Басты жаңалықтарМереке

Құрметті аналар, арулар!

Сіздерді 8 наурыз — Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын. Аяулы аналарымызды, асыл жарымыз бен апа-қарындастарымызды, қыздарымызды көктемнің осынау тамаша мерекесімен құттықтай отырып, олардың ыстық ықыластарына, жылы жүрегі мен мейірбан көңіліне, шексіз махаббатына, аялы алақанына алғысымызды білдіреміз.

Ел басына күн туған небір қилы замандарда да халық тағдыры үшін жауапкершілікті өз мойнына алған аналарымыз, аруларымыз аз болмаған. Отанымыздың тарихында алтын әріптермен жазылған олардың есімі ұрпақ жадында мәңгі сақталары сөзсіз. Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова, Хиуаз Доспанова, Кәмшат Дөненбаева, Күләш Байсейітова, Роза Бағланова секілді ана-апаларымыздың ерлігі мен өрлігі, өмірі мен өнері кейінгі ұрпаққа жарқын үлгі болды.

Елімізде әйел адамдардың шығармашылық және кәсіби әлеуетін дамытуға барлық жағдай жасалған. Отбасы институтын, көпбалалы аналарды қолдау, өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен тәрбиесі, гендерлік тепе-теңдікті қамтамасыз ету  мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттары болып отыр.

Облысымыздың әлеуметтік-экономикалық, мәдени және рухани дамуында да  әйел адамдардың қосып отырған үлесі зор. Экономика мен бизнесте, білім мен денсаулық сақтау, мәдениет пен спорт саласында үлкен табыстарға қол жеткізіп, қоғамның барлық саласында жемісті еңбек етіп жатқан аналарымыз бен аруларымыз аз емес. «Әйел бір қолымен бесік тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» дегендей, Сіздер  қоғамдық жұмыстарды, өз қызметтеріңізді отбасы жауапкершілігімен қатар абыройлы атқарып келесіздер. Соның арқасында облысымызда жасампаздыққа бағытталған маңызды идеялар мен әлеуметтік жобалар жүзеге асырылып келеді. Мемлекеттік қолдау бағдарламаларына белсенді қатысып, жеке кәсібін бастап, жұмыс орындарын ашып жатқан қыз-келіншектеріміз баршылық.

Ақтөбе облысы Қазақстанда бірінші болып «Ауыл аманаты» жобасын жүзеге асыруды бастады, бұл жоба аясында ауыл тұрғындары құс және өсімдік шаруашылығын дамыту, кооперативтерді жабдықтау, ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдеу және азық-түлік өндірісі бойынша шағын және орта бизнес ашу, дамыту бойынша үш мыңға жуық жобаны жүзеге асырмақ.

Ауылда тұратын аналар мен арулар да бұл жобаны белсенді түрде қолдап, оны жүзеге асыруға атсалысып жатыр. Сіздердің жанкешті еңбектеріңіздің арқасында «Ауыл аманаты» жобасы сәтті жүзеге асып, елді мекендердің дамуына қуатты серпін беретініне сенімдімін.

Сіздерге және жақындарыңызға зор денсаулық, бақыт, отбасыларыңызға амандық, береке тілеймін!

Ералы ТОҒЖАНОВ,

Ақтөбе облысының әкімі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button