Басты жаңалықтарМәдениет

«Екі езу» екі мүшелге толды

Өткен ғасырдың сексенінші жылдары құрылған «Тамаша» ойын-сауық отауының концерттерін тұтас ауыл болып теледидардан тамашалаған күндер есімізде. Одан кейін «Бауыржан шоудың» қойылымдары көрерменін күлкіге булықтырып, халықтың көңілін көтерді. Кейін құрылған «Шаншар», «Шымкент шоу», «Терісқақпай» театрлары сол кездегі қоғамдағы әлеуметтік мәселелерді әзілмен жеткізіп, сахнаның сәнін сатирамен келтірген-ді. Егемендіктің елең-алаңындағы жұмыссыздық, тұрмыстық қажеттіліктің тапшылықтарынан тұнжырап жүрген жұрттың көңілін осындай өнер ұжымдары көтерді. Үміт сыйлады, қазіргі тілмен айтсақ, мотивация берді. Артистер астарлы әзілдерімен елдің жайын жоғарыға жеткізетін. Міне, солардың ізбасары болып, осыдан 25 жыл бұрын Ақтөбеде алғаш рет «Екі Езу» әзіл-сықақ театры пайда болған-ды. Әлқисса…

Бүгінде республикалық деңгейдегі театрлармен иық тіресіп тұрған «Екі Езу» биыл екі мүшелге толып отыр. 25 жыл бойы елдің езуін жидырмаған ақтөбелік әзіл-сықақ театры құрылған күннен тез танылды. Еліміздің батыс өңіріндегі алғашқы һәм бірегей өнер ұжымы да, ондағы қызметкерлер де бүгінде көпке белгілі.

«Екі Езу» эстрадалық миниатюра театры 1998 жылы 22 наурызда облыстық «Ақтөбе» қоғамдық-саяси газетінің жанынан күлкі клубы ретінде құрылған. Сол кездегі газет тілшісі Нұрлыбек Жұбатқанның бастамасымен ашылған театр құрамына қаладағы талантты жастар тартылды. Алғашында театр репертуарында Нұрлыбек Жұбатқанның жазған әзіл-сықақ қойылымдары болды.

Бақыт Айтова, Нұрдәулет Ақжігітов,  Берік Нұрмағанбетов, Талғат Тілеулесов, Гүлсім Қаратаева сынды театрдың алғашқы мүшелері артистік шеберліктерін «Екі Езудің» жұмысының жандануына арнады.

Жалынды, өнерлі, белсенді жастармен өнер сахнасына бет алған топ тез танылды.  2001 жылы 2 сәуірде сол уақыттағы облыс әкімінің шешімімен театр мемлекеттің құзырына өтті.

Театр  Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облыстарында және Тараз, Талдықорған, Алматы, Астана қалаларында гастрольдік сапарларда болды.  Алматы қаласындағы  «Гүлдер» ансамбліне және «Тамаша», «Күлкі керуені», «Көпен келе жатыр», «Құдайберген – театр» атты әзіл-сықақ театрларынан шақыртулар алды.

«Екі езу» театры 2001 жылы тұңғыш рет республикалық деңгейде Алматы қаласында ұйымдастырылған әзіл-сықақ сайысында жүлделі  II орынды иеленіп, сол жылы Астана қаласында өткен халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінде бас жүлдені жеңіп алды. 2012-2014 жылдары «Хабар» арнасы ұйымдастырған «Ду-думан» телевизиялық шоуына қатысып, «Көрермендер көзайымы» және «Ең үздік музыкалық қойылым» номинациясымен марапатталды.

2013 жылы Ұлттық арнаның ұйымдастыруымен өткен «Жұлдызды сәт» сайысында жеңіске жетті.

Астана қаласында өткен халықаралық «Бауыржан FEST» әзіл-сықақ фестивалінде Жарасқан Әбдірашев атындағы арнайы жүлдені жеңіп алды.

Арқалық қаласында өткен этнограф, жазушы, сықақшы  Сейіт Кенжеахметов атындағы республикалық «Мірдің оғы» әзіл-сықақ фестивалінің 3 дүркін бас жүлде иегері атанды.

Театрдың көркемдік жетекшісі Нұрлыбек Жұбатқан 2020 жылы Павлодар қаласында өткен сатирик жазушылардың сайысында Жүсіпбек Аймауытов атындағы арнайы жүлдеге ие болды. Арал қаласында өткен  қазақ өнерінің тарланы, дарынды актер, халық артисі Құдайберген Сұлтанбаевтың 75 жылдығына арналған  әзіл-сықақ отауларының  «Шын күлкі ардан биік, шың бір өнер» атты республикалық байқауында I орын иегері атанды.

«Екі Езу» театрының ұйымдастыруымен өткізіліп келе жатқан республикалық «Айтқыштар — Ақтөбеде» әзіл-сықақ фестивалі тоғыз рет жоғары деңгейде өтті.

