Басты жаңалықтар

Туған жердің түлеуі

Ақтөбеде «Ауыл аманаты — бабалар аманаты» атты республикалық форум өтті

Өнер орталығында өткен шараға облыс әкімі Ералы Тоғжанов, «Ауыл аманаты» жобасының қатысушылары мен демеушілері, мемлекеттік орган басшылары, қоғам белсенділері мен  БАҚ өкілдері қатысты. Республикада алғаш ұйымдастырылған форумға Ауылшаруашылығы вице-министрі Әбілхайыр Тамабек онлайн режимде қосылды. Ал «Қазпошта» акционерлік қоғамының Стратегия және жобалар жөніндегі басқарушы директоры Азамат Кескенбаев арнайы келді.

Форум қонақтары алдымен «Ауыл аманаты» жобасы аясында құрылған мектептермен танысты. Айта кетейік, «Ауыл аманаты» жобасы аясында несие алып, өз кәсібін енді бастап жатқан ақтөбеліктерге кәсіп саласында табысты жетістікке жеткен өңір азаматтары теориялық және практикалық негізде оқытулар ұйымдастырып жатыр. Өңір басшысы жоба аясында құрылған мектептердің жұмысына үлес қосып, оқыту ұйымдастырып жатқан ақтөбелік кәсіпкерлерге алғысын білдірді.

Облыс әкімі Ералы Тоғжанов Қазақстанда алғаш болып Ақтөбе облысында жүзеге асырыла бастаған «Ауыл аманаты» жобасы ауылдың дамуына, халықты сапалы азық-түлікпен қамтамасыз етуге, өңір тұрғындарының жұмыс орындары мен табыстарын ұлғайтуға ықпал ете отырып, ел экономикасының жаңа қозғаушы күші болатынын атап өтті. Жобаға үлкен үміт артып отырғанын айтқан ол «Ауыл аманаты» тұрғындардың ауылдан  қалаға үдере көшуі мәселесін шешуге септігін тигізетініне де сенім білдірді.

— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлықтау шарасында ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсартудың маңыздылығына тоқталып, өзінің бірінші Жарлығында ауылдарды дамыту тұжырымдамасын әзірлеуді тапсырды.

Біздің өңір халқының 25,5 пайызы, яғни 236 мың адам ауылдық жерлерде тұрады. Соңғы 4 жылда ауыл тұрғындарының саны 18 мың адамға азайған. Ауылдан кетіп жатқандар қатарында әсіресе еңбекке қабілетті жастардың үлесі басым. Осындай жағдайлар ауылдық елдімекендерді дамыту үшін практикалық іс-қимылдарға көшуімізді қажет етеді.

Осы олқылықты болдырмау мақсатында  өткен жылыАқтөбе облысында алғаш рет ауылдағы ағайынның әл-ауқатын көтеруге арналған «Ауыл аманаты» жобасы  бастау алды. Менің үнемі айтатын сөзім бар:біз алдымен ауылдағы мәселені шешіп алуымыз қажет, себебі ауылдың мәселесін шешпей, қаланың мәселесін шеше алмаймыз, — деген Ералы Тоғжанов Үкімет отырысында «Ауыл аманаты» жобасын жүзеге асыру бойынша Ақтөбе өңірінің бастамалары мен ұсыныстарын қолдаған Премьер-министр Әлихан Смайылов жобаны басқа өңірлерге үлгі ретінде таратуға ұсыныс бергенін айтты.

Жоба аясында еліміз Тәуелсіздік алғаннан бері алғаш рет өңірдегі барлық 134 ауылдық округке скрининг жүргізіліп, әрбір округтің әлеуметтік-экономикалық даму жоспары әзірленді. Аталған даму жоспарының әлеуметтік портреті жұмыссыз адамдар, атаулы әлеуметтік көмек алушылар, өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың тізімдерін және әр отбасының орташа табыс мөлшерін қамтиды. Ауылдың экономикалық әлеуеті және нақты мүмкіндіктері, соның ішінде жер ресурстары, жемшөп және су қоры анықталды.

Бұдан басқа ауыл тұрғындарының нақты қандай тағам түрлерін қандай мөлшерде тұтынатындығы белгілі болды.

