Басты жаңалықтар

Ақтөбе облысындағы гендерлік теңдікті қамтамасыз ету мәселелері талқыланды

Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжановтың төрағалығымен гендерлік теңдікті қамтамасыз ету сұрақтары бойынша, сондай-ақ білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздік және оқу процесін цифрландыру туралы аппараттық жиын өтті.

Ресми деректер бойынша, облыс халқының жалпы санынан әйелдердің үлесі 51,4 пайызды құрайды, оның ішінде ауыл тұрғындарының  49,4 пайызы – әйелдер.

«Бүгінгі таңда ерлер мен әйелдердің жалақысындағы айырмашылық 20,4%-ды құрайды, бұл бүгінгі күнге өзекті мәселе болып қалуда. Сонымен қатар, билік органдарында әйелдердің үлесін арттыруда қарқындылық байқалады. Мәселен, өңірдегі мемлекеттік қызметкерлер арасындағы әйелдердің үлесі 50%-дан асады, оның 14,9%-ы басшылық лауазымдарда. Қоғамдық мәселелерді шешуде әйелдердің белсенділігі басым: 2022 жылдың қорытындысы бойынша мәслихаттардағы әйел депутаттардың үлесі 32,5%, саяси партияларда – 48,3%-ды құрады»,- деді облыс әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова.

Облыс әкімі жергілікті атқарушы органдардың жұмыспен қамтуды қамтамасыз етуге, азаматтардың репродуктивті денсаулығын қорғауға, ана мен баланы қорғауға бағытталған шараларды күшейту қажеттігін атап өтті.

«Ауылдарда тұратын әйелдер арасында жұмыссыздық жоғары деңгейде. 2022 жылдың қорытындысы бойынша әйелдер арасында суицидтік әрекеттердің өсуі байқалады. Талдау көрсеткендей, оларды үмітсіз қадамға итермелеген себептер әртүрлі. Өкінішке орай, нәресте өлімінің өсуі де тіркелді, бұл әйелдердің репродуктивті денсаулығына тікелей байланысты. Барлық айтылған проблемалық мәселелер бойынша нақты нәтижеге бағытталған кешенді шаралар қабылдау қажет», – деп атап өтті Ералы Тоғжанов.

Іс-шараларға үкіметтік емес ұйымдарды белсенді тарту тапсырылды.

«Алайда, түптеп келгенде қоғамдық ұйымдардың жұмысы да сандық нәтиже беруі керек»,- деді өз сөзінде облыс басшысы.

Сондай-ақ жиын барысында облыс әкімі биылғы жылдың ақпан айында облыстағы білім беру ұйымдарының қауіпсіздік деңгейін тексеру барысында анықталған барлық ескертулерді жедел жоюды тапсырды. Барлығы 654 білім беру ұйымы – балабақшалар, мектептер мен колледждер тексерілді.

Білім басқармасының мәліметінше, ағымдағы жылы білім беру ұйымдарын жедел басқару орталықтарына қосылған дабыл түймелерімен жарақтандыру, сондай-ақ ЖБО-дағы барлық камераларға қосу аяқталады, өткізу құралдарымен (турникеттермен) жарақтандыру жалғастырылады.

Цифрлық технологиялардың көмегімен өңірде білім беру процесін жақсартуға бағытталған бірқатар шаралар іске асырылуда. Мектепке дейінгі балалар ұйымдарына кезектілік пен жолдама беру, орта білім беру ұйымдарына құжаттарды қабылдау процесі толығымен автоматтандырылған.

Қосымша білім беру ұйымына мемлекеттік тапсырыс беру мақсатында 2021 жылдан бастап darabala.kz порталы іске қосылды. Бұл қызмет құжаттарды қабылдаудя автоматтандырып қана қоймайды, үйірмелерге қатысуды орталықтандырылған жүйемен бақылауды қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.

Өңір басшысы ауылдық мектептерді жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету мәселелерін ерекше бақылауда ұстауды тапсырды, бұл білім беру, оның ішінде «Білім All» жобасын іске асыру арқылы шағын жинақты мектептерде білім беру сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

Цифрлық технологиялар басқармасының мәліметінше, бұл мәселе жаңа оқу жылы басталғанға дейін 100 пайызға шешіледі.

Жиын соңында тасқынға қарсы іс-шараларды жүзеге асыру және қала аумағынан еріген қар суын сору, айдау жұмыстары да талқыланды. Бұл мәселе – облыс басшылығының ерекше бақылауында.

А.МӘЛІКҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button