Спорт

«Ақтөбе» таңдаулыны тақырға отырғызды

Премьер-Лига

3-турды жерлестеріміз сырт алаңда өткізіп, «Астанамен» кездесті.

Ойын барысында әсіресе жастар ықыластана тыңдайтын әншілердің концерті ұйымдастырылғандықтан да, бұл кездесуге халық көп келді. Солардың ішінде Амал мерекесін сол жақта қарсы алуға бел байлаған ақтөбелік жанкүйерлер де жеткілікті еді.

Дегенмен ешкім де өткен жылы 26 маусымда өз алаңымызда елордалық команданы 4:1 есебімен ұтқан жерлестеріміз бұл жолы сырт алаңда да сол көрсеткішті сол күйі қайталайтындығын болжамаған да шығар. Ал көрсеткіш қайталанды. Максим Самородов бастап, Абылайхан Жұмабек түйіндеп, ортасында Андрия Филипович соққан және екі голға астаналықтар бір доппен ғана жауап бере алды.

Алғашқы үш турда да жеңіске жетіп, 9 ұпай жинаған жерлестеріміз көш басына шықты.

Бұл кездесуде ақтөбелік футболшылар соққан төрт гол да көріп отырған жұрттың айызын қандырғанын ерекшелеп айтуымыз керек.

«Астана»-«Ақтөбе» — 1:4

Гол авторлары: Максим Самородов, 18-минут (0:1); Андрия Филипович, 40-минут (0:2); Андрия Филипович, 51-минут (0:3); Абзал Бейсебеков, 78-минут (1:3); Абылайхан Жұмабек, 90+1 минут (1:4).

«Ақтөбе» төмендегі құрамда ойнады: Стас Покатилов (қақпашы), Лука Гадрани, Әлібек Қасым, Әділхан Таңжарықов (капитан), Даниил Пенчиков, Максим Самородов (Дмитрий Шомко, 81-минут), Милаш Раичкович, Арман Кеңесов (Бауыржан Байтана, 62-минут), Леонель Струмия (Артурас Жулпа, 62-минут), Андрия Филипович (Ыдырыс Умаев, 74-минут), Элдер Сантана (Абылайхан Жұмабек, 74-минут).

Бас бапкер: Андрей Карпович.

14 наурыз 2023 жыл, Астана, «Астана Арена» стадионы.

Келесі 4-турда, 1 сәуір күні жерлестеріміз өз алаңымызда Петропавлдың «Қызылжар» командасын қабылдайды.

Е.АХАТҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button