— Біздің өңір өзін облыс халқы тұтынатын негізгі 65 тағамның 7 түрімен толық, 45 түрімен 1 пайыздан 69 пайызға дейін ішінара қамтамасыз етеді. Мысалы, өңір құс етімен бар болғаны 5,4 пайыз ғана қамтылған. Бұл құс етінің 94,6 пайызы шетел мен өзге өңірлерден тасымалданатындығын көрсетеді. Ал ішкі нарықты жергілікті көкөніспен қамтамасыз ету 40 пайызға да жетпейді, — деген өңір басшысы талдаудың нәтижесінде осы төмен қамтылған әр тағам түрі бойынша даму бағыты анықталып, қажетті азық-түлікпен қамту деңгейі артатынын айтты.

Форум барысында ақтөбеліктермен онлайн байланысқа шыққан Ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілқайыр Тамабек өз баяндамасында «Ауыл аманаты» жобасының республикалық деңгейде іске асырылу барысы туралы айтып, жоба қатысушыларына сәттілік тіледі. Вице-министр өз сөзінде Ақтөбе облысының тауарлық несиелер беру тәжірибесі Қазақстан аумағын қамтитынын алға тартты.

Ауылдардағы жұмыссыздық деңгейі 41,4 пайызға, атаулы әлеуметтік көмек алушылар деңгейі 49,3 пайызға төмендейді. Отбасының орташа табысы 172 мың теңгеден 330 мың теңгеге дейін, яғни 2 есеге артатын болады.

Тауарлық несие: екі тарап үшін де қолайлы

Жоба басталған аз уақыттың ішінде «Ауыл аманаты» аясында жеке кәсібін бастаған азаматтар баршылық. Жобаға қатысуға ниет білдірген 417 құжаттың 140-ы мақұлданыпты. Өңір басшысы жоба ауқымын кеңейту мақсатында  ақпан айында Ақтөбе облысының сұранысы бойынша республикалық бюджеттен қосымша 3,5 млрд теңге бөлінгенін айтты. Сондай-ақ Ақтөбе облысында Қазақстанда алғаш рет қаржылық несиемен қатар, тауарлық несие беру тетігі енгізілді. Тауарлық несиехалықаралық тәжірибеде де қолданылып жүр. Мысалы, Үндістанда заттай көмек  отбасыларға кедейліктен құтылуға және табыстың тұрақты өсуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

— Тауарлық несиенің ерекшелігі — бюджеттің бірде-бір тиынының жұмсалмауы және қайтарым түрінің ақшалай  емес, алынған төл есебінен болуында. Өңірдегі ірі шаруа қожалықтарының қолдауымен ауыл тұрғындарына 6 мың бас мал беру жоспарланып отыр. Ал бүгінге дейін 28 шаруашылық есебінен 70 отбасына жалпы құны 165,6 миллион теңге болатын 865 мал берілді. Форум аясында ауылда тұратын 33 отбасына 26 шаруа қожалығы жалпы құны 75,8 миллион теңге болатын 533 мал беріледі, — деді Ералы Тоғжанов.

Форумға облыс әкімінің тауарлық несие беру туралы ұсынысын қолдаған кәсіпкерлер де қатысып, өз тәжірибелерімен бөлісті. Өмірғали Аманғали жетекшілік ететін Ойыл ауданындағы  «Нұр-Асыл» шаруа қожалығы — облысымыздың алдыңғы қатарлы шаруашылықтарының бірі. Қожалық бұл жолы да қалыс қалған жоқ.

— «Ауыл аманатының» біздің облыста бірінші болып басталғанына қуаныштымын. Жобаға қосқан үлесім болсын деп ауылдастарымды қолдап, 60 бас қой бердім. Ауылдастарымды туған өлкенің дамуы жолында белсенді болуға және жобаға қатысуға шақырамын, — деді ол.

Форум барысында тауарлық несиені алып, қажетіне пайдаланып отырған азаматтар да сөз сөйлеп, ізгі тілектерін жеткізді. Алға ауданының тұрғыны, көпбалалы ана Асылзат Дәулетиярова «Ауыл аманаты» жобасы аясында «Санжар-Т» шаруа қожалығынан 5 сиыр алған.

