Жаңалықтар

Су тасқынына қатысты шаралар күшейтілген режимде жүріп жатыр

Баспасөз конференциясы

Ақтөбе облысында  су тасқынына қатысты шаралар күшейтілген режимде жүргізіліп жатыр.Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері 6 наурыздан бастап көшелер мен үй маңындағы аумақтардан 52,2 мың текше метр су сорылғанын айтады.

Жұмыстар Ақтөбе қаласымен қатар, Темір, Ойыл, Шалқар, Ырғыз, Мұғалжар, Қобда аудандарында жүргізілген, ал бүгіннен бастап олардың қатарына Алға мен Мәртөк аудандары қосылды. Бұл туралы баспасөз конференциясы барысында облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Марғұлан Аманбаев хабарлады.Ол биыл күн райы өткен жылмен салыстырғанда бір айға ерте жылына бастағанын айтады.

Облыс бойынша жағдай тұрақты. Елді мекендерді су басу қаупі жоқ. Барлық қауіпті учаске бойынша іс-шаралар жоспары әзірленіп, бекітілді. 6 наурыздан бастап күннің күрт жылынуына байланысты төтенше жағдайлар департаменті бөлімшелерінің барлық күштері мен құралдары  күшейтілген жұмыс режиміне ауыстырылды, — деді Марғұлан Аманбаев.

Су тасқыны кезеңі басталғаннан бері Ақтөбе қаласы мен аудандарында тұрғындар тарапынан 1097 өтініш түскен және осы өтініштер бойынша барлық іс-шара қолға алынған.

Ақтөбе қаласында реттелмейтін алты өзен барын айтқан департамент басшысы облыс әкімінің тапсырмасы бойынша бұған дейін олардың арналары тазартылғанын және қазіргі таңда еріген қар суын сол бағытқа бұру мүмкіндігі барын айтты. Бүгінгі таңда аталған өзендерде сең қозғалмаған. Алдағы күндері күтіліп отыр.

Брифинг барысында аудандардағы жағдайға тоқталған Марғұлан Аманбаев қазіргі таңда Темір ауданы Қайыңды ауылдық округінде жылқыларды құтқару бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын, бұған дейін департамент мамандары су басқан аумақтардан 122 малды қауіпсіз аймаққа көшіргенін айтты.

Бүгінде облыс бойынша барлығы 119 мың текше метрден астам су айдалды. 26,1 шақырым арық тазартылып, 3 900 текше метр инертті материал әкелінді және 1 900 қапшық құм төселді. Облыс бойынша ұзындығы 75 метр уақытша бөгет салынып, Шалқар ауданында жағалауды нығайту жұмыстары жүргізілді. Облыс бойынша елді мекендерден 512 мың текше метрден астам қар шығарылған.

Бұдан соң қала әкімі Мұрат Жөребеков Ақтөбе қаласындағы жағдайды баяндады.

Біздің мақсатымыз — үйлердің суға кетуіне жол бермеу.  Бүгінгі күні суға кету қаупі бар Мәскеу, Шанхай, Кұрмыш, Қалалық сүт зауыты шағын аудандарынан қар толық шығарылды. Қазір ассенизаторлар қаланың барлық бөлігінде тәулік бойы жұмыс істеп жатыр. Өзім барлық жұмыстың басы-қасында жүрмін. Осыған дейін төтенше жағдайлар қызметімен бірге су басу қаупі бар 14 учаскеде алдын алу жұмыстары жүргізілді. Жіңішкенің ескі көпіріне демонтаж жасадық, Батыс-2 ауданына қауіп төндіретін «Берекенің» тұсындағы арнаны бөгедік, елді мекендерде қазір де судың бағытын бұру жұмыстары жалғасып жатыр. Проблемалық учаске жоқ деп айтуға болмайды, табиғат қалай мінез көрсететіні белгісіз. Біз төтенше жағдайларды болдырмау үшін барлық күшті жұмылдырып жатырмыз, — деді Мұрат Жөребеков.

Оның айтуынша, көктемгі су тасқынына қарсы шараларға қала бойынша 400-ге жуық техника және 650 адам тартылған.

Өз кезегінде облыстық жолаушылар көлігі мен автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Рүстем Төреғалиев су тасқыны кезеңіндегі автомобиль жолдарындағы жағдайды баяндап өтті. Оның айтуынша, республикалық және жергілікті автомобиль жолдары желілерінде 43 мердігер ұйым, 333 бірлік жол-құрылыс техникасы жұмыс атқарып жатыр. Қажетті шаруашылық техникасының қоры және арнайы киімдер мен жол белгілері жасақталған.

Бұдан соң онлайн режимде баспасөз мәслихатына қосылған Ойыл, Байғанин, Темір аудандары әкімдері өз ауданындағыжағдай туралы баяндады.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button