Спорт

4 алтын — біздікі!

Аударыспақ

Ақтөбе қаласында ересектер арасында аударыспақтан Қазақстан Республикасының ХХІІ чемпионаты өтті.

Чемпионатқа еліміздің 16 облысынан 130 спортшы қатысты.

Облыстық мамандандырылған ұлттық спорт түрлерінен балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің базасында өткен білек сайысы 4 күнге созылды.

Ат үстінде күш сынасқан палуандар өз командасының намысын қорғап, алаңда шебер өнер көрсетті. Сайыс 9 салмақ дәрежесі бойынша өтті. Бұған Ақтөбе облысынан барлық салмақта 17 спортшы қатысты. Осыған дейін аударыспақ жасөспірімдер арасында ғана өткізіліп келген болатын. Спорт мектебінің директоры Абат Аймағамбетовтің айтуынша, аударыспақ ересектерарасында алғаш рет өткізіліп отыр.

Бұл чемпионатта  24 жастан асқандар күш сынасты.

Қатысушылардың ішінде Азия, әлем чемпиондары бар. Бәрі де тәжірибелі палуандар. Чемпионаттың біздің облыста өтуінің де өзіндік себебі бар. Ақтөбе — ұлттық спорт түрлерінен көшбасшы облыстардың бірі. Өңірде ат спорты ойындарын дамытудың, насихаттаудың  бір жолы да осы. Әзірге 5 ауданда аударыспақ спорты бойынша филиалдарымыз жұмыс істейді. Олар ауылдың балаларын даярлап, облысқа іріктеп жібереді. Содан кейін барып құрамаға кіреді, — дейді А.Аймағамбетов.

Чемпионатқа ұлттық құраманың аударыспақ бойынша  бас бапкері Жанбатыр Бекмұсаев төрелік етті.

Жарыстың ерекшелігі — бұған дейін чемпионаттарда көкпар, жамбы ату, теңге ілу сынды спорт түрлері бәрі бірге өтетін. Бұл жолы ересектер арасында аударыспақ ойыны бөлек өткізілді.

Сонымен қатараударыспақтан бұрын 8 салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп келсе,  биыл тағы бір салмақ дәрежесі қосылды. Мұның  бапкерлерге де, палуандарға да көп пайдасы бар. Ақтөбедегі спорт мектебінің аренасы үлкен. Сондықтан да болар ұлттық құрамада спортшыларының 45 пайызы ақтөбелік палуандар, — дейді бас төреші.

Чемпионатта 4 салмақ дәрежесі бойынша ақтөбелік 6 спортшы 3-ші орынды иеленсе, 74 келі салмақта Шыңғысхан Ержанов облыс қоржынына күміс медаль салды.

Ал Азамат Серғазин,Тимурхан Имағалиев,Рамазан Ғалел,Алтай Сүйеубайлар 4 алтын сыйлады.

Аударыспақтан Қазақстан Республикасының ХХІІ чемпионатында тігілген 9 алтынның 5-еуін Түркістан облысы алып, көш бастаса, 4 алтынмен Ақтөбе облысының құрама командасы жалпы есепте ІІ орынды иеленді.

Айта кетсек, аударыспаққа қатысу 21 жастан 24 жасқа дейін ұлғайтылды.

Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button