— «Ауыл аманатының» ауыл тұрғындарын қолдауға арналған жоба екеніне көзіміз жетті. Расын айту керек, көп адам несие алудан қорқады. Ал тауарлық несиенің тиімді тұстары бар. Бізге«Санжар-Т»  шаруа қожалығы 5 сиыр беретіндігін айтты. Қазіргі уақытта екі сиырымызды алдық. Тіпті жемшөбіне дейін әкеліп берді. Көп ұзамай тағы үшеуін аламыз. Мемлекет басшысына, облыс әкіміне осындай қолдаулары үшін алғысымды білдіремін, — деді мінберде сөз сөйлеген алты баланың анасы Асылзат Дәулетиярова.

Ауылды дамыту жолындағы 5 бағыт

Облыста ауылда өмір сүру сапасын арттыру мақсатында қолға алынған шаралар нақты бес бағыт бойынша атқарылып жатыр.

Өңір басшылығы Цифрлық даму министрлігімен 67 ауылды кеңжолақты мобильді интернетпен қамтамасыз ету туралы келісімге қол қойды. Нәтижесінде ауыл халқының 98,5 пайызы сапалы интернетпен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ облыста тұрғылықты жеріне қарамастан, балалардың тең білім алуына жағдай жасалып жатыр. Өңірлер арасында алғашқы болып Ақтөбеде ауылдардағы шағын жинақты мектептерді қолдауға арналған «Білім ALL» жобасы іске қосылды. Бүгінде жоба аясында 10 жетекші мектептің  35 үздік ұстазы ауылдардағы 10 мыңнан астам оқушыға білім беріп жатыр. Ал қалған ауылдарда интернет мәселесі шешілгеннен кейін «Білім ALL» өңірлік жобасымен толық қамтылады. Форумға

облыс орталығынан 270 шақырым қашықтықтаорналасқан Байғанин ауданы Көкбұлақ ауылының оқушысы Гүлдана Аяпова келіп, жаңа жобаның ауыл оқушылары үшін үлкен мүмкіндік екенін жеткізді.

Мен оқитын мектепте 53 оқушы бар. Ал 10-сыныпта барлығы төрт-ақ оқушы білім алады. Бұған дейін ауылымызда интернет те болған жоқ. Жақында ауылға интернет жүргізіліп, біз  «Білім ALL» жобасына қатысуға мүмкіндік алдық. Әр онлайн сабақты асыға күтеміз, қызығушылықпен тыңдаймыз. Болашақта ағылшын тілі пәнінің мұғалімі болғым келеді. Алған білімімді ауылымның көркеюі жолында жұмсаймын, — дейді Гүлдана Аяпова.

Облыста ауыл тұрғындарын сапалы медициналық қызметтермен қамтамасыз ету бойынша нақты шаралар қабылданды.Телемедицинаны кеңінен енгізуге бағытталған «Фельдшер сөмкесі» жобасын іске асыру қолға алынды. Бұл —арнайы планшеттен және 8 түрлі анализатордан тұратын портативті медициналық жабдық. Ол пациенттің орналасқан жері бойынша зерттеулер жүргізуге, деректерді қашықтан білікті дәрігерлерге жіберіп, қажетті диагноз қоюға мүмкіндік береді.

Жоба ауылдарда көрсетілетін медициналық көмектің сапасын едәуір арттыруға септігін тигізеді. Ақтөбе облысында барлығы 300-ден астам ауылдық алғашқы медициналық көмек көрсететін нысан болса, олардың 100-ге жуығы шалғай ауылдарда орналасқан.

Форумға қатысқан облыстық жедел және шұғыл медициналық көмек станциясының аға фельдшері Гүлсезім Бекбергенқызы «Фельдшер сөмкесі» жобасы ауыл тұрғындарына алғашқы медициналық тексеруді ұйымдастыру кезінде таптырмас құрылғы екендігін атап өтті.

«Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы бойынша жыл соңына дейін елді мекендерде ангар типіндегі 8 спорт нысанының құрылысы аяқталады. Сондай-ақ «Спорт нысандарын дамыту» бағдарламасы бойынша 13 ірі спорт кешені салынып жатыр.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ауылдық жерлерде денешынықтыру мен спортты дамытуға да көп көңіл бөлінеді. Соңғы жылдары облыс аудандарында 20-дан астам спорт кешені салынды. Жүзуден аға жаттықтырушы, еліміздің бірнеше дүркін чемпионы, Еуразиялық ойындардың жүлдегері, түрлі халықаралық турнирлердің жеңімпазы Астам Бағандықов жұмыс істейтін Байғанин балалар-жасөспірімдер спорт мектебі — солардың бірі. Спортшы мемлекеттің ауыл мен ауыл жастарын қолдауы болашақта жаңа спорттық жетістіктерге, жаңа жеңістерге қол жеткізетініне сенім білдірді. Ол өз сөзінде ауылға қаладан көшіп барғанын және ауылда тұрып-ақ әлемдік деңгейде жетістіктерге жету әбден мүмкін екендігін айтты.

