Спорт

Үздіктер анықталды

Наурыз мейрамы қарсаңында спорт саласының үздіктері анықталған «Жаңа белес» атты салтанатты жиын өтті.

Іс-шараға облыс әкімі Ералы Тоғжанов, өңірдегі спорт мекемелерінің жетекшілері мен өкілдері, спорт ардагерлері, спортшылар және басқа да сала мамандары қатысты.

Салауатты өмір салтын насихаттау, өскелең ұрпақты спортпен белсенді шұғылдануға тарту — бүгінгі күннің негізгі міндеттерінің бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев балалар спортына, бұқаралық спортқа баса мән беріп, дамыту керектігін айтты. Біз барлығымыз осы бағытта жұмыла жұмыс істеуіміз қажет. Баршаңызды келе жатқан Ұлыстың ұлы күні — Наурыз мейрамымен құттықтаймын, — деді облыс әкімі.

Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері Евгений Гончаровтың айтуынша, өңірімізде бұқаралық спортты дамытуға баса мән беріліп отыр. Әсіресе бокс, футбол кешендерінің саны жыл сайын артып, спортшыларымыздың байрақты додаларда топ жаруына барлық жағдай жасалған.

 Менің аударыспақпен айналысқаныма үш жылдан асты. Бұл спорт түрімен 16 жастан бастап тынбай шұғылданып келемін. Ендігі кезекте жыл соңында Моңғолияда өтетін дүбірлі додаға даярлық жасап жатырмын. Ал Наурыз мейрамы қарсаңында Шымкент қаласына жол тартамын. Онда ұлттық спортты дамытуға бағытталған Азия кубогы өтеді. Сол додаларға облыс атынан қатысамын, — дейді аударыспақтан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Шыңғысхан Ержанов.

Жиын соңында өткен жылдың үздіктері анықталып, «Үздік аудан», «Үздік жаттықтырушы», «Үздік спортшы», «Үздік нұсқаушы», «Жыл жаңалығы» және басқа да номинациялар бойынша жеңімпаздар марапатталды.

Ақмарал МҰҚАШЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button