Басты жаңалықтарМереке

Ералы Тоғжанов: «Ақтөбе облысының жан-жақты дамуына әйелдердің белсенді азаматтық ұстанымы ықпал етеді»

Ақтөбедегі «Өнер орталығы» концерт залында Халықаралық әйелдер күніне арналған мерекелік концерт өтті. Ақтөбелік ардақты әжелер мен аналар, қыз-келіншектерді көктемнің шуақты мерекесімен облыс әкімі Ералы Тоғжанов құттықтады.

Іс-шараға денсаулық сақтау, білім беру, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, коммуналдық салаларында еңбек ететін ардагерлер, әйелдер, «Алтын алқа» және «Күміс алқа» төсбелгілер марапатталған көпбалалы аналар қатысты.

Облыс әкімі қазіргі кезде әйелдер тек отбасының береке-бірлігін ойлайтын,  тіршіліктің тірегі ғана емес, ол мемлекеттің қоғамдық-саяси өміріне белсене араласатын қоғам мүшесі екенін атап өтті.

💬 «Тәуелсіздік жылдарында елімізде теңдестірілген мемлекеттік әлеуметтік саясаттың арқасында әйелдердің қоғам өмірінде лайықты орын алуы үшін қажеттінің бәрі жасалды. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай: «Біздің еліміз әйелдердің құқықтарын қорғауға және олардың әлеуетін толыққанды іске асыру үшін жағдай жасауға басымдық береді. Мемлекеттің жүйелі қолдауының арқасында әйелдер экономикаға, саясатқа, қоғамдық қызметке араласуы жиілеп келеді».
Біз ақтөбелік әйелдердің түрлі салалардағы жетістіктерінің көптеген тарихына куә болып отырмыз. Олардың есімдерін тізе беруге болады. Ең бастысы олардың жетістіктері бәрімізге күш-қайрат береді, жастарға үлгі.
Қымбатты  аналар, апа-қарындас, қыз-келіншектер! Сіздердің белсенді азаматтық ұстанымдарыңыз облысымыздың өзекті мәселелерін оңтайлы шешуге және оның жан-жақты дамуына ықпал етеді», – деп атап өтті Ералы Тоғжанов.

Құттықтау сөзден кейін облыс әкімі 10 әйелге «Құрмет грамотасын» табыс етті. Марапатталғандардың қатарында краншы Жәмила Құрмансейтова, тігінші Татьяна Нелюбова, полиция қызметкері Эльмира Сулипанова, медицина ғылымдарының докторы Светлана Рыжкова және басқалар бар.

Іс-шара концерттік бағдарламамен жалғасты.

А.МӘЛІКҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button