«Ауыл аманаты» аясында өңірде «Абаттандырылған ауыл» жобасы бастау алды. Мақсат— ауылды ХХІ ғасырдың дамыған ауылына кезең-кезеңімен трансформациялау.  Жоба аясында жұмыстар тек бюджет есебінен ғана емес, демеушілер қаражаты арқылы да іске асырылады. Пилоттық режимде 27 мыңнан астам адам тұратын таңдалған 12 ауылда 120 әлеуметтік маңызы бар жобаны іске асыру жоспарланып отыр.

Форум барысында Ералы Тоғжанов аға буын, бизнес өкілдерін ауылдың дамуы мен абаттандырылуына тиімділігі жоғары жобаларға белсенді қатысуға және қолдауға шақырды.

«Қазпошта»серіктес болады

Форумда ауылдық округтерде ұлттық пошта операторы мүмкіндіктерін кеңейту туралы да сөз болды. Мәселен, «Қазпошта» АҚ-да кең ауқымды филиалдық желі бар, сол себепті компания өзінің кеңейтілген инфрақұрылымының арқасында ауыл тұрғындарына пошта, қаржы және агенттік қызметтерін көрсете алады.Еліміз бойынша «Қазпоштаның» 2700-ден астам бөлімшесі болса, оның 80 пайыздан астамы ауылдық жерлерде орналасқан.«Қазпошта» акционерлік қоғамының Стратегия және жобалар жөніндегі басқарушы директоры Азамат Кескенбаев өздерінің аталған жобаға қосар үлесі мол екенін жеткізді.

«Қазпоштаның қаржылық және цифрлық қызметтеріне «Ауыл аманаты» бағдарламасы қатысушыларынан сұраныс көп. Біздің компания электронды коммерцияны дамыту бағытындағы жергілікті бизнесті қолдауға дайын және тауарларды сату, «Қазпошта» инфрақұрылымы арқылы клиенттермен өзара іс-қимыл жасау мүмкіндігін ұсына алады, — деген Азамат Кескенбаев «Қазпошта базар» атты жаңа жоба дайындалып жатқандығын хабарлады. Аталған жоба іске қосылған жағдайда «Ауыл аманаты» арқылы кәсібін бастаған азаматтарға тауарларын қалаға жеткізіп, сатуға мүмкіндік жасалады.

«Адамнан ауыл көшпейді…»

«Ауыл аманаты» жобасы халықтың, әсіресе жастардың ауылдан көшуін төмендетуге септігін тигізеді деген үміт бар. Жоба басталғалы бері облыс ауылдарына 300-ге жуық отбасы қоныс аударған. Тоқсаныншы жылдардың басында жұртпен бірге ауылдан көшкен Серікбай Жұмағалиев былтыр Ойыл ауданының Бестамақ ауылына көшіп барған. Ол құс шаруашылығымен айналысуға ниеттеніп отыр. Форум барысында шаруа өз жоспарларымен бөлісті.

Шарада сөз алған Қуатбай Асабаев та былтыр Маңғыстау облысынан Мұғалжар ауданының Жұрын ауылына көшіп келіпті. Ауылдағы жағдайдың қаладан еш кем емес екендігін айтқан ол мал өсірмекші.

Қазір ауылдағы жағдай жақсарды. Өткен жылы мемлекеттен қайтарымсыз грант алып, мал басын көбейттім. Қазір Жұрындағы үйімді кепілге қойып, «Ауыл аманаты» бойынша несие рәсімдеп жатырмын. Мен ауданды көкөністермен, картоппен қамтамасыз етуді жоспарлап отырмын. Ауыл әкімдігі өзен бойынан бір гектар жер бөлді. Облыс тұрғындарына, әсіресе ауыл тұрғындарына осы мүмкіндікті пайдаланып, бар болғаны 2,5 пайызға несие алып, өз ісін бастаудан қорықпау керектігін айтқым келеді. Бұл — өз өміріңді, отбасыңның өмірін жақсарту үшін таптырмас мүмкіндік, — деді Қуатбай Асабаев.

