Басты жаңалықтар

Ералы Тоғжанов Алға ауданында «Ауыл аманаты» жобасын жүзеге асыру барысымен танысты

Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов Алға ауданына жұмыс сапары барысында жергілікті жерлерде «Ауыл аманаты» жобасының іске асырылу барысымен танысты.

Құс өсіруші Евгения Макаревич ауыл шаруашылығы кооперативін ашып, 28 млн теңге сомаға жеңілдетілген қарыз алып, өндірісін кеңейтуге ниетті. Ол «Ауыл аманаты» жобасы ауыл шаруашылығы өндірісін дамытуға және нарықты сапалы жергілікті өніммен қамтамасыз етуге серпін беретініне сенімді.

💬 «Бізде жұмыртқа сатып алудан бастап өңделген ет өнімдерін шығаруға дейінгі өндірістің толық циклі бар. Жылына 36 мың жұмыртқа мен 12 тонна ет өндіреміз. Жоспарымызда біз жем-шөп цехын ашып, инкубациялық жұмыртқа шығару үшін ата-аналық табын алғымыз келеді. Соның арқасында еуро мен рубль бағамына тәуелді болмаймыз, өйткені жем мен жұмыртқа негізінен Еуропа мен Ресейден әкелінеді», – деп атап өтті Евгения Макаревич.

6 жыл бұрын Алға қаласының тұрғыны құс шаруашылығымен енді ғана айналыса бастаған кезде, оның ауласында тек 100 тауық пен басқа үй құстары болған, қазір олардың саны 1200-ден асты. Айта кетейік, Евгения Макаревич –  «Ауыл аманатының» қатысушысы ғана емес, сонымен қатар жоба тәлімгерлерінің бірі. Ол жоба операторы – «Ақтөбе» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының алаңында құс шаруашылығы курстарын жүргізеді.

Алға қаласында «Ауыл аманаты» аясында барлығы 160-тан астам жобаны іске асыру жоспарлануда. Олардың қатарында зейнеткер Болат Тайбукенов өткен жылы өз үйінің ауласында ашқан жылыжайды кеңейту жобасы бар. Болат Тайбукенов зейнеткер болғандықтан оған несие берілмеген, сол себепті оның ұлы жеңілдетілген несие алуға қайта өтініш беріпті. Бұл туралы хабардар болған Ералы Тоғжанов «Ауыл аманатына» қатысу шарттарын қайта қарауды тапсырды.
«Еңбек етуге қабілетті әрбір адам жеке қосалқы шаруашылықты дамытуға мүмкіндік алуы керек. Зейнеткерлік жас кедергі болмауы тиіс», – деді облыс әкімі.

210 шаршы метрлік жылыжай биылғы жылдың ақпан айында алғашқы өнімін берді. Әзірге қияр мен шөптер өсіріліп жатыр. Жылыжай шаруашылығының көлемі ұлғайғаннан кейін Тайбукеновтар отбасысы көкөністердің түрін кеңейтуді жоспарлап отыр.

Өңірдегі, басқа да шағын қалалар мен ауылдардағы сияқты Алға қаласында да «Ауыл аманаты» басталысымен, облыс орталығына көшіп, ауыл шаруашылығымен айналысуға бел буғандар көп. Мәди Исаев көкөністерді ашық жерде өсіруге ынталы. Жергілікті әкімдік жер беруге көмектескен. Алдын ала болжам бойынша, бір маусымда 12 гектардан 300 тоннаға дейін өнім алынады. Көкөніс сабағы мен басын ысырап етпеу үшін Мәди Исаев қаздарды да бордақылауды көздеп отыр. Оның жобасының арқасында тағы 15 адам жұмыспен қамтылады.

Сондай-ақ, Нұрбұлақ ауылында облыс әкімі гидропоникамен айналысатын және оны мал азығы ретінде пайдаланып жүрген жергілікті тұрғын Ақжол Есіркеповтің жеке қосалқы шаруашылығына барды. Ол «Ауыл аманатымен» тауарлық несиеге 10 бас бие алған. Алдағы уақытта қымыз өндіру жоспарында.

Облыс әкімінің жұмыс сапарының соңында «Реймқұл» шаруа қожалығына барды.Шаруашылық 1997 жылы құрылған, 26 жылда өнімі тек ішкі нарықта ғана емес, сыртқы нарықта да сатылатын табысты ірі кәсіпорынға айналды. Ет консервілерін шығару жолға қойылған.

«Ауыл аманаты» жобасының арқасында көптеген жеке қосалқы шаруашылықтар аяққа тұрып қана қоймай, ірі шаруашылықтарға айналатынына сенімдімін», – деп атап өтті «Реймқұл» шаруа қожалығының басшысы.

Облыс әкімі жобаға қатысушылардың барлығына сәттілік тілеп, аудан басшылығының алдына жұмыссыздарды жобаға барынша тарту міндетін қойды. Алға қаласында ресми түрде 550-ден астам жұмыссыз тіркелген.

А.МӘЛІКҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button