Басты жаңалықтар

Ақтөбеде су қоймаларының су қабылдауға дайындығы тексерілді

Бүгін Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов Ақтөбе қаласының су қоймаларының су қабылдауға дайындығын тексерді.

Ақтөбе су қоймасында өңір басшысына оның максималды көлемінің 53%-ға толғаны және тағы 115 млн текше метр су қабылдай алатыны баяндалды.

Сазды су қоймасы 40%-ға толған.

💬 «Су қоймасының жобалық қуаты – 7,5 млн текше метр, қазір су қоймасы тағы 4,5 млн текше метр суды қабылдай алады. Мұздың қалыңдығы 85 сантиметр. Тұрақты бақылау, қауіпсіздік мәселелері – назарымызда»,-деді «Қазсушар» РМК филиалының директоры Мырзабай Нұртазин.

Нысанды қарап шыққаннан кейін облыс әкімі су қоймасының айналасын қамыстан тазарту секілді тапсырмалар берді.
Сондай-ақ, өңір басшысы Жіңішке өзені арқылы өтетін пайдаланылмаған ескі көпірді бұзу бойынша жұмыстардың барысын тексерді. Демонтаж жұмыстары 5 наурызда басталып, аяқталуға жақын. Бұл шара өзен арнасы арқылы еріген қар суы мен мұздың кедергісіз өтуін қамтамасыз етеді, бұл жақын маңдағы бау-бақша ұжымдарын су басу қаупінен сақтайды. Өткізу қабілетін арттыру мақсатында бұрын өзен арнасын тазарту жұмыстары жүргізілген болатын.

Сонымен қатар, облыс әкімі өнеркәсіп аймағында орналасқан қар полигонын аралап көрді. Мұнда Шанхай аумағынан шығарылған қар жиналады. Полигон жер бедерін ескере отырып орналасқан, бұл тұрғын аумақтарды еріген қар суларынан басу қаупін төндірмейді.

Нысандарды аралау қорытындысы бойынша Ералы Тоғжанов су тасқынына қарсы штаб мүшелеріне су тасқынының салдарын болдырмау және төмендету бойынша мониторингті күшейтуді тапсырды.

Н.АРМАНҚЫЗЫ. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button