Ал Қуатбай Асабаев секілді қаладан ауылға көшіп барған Темір ауданының тұрғыны Тимур Шакимов дәстүрлі емес шаруашылықты дамытып, қоян өсіруді қолға алып жатқанын айтты.

Жобаға тағдырынан жеңілмеген Тайбекте қатысады

Өнер орталығында өткен «Ауыл аманаты — бабалар аманаты» атты форумға шалқарлық азамат Тайбек Өтегенов те арнайы келіп қатысты. Екі қолынан айырылған жігерлі жанның осы күнге дейін жеткен жетістіктері көпке үлгі.Тайбек Өтегенов —  еңбекқор, табанды жігіт.

Тайбек 21 жасында, яғни нағыз тепсе темір үзер шағында аңдаусызда байқамай екі қолынан бірдей айырылыпты.Қардың астында жатқан электр сымын байқамай басып қалып, 10 мың вольттық тоққа түседі. Содан аудандық ауруханаға жеткізілген Тайбекке операция жасалып, екі қолын иығынан кесіп тастауға тура келген. Оқыс оқиғадансоң дәрігерлер оған бірінші топ мүгедектігін берді.Тайбек бұл жолы жиналғандарға өз үйінің ауласындағы кәсібі туралы айтып берді.

— Шаруашылығымды «Бастау-Бизнес» бағдарламасы аясында бастадым. Кейін төмен пайызбен несие алдым. Қазір елімізде кәсібін бастаймын деген азаматқа қолдау көп. Ал 12 мүшесі сау бола тұрып, жұмыстың жоқтығына шағымданатын адамдарды түсінбеймін. «Ауыл аманаты» жобасы да еңбек етемін дейтін ауыл азаматтары үшін таптырмас мүмкіндік. Бұл жобаға өзім де қатысуға ниеттеніп отырмын. Күтер үмітім де, жоспарларым да көп, — дейді құс шаруашылығымен айналысып отырған Тайбек Өтегенов.

Айтпақшы..

Өңірлік жобаға қатысушыларға алғашқы кеңес беруден бастап өнімді өткізуді ұйымдастыруға дейін олардың құзыретін арттыру үшін кәсіпкерлер палатасы жанынан «QAZYNA» пилоттық оқыту жобасы басталды. Ауылда шағын жобаларды іске асыратын және өз білімімен бөлісуге дайын белсенді, табысты кәсіпкерлер пулы қалыптасты.

Форум барысында ауыл шаруашылығы саласының ардагері Келдібай Еспағанбетов ауылдағы ағайын мен жастарға үндеу жолдады.

— Атақонысты түлету, сол жерде өсіп-өну — ата-бабадан қалған өнеге. Осы салт-сананы сақтап отырған ауылдағы ағайын үшін «Ауыл аманаты» жобасы үлкен мүмкіндіктер ұсынады. Бірде-бір ауыл тұрғыны қалыс қалмай, белді бекем буып жобадағы мүмкіндіктерді пайдалану керек. Ауылдағы ағайынды, жастарды жобаға жұмыла кірісуге шақырамын. Ауылдан ешкім көшпесін! — деді ол.

Форум барысында Ералы Тоғжанов ауылдың дамуына белсене қатысып жүрген азаматтарға алығысын білдіріп, бірқатарын марапаттады. Шалқар ауданының тұрғыны Тайбек Өтегеновке «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін тақты.

Форум аясында біз тәжірибе алмасып қана қоймай, әлеуетті қатысушыларға жобаның нақты тетігін, іс-қимыл алгоритмін тағы да түсіндірдік. Келесі бағыттарымыздың қалай болатындығы, бағыты айқын. Форум жұмысын қорытындылай келе, «Ауыл аманаты» жобасына қатысушыларды одан әрі ынталандыратын жаңа кіші жобалар туралы жариялағым келеді, оларды бүгін бастауға рұқсат беремін! —  деген облыс әкімі Ералы Тоғжанов биыл «Үздік аула», «Үздік жеке қосалқы шаруашылық», «Үздік ауыл әкімі», «Үздік ауылдық кооператив» және тағы басқа 14 номинация бойынша жеңімпаздарды анықтайтын байқау жарияланғанын хабарлады.

