Басты жаңалықтар

Ералы Тоғжанов: Жол жобаларын іске асыру бойынша өз міндеттемелерін орындамаған мердігерлер жұмыстан шеттетіледі

Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжановтың төрағалығымен жол жөндеу-құрылыс жұмыстарына дайындық мәселелері бойынша жиын өтті.

Оған мемлекеттік органдар, мердігерлік ұйымдардың басшылары, Ақтөбе қаласы мен 12 ауданның әкімі, жер қойнауын пайдаланушылар қатысты.

Облыстық жолаушылар көлігі және автожолдар басқармасының басшысы Айбек Қайырдың айтуынша, биылғы жылы өңірде 86,8 млрд теңгеге 177 жобаны іске асыру жоспарланған. 964 шақырым автожол, оның ішінде 194 шақырым – республикалық маңызы бар жол, 655 шақырым – жергілікті маңызы бар жол және 115,2 шақырым көше жолдары жөнделіп, салынады.

💬«Бес ірі жобаны іске асыру аяқталады. Олардың қатарында ұзындығы 112 шақырымды құрайтын «Ақтөбе-Атырау-РФ шекарасы (Астраханьға)» жолын қайта жаңарту, оның ішінде 96 шақырым «Ақтөбе-Қандыағаш» автожолы және 16 шақырым «Қандыағаш-Мақат» автожолы бар. Ұзындығы 82 км республикалық маңызы бар автожолдардың 6 учаскесін, оның ішінде «Қандыағаш-Ембі-Шалқар-Ырғыз» автожолының 30 шақырымын орташа жөндеу жоспарлануда. Маусым айында «Ақтөбе-Қарабұтақ-Ұлғайсын» республикалық маңызы бар жолды қайта жаңартуға кірісеміз. Жергілікті маңызы бар жолдарға қатысы бар 167 жоба аясында 770 км жөнделеді. Орындалған жұмыстардың нәтижелері бойынша жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының үлесі 78%-ды  құрайды», – деп баяндады Айбек Қайыр.

Облыс әкімі жол жұмыстарына дайындық мәселелеріне қызығушылық танытты.

💬«Ағымдағы жылы жол құрылысы бойынша жұмыстар көлемі екі есеге ұлғаяды. Барлығы ауқымды жобалар, сондықтан біз мұқият дайындалуымыз керек. Өткен жылғы жағдай қайталанбай ма, жобаларды бастауға қаншалықты дайын екенімізді мен білуім керек. Жұмыс кестесінің бұзылуына жол бере алмаймыз. Жол битумы мен инертті материалдарды уақытылы әзірлеу қажет», – деп атап өтті Ералы Тоғжанов.

Барлық жобаларды іске асыру үшін өңірге 90 мың тоннаға жуық жол битумы қажет. Өңірде бар битум қоймаларының жалпы сыйымдылығы 19 мың тоннаны құрайды, қазірдің өзінде 13 мың тонна дайындалды.

Сондай-ақ, 1,2 млн тонна қиыршық тас, 202,7 мың тонна құм-қиыршық тас қоспасы жеткізілді. Дайындық 33%.

Өңір басшысы Ақтөбе қаласы мен аудандардың  әкімдіктеріне инертті материалдарды дайындау бойынша жұмысты жандандыруды және 1 маусымға дейін 70% дайындықты қамтамасыз етуді тапсырды.

Сондай-ақ, облыс әкімі бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі, қарсы міндеттемелер, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында облыс аумағында жұмыс істейтін компанияларды тарту есебінен жол салу және жөндеу мәселесін қарастыру міндетін қойды.

💬 «Былтыр өзіне алған міндеттемелерін орындамай, жол жобаларын сәтсіз аяқтаған компаниялар бұл жұмысқа қайта тартылмайды.  Осындай жосықсыз мердігерлік ұйымдар арасында талдау жүргізу қажет. Ал жол жобаларын іске асыруға қатысатындар өз міндеттерін барынша сапалы орындауы тиіс», – деп аймақ басшысы мердігерлерге ескертті.

А.МӘЛІКҚЫЗЫ. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button