтылған, — деді Нұргүл Бертілеуова.

Оның айтуынша, Ойыл ауданындағы Екпетал ауылының 61 оқушысыШәрбану Бекмұхамбетова атындағы Ойыл гимназиясының жанындағы интернатқа орналастырылған.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button