10 меморандумға қол қойылды

«Ауыл аманаты — бабалар аманаты» республикалық форумы барысында «Абаттандырылған ауыл» жобасы аясында аудандардың әкімдіктері мен өңірдің бірқатар ірі кәсіпорны, шаруашылықтары арасында ауылдарда жалпы сомасы 1,7 млрд теңгеге әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыру туралы 10 меморандумға қол қойылды.

Маңызды құжаттар аясында «Нектар» ӨК — Алға ауданы Тамды ауылында кешенді спорт алаңын салуға, «Қойлыбаевтар әулеті» қоры Әйтеке би ауданы Қарабұтақ ауылында «Әкелер саябағын» абаттандыруға көмектеседі. Жеке кәсіпкер Спартак Төремұратов Ойыл ауданының Кемер ауылында жастардың бастамаларын дамытуға арналған орталығын салуға ниетті. Шалқар ауданының Біршоғыр ауылында «Мұғалжар Нефтестрой» ЖШС және «Диабаз-НТ» ЖШС қаражаты есебінен орталық саябақ бой көтермек және Біршоғыр станциясының кіреберісіне күрделі жөндеу жүргізеді. «Қазгеоруд» ЖШС «Әулие-Алтынды» жолының 27 шақырымын күрделі жөндеуден өткізіп, Мұғалжар ауданы Қайыңды ауылында спорт алаңын орнатады. «Айсая Ақтөбе» ЖШС Байғанин ауданы Жаңатаң ауылына 7 шақырым грейдерлік жол салады.

«Абаттандырылған ауыл» жобасы аясында кемінде 120 әлеуметтік маңызы бар жоба іске асырылады. Жобаның негізгі мақсаты — ауылды ХХІ ғасырдың дамыған ауылына кезең-кезеңімен трансформациялау, онда тұратын халық сапалы инфрақұрылыммен қамтамасыз етіледі.

Ақерке САТЫБАЛДЫ

КӘСІП ПЕН НӘСІП

Форумғааудан және ауылдық округтердің әкімдері, сондай-ақ «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы бизнес-идеясын жүзеге асыруға ниетті кәсіпкерлер де қатысты. Округ әкімдерімен және жоба қатысушыларымен тілдескен едік…

Ойыл ауданы Саралжын ауылдық округінің әкімі Марат Тәжіғалиев форумға «Ауыл аманаты» жобасына қатысып жатқан 22 кәсіпкерді бастап келіпті.

— Біздің округ тұрғындары белсенді, барлығы 103 адам кәсіп бастауға ниеттеніп отыр. Олардың 69-ы — құс, 23-і өсімдік шаруашылығын қолға алып жатыр. Ал 10 жоба мал сою, сүт өнімдерін өндіру цехы, монша, наубайхана секілді кәсіпкерлікке бағытталған, — дейді округ әкімі. Ойыл ауданынан келген кәсіпкерлердің бірі Серікбай Жұмағалиев өз жобасы туралы айтты:

— Саралжын ауылында туып-өстім. Отбасылық жағдайыма байланысты 1990 жылдардың басында Ақтөбе қаласына көшіп кеттім. Облыс орталығында жеке секторларда  әртүрлі салада қызмет жасадым. Отбасым бар, бес бала тәрбиелеп отырмыз. Мемлекет басшысының ауылдың жағдайын көтеру мақсатында берген тапсырмасына сәйкес ауылға көңіл бөлініп, ондағы тұрғындардың әл-ауқатын көтеру үшін тиімді жобалар мен мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылып жатыр. Осыған байланысты менің де ойым өзгеріп, ауылда жеке қосалқы шаруашылықта жұмыс жасаудыұйғардым. Сондықтан өткен жылы Ақтөбе қаласынан туған ауылым Саралжын ауылдық округі Бестамақ ауылына қоныс аударып, отбасымның тұрмыстық жағдайын көтеру үшін «Ауыл аманаты» жобасына қатысып жатырмын. Құс шаруашылығы бағытын қолға алу үшін несие рәсімдеуге өтініш бердім. Тапсырған құжаттарым мақұлданып, 7 миллион 657 мың теңге қаражатым есепшотыма түсті. Ендігі мақсатым бизнес-жобама сәйкес ауылымда құс шаруашылығын дамытып, өнімдерін аудандағы сауда нүктелеріне өткізу.  Ауылдастарымды, облыстағы әр ауылдың тұрғындарын осы жобаға қатысып, отбасыларының әл-ауқатын көтеруге шақырамын. «Ауыл аманаты» жобасының ауыл тұрғындарына берері көп. Осы орайда түпкі мақсаты ауылдың жағдайын жақсартуға арналған жобаны жүзеге асырып жатқан ел Президентіне және өңір басшысына алғыс айтамын, — деді Серікбай Жұмағалиев.

