Басты жаңалықтарМәдениет

Театрлардың жаңа тынысы

Президент тапсырмасынан соң

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес 2020 жылдан бері еліміздегі театрларда үлкен өзгерістер мен бастамалар қолға алынды. Президенттің халыққа арнаған Жолдауында: «Қазақстандағы театрлардың имиджін көтеру керек. Өйткені мәдениет саласының негізгі тармағына осы өнер түрі кіреді» деп қозғау салғаны да ел есінде.

Ресми мәліметтерге сүйенсек, Қазақстанда 65 театр жұмыс істейді. Оның 54-і — мемлекеттік. Біз жоғарыда атаған мерзімнен соң театрлардың 3-еуіне ұлттық, ал 9-ына академиялық статустары берілді. Сондай-ақ мәдениет саласы өкілдерінің, жалпы бюджеттік қызметкерлердің жалақысы өскені белгілі. Бұның барлығы —айналып келгенде Президент пәрменінен соң іске асқан игіліктер.

Ұлы суреткер, көрнекті жазушы Ғабит Мүсіреповше айтсақ, «хас сұлудың көз жасындай мөлдір өнер» — театрға қызығушылар қай кезде де көп. Рухани демалып, ерекше әсер алу үшін мәдениет мекемесіне баратындар аз емес. Осы орайда театралдардың мүддесін қорғап, олармен тікелей жұмыс істейтін Қазақстан театр қайраткерлері одағы соңғы жылдардағы оң өзгерістер туралы не айтады? Біз, бір жағынан, аталған ұйымның өңірдегі филиалының аяқ алысын білген едік…

Қазақстан театр қайраткерлері одағы өңірдегі өкілдігіне ақтөбеліктерге жақсы таныс актер Сержан Аманқұлов басшылық етеді.  Оның айтуынша,  одақтың осындағы филиалы Ақтөбедегі театр құрылған уақыттан бері жұмыс істейді. Ұйымға жерлес актерлер, өзге де театр мамандары мүшелікке енген.

Бұл қоғамдық жұмыс болғандықтан, бізге қаржылық жұмыстар, басқа да жауапты міндеттер жүктелмеген. Өз тарапымыздан актерлердің басын қосып, олардың жай-күйін білуге, өздерін толғандырған мәселелерін құзырлы органдарға жеткізуге мүдделіміз. Сондай-ақ кәсіби мерекеміз, басқа да атаулы күндерде еңбегімен көзге түскен, шынымен лайық әріптестерімізді марапатқа ұсынамыз.

Қазіргі уақытта Ақтөбенің театр саласында айтарлықтай проблема жоқ. Жағдай жылма-жыл жақсарып келеді. Одақ мүшелері тарапынан арыз-шағым болса, осындағы басшыларға жеткіземіз.

Қазіргі таңда облыстық филиалға Ахтанов театрының өзінен 19 адам мүше. Олардың арасында алдыңғы буын өкілдері де, жастар да бар, — дейді Қазақстан театр қайраткерлері одағы Ақтөбе филиалының төрағасы Сержан Аманқұлов.

Аталған қоғамдық-шығармашылық ұйымның негізгі міндеті — кәсіби театрлар мен әуесқой және халық театрлары ұжымдарының өсіп-өркендеуіне шығармашылық әрі материалдық жағынан көмек көрсету. Әдетте одақ театртану, театр сыны, актер, режиссер шеберлігі, драматургия, театр ісін ұйымдастыру, жастар театры мен студиялары, т.б. сахналық өнерге қатысты бөлімдерді біріктіреді. Оның театр ұжымына қажетті киім-кешектер, бутафория мен жарнамалар жасап шығаратын өндірістік комбинат болады.

Бұл ретте өңірде театр өнері жақсы дамығанын көпшілігі жақсы біледі. Оған дәлел ретінде Ақтөбедегі 3 өнер ұжымы — Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театры, «Алақай» қуыршақ театры және «Екі езу» сатира театрының жұмысын айтуға болады. Үш труппа да ұзақ жылдардан бері жемісті еңбек етіп, көрермендеріне түрлі жанрдағы спектакль һәм интермедияларын сахналап келеді. Әрқайсысының ірілі-ұсақты жетістіктері де бірталай. Кадр бойынша мәселе жоқ.

Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасынан кейін іле-шала, сол 2020 жылы Ахтанов театрына 55 адамға шақталған үлкен автобус берілді. Барлық керек-жарақпен жабдықталған қоғамдық көлік біздің алыс-жақын елді мекендерге, қалаларға қиындықсыз қатынауымызға жол ашып берді. Сондай-ақ сол жылы «Жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында театрдың жөндеу жұмыстары басталды. Былтыр күзге дейін жалғасқан жөндеу жұмыстарының арқасында театр ғимаратының қасбеті, көрермендер залы, сахна жабдықтары толығымен жаңартылды. Соның ішінде бағасы қымбат дыбыс және жарық беру құрылғылары сатып алынды. Тағы бір жаңашылдық — облыстық драма театр ұзақ жылдардан соң алыс-жақын облыстарға гастрольдік сапарларға шыға бастады. Айталық, былтыр Түркістан, Шымкент, Алматы, Астана, Қызылорда қалаларына өнер сапарларын ұйымдастырып, ең жақсы деген спектакльдерімізді сондағы жұртшылыққа ұсындық. Биыл да сол жақсы бастама жалғасын тауып, Маңғыстау облысында болып қайттық. Бұйыртса, жазға салым басқа да өңірлерді қамту жоспарда бар. Мұндай жақсылықтар — үлкен автобус, гастрольдік сапарлар, ірі жөндеу жұмыстары — бұрын-соңды болмаған, Президент тапсырмасынан соң атқарылған ауқымды жұмыстар екенін айта кеткен абзал. Мұнымен бірге Ақтөбе театры халықаралық, республикалық деңгейдегі фестиваль, байқауларды да өткізе бастады. Осының барлығы театр имиджін көтеру, мәдениет саласын қолдау деп білеміз.

Қазіргі таңда театрдың қазақ және орыс труппаларында барлығы 60 актер еңбек етеді, — дейді өңірдегі мәдениеттің қара шаңырағы — Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театры директорының міндетін атқарушы Жандос Еспанбетов.

Осы тұста ақтөбелік өнер қайраткерлері тек мемлекеттік марапат, құрметті атақтарды беру жағынан көбіне-көп атаусыз қалатынын ескермегенде, барлығы жолға қойылғанын айтады. Бұл ретте үш театрдың басшылығы да бірауыздан Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты комитетке ұсыныс хатты жолдағанын, ведомствоға жаңадан тағайындалған басшыдан енді жаңалық күтетінін жеткізді. Ең бастысы, сең қозғалды. Демек, жағымды жаңалықтар да көп ұзамай жетуі керек…

Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button