Хромтау ауданы Ақжар ауылдық округінің әкімі Болатбек Дүйсенбин форумға ауылдан он шақты кәсіпкер келгенін, олардың төртеуі — Талғат Қуатов, Бауыржан Қуатов, Бектай Идрисов және Нағима Қоспаева — тауарлық несие алып жатқанын айтты.

Бауыржан Қуатовтың айтуынша, «Ауыл аманаты» — кәсіп бастауға, сондай-ақ шаруашылығын кеңейткісі келетіндерге тиімді жоба. Өзі ауылдағы «Данияр» шаруа қожалығынан 50 қой алу бойынша келіссөз жүргізіліп жатқанын айтты.

— Мәселен, 50 қойды бес жылға несиеге аламын. Жыл сайын барлық төлдің жартысын беріп отырамын. Алғашқы жылы каникул да беріледі деп жатыр. Менің есебімше, бес жыл ішінде 50 қойды 800-ге дейін көбейтуге болады. Қалай болғанда да «Ауыл аманаты» —  еңбек етемін, табысымды арттырамын деген ынта-ықыласы бар адамға тиімді жоба. Мен әскерден келген уақытта арман қуып, қалаға барғанмын. 2016 жылы ауылға қайтып келдім. Отбасым бар. Үш жыл бұрын ауылым Ақжарда қоғамдық монша аштым. Оны өз күшіммен төрт жылдай салдым. Қазір кәсіп бастауға ниет еткен адамды әліппесінен бастап оқытып, икемі бар салаға бағыттап жіберетін жобалар көп. Мемлекет тарапынан жасалып жатқан осындай қолдаулардың көп болғаны жақсы, — дейді Бауыржан Қуатов.

Ал Қобда ауданы Бесқұдық ауылдық округінің әкімі Жанна Төкешованың айтуынша, «Ауыл аманаты» жобасына қатысуға барлығы 43 адам ниет білдіріп отыр. Олардың 10-ы тауарлық кредит алмақшы. Құжат тапсырған сегіз адамның екеуінің жобасы мақұлданған. Олар құс шаруашылығымен айналысып, тігін цехын ашуды ниет етіп отыр.

«Ауыл аманаты» жобасына қатысып, тауық өсірудің қолға алып жатқанБекбол Байбосыновтың айтуынша,берекенің бәрі — ауылда.

— Мамандығым — мұғалім. Кәсіпкерлікпен бұрын да айналыстық. Мал базарында шайханамыз болды. Тандыр нан да пісірдік. Облыс орталығында 36 жыл тұрыппын. Туып-өскен жерім — Жиренқопа ауылы. «Ауыл аманаты» жобасы туралы естіп, үлкен мүмкіндікті жіберіп алмай, бір шаруашылықпен айналысып, балаларды да еңбекке баулуды жөн көрдік. Мақсатым — шаруашылыққа икемі бар балама бір іс ашып беру. Осылайша былтыр қалаға жақын Бесқұдық ауылына көшіп бардық. Ауылдан бір үй сатып алып, өзіміз жөндеп, газ бен суын кіргізіп, кіріп алдық. Келіншегім, үш балам бар. Менің ауылға қоныс аудару туралы идеямды отбасым бірауыздан қолдады. Аудан, ауыл әкімдігінің өкілдері аула аралап, үй жағалай «Ауыл аманаты» жобасы туралы түсінік берді. Бизнес-жобам бойынша 600 құс алуды жоспарлап отырмын. 3 миллион 300 мың теңгеге есептелді. Жоба мақұлданса, құсты Алматы жақтан алғым келіп отыр. Бұйырса, ауылдастарымды тауық етімен және жұмыртқасымен қамтамасыз еткім келеді, — дейді Бекбол Байбосынов.

Мен сөйлескен жобаға қатысып жатқандардың үшеуі де қаладан ауылға көшкендер. Кәсіп бастауға мүмкіндік беріп, отбасы табысын еселеуге көмектесетін «Ауыл аманаты» жобасына қала тұрғындары да қызығушылық танытып отыр.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button