2022 жылдың қазан айында Алматы қаласындағы Республика сарайында театр араға 10 жыл салып концерттік бағдарламасын өткізді. Театрдың көркемдік жетекшісі, жазушы, сатирик Нұрлыбек Жұбатқан «Ерен еңбегі» медалін ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан алды. 2003 жылы Нұрлыбекке «Жыл адамы» атағы берілді. Ол ҚР Мәдениет қайраткері, Ақтөбе облысында театр саласына қосқан елеулі еңбектері үшін Мәдениет министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталған. Нұрлыбек — республикалық «Ара» сатиралық журналының Ақтөбе облысындағы меншікті тілшісі болып қызмет атқарған, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Оның жазған шығармалары республика сахналарында орындалып жүр.

Қазір театр Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармония құрамында жұмыс істейді.

ӨНЕР ОРДАСЫНДА…

Нұрлыбек ЖҰБАТҚАН,

театр жетекшісі:

— Жалпы, өнер адамының елге танылуы көп еңбекті қажет етеді. Ал ұжымның атын шығару үшін одан екі есе көп жұмыс істеуің қажет. Ақтөбеде тұңғыш отауы тігілген сатира театрын жалпы Қазақстанның батысына ортақ театр десем, артық айтпаймын. Театрдың алғашқы уығын тіккен өнерпаздар Ақтөбе, Атырау, Орал қалаларының түлектері еді. «Екі езу» құрылған жылдан бастап-ақ бірден көрерменнің көңілін таба білді. Салмақты әзілдерімен өзге театрлардан оқ бойы озық екендігін көрсетті.

Бір күні «неге, біз республика көлемінде танылмаймыз?» деген ой туды. Бірақ ол үшін қыруар қаражат керек. Батыста хабарлары тұтас республикаға тарайтын телеарна жоқ. Бәрі Алматы қаласында. Алматының сахнасы да бізді тосып отыр деймісің? Оның үстіне ол жақта мүйізі қарағайдай «Тамаша», «Бауыржан шоу», «Терісқақпай» театрлары бар. Олармен үзеңгілес «Шаншар» мен «Шымкент шоу» театрларының да мүйізі қылтиған шақ. Біз тоқал ешкі құсап Ақтөбеде әлі жүрміз. Ақыры, тәуекелге бел будық.

2005 жылдың қазан айында 100 мың теңгемен Алматы қаласына аттандық. Бірден Республика сарайына бас тіредік. Залдың жалға беру құны — ол кезде бір миллион теңге. Төбе шашым тік тұрды. Мұндай мол ақшаны естіп көрмеппін. Өзімнің айлық жалақым — 50 мың теңге. Ондай қаражат қайдан болсын? Қасымдағы марқұм актеріміз Нұрдәулет Ақжігітов пен бас әкімші Күлан Ідірісова шошып кетті. Жүздерінен «есіміз барда елімізді табайық» дегенді оқып тұрдым. «Бақсақ, бақа екен» демекші, бұл тек бастамасы ғана екен. Сарай сахнасын безендіру құны 500 мыңға барып жығылады. Елге қайтуға бет жоқ. Сөмкеден ақ парақ алдым да кепілдеме хат жазып, қолды қойып, мөрімді басып, тастап кеттім. Демнің арасында осылайша бір миллион жарым теңге бережақ болып шыға келдім. Енді телеарналардан жарнама жүргізу керек. Оның кұны он күнге 150 мың теңге екен. Екі арнаға тағы да үш жүз мың теңгеге кепілдеме хат бердім. Республикалық телеарнаға жарнамаға түсу де қыруар қаражатты талап етеді. Оның үстіне қонақүй мен күнделікті жүріс-тұрыс та қалтамызды «тесіп» барады. Қысқасы, Алматы қаласындағы «Екі Езудің» концертін ұйымдастыру үшін 3 миллион теңгеге жуық қарызды мойныма алдым. Өтелмесе, заң алдында жауап бересің. 2005 жылы бұл — көп ақша. Өнер үшін басымызды қатерге тіктік. Енді қарыздан құтылудың бір-ақ жолы бар. Ол — 3 мың билетті сату. Танылмаған театрдың билеттерін кім алады? Содан үшеуіміз билетті бөліп алып, Алматы қаласын кезіп кеттік. Біздің театр туралы алматылықтардың хабары жоқ. Амалымыз құрып, жерлестердің көмегіне жүгіндік. Осылайша бір ай көлемінде барлық билет түгел дерлік сатылды. Бір дорба ақшаны арқалап, қарыздарымыздан құтылдық. Алғашқы концертіміз аншлагпен өтті. Алматы көрермендері жылы қабылдады. Ақтөбеден Ғазиза Жұбанова атындағы облыстық филармония әншісі Феруза Нарман, ақтөбелік әншілер Сәукеле Қоспанова, Азамат Бекбергенов, Данияр Сағынтаев, Есет Сәдуақасов, «Аққу» би тобы және Мирас-Құралай Бекжановтардың да Республика сарайындағы алғашқы қадамдары осы концерттен басталды. Кейін Алматы қаласында өткен концерттерімізге жерлес әншілеріміз Марат Әйтімов, Аллаберген Жақсыбаев, Сәния Жұмабековалар қатысты. Ақтөбе қаласында өткен «Туған жерге тағзым» атты форумда сыйлы қонақтардың тізіміне іліккен өнер иелері К.Шайқақов, Б.Ордин, Е.Сәдуақасовтар да осы сатира театрынан ұшып шыққан түлектер. Міне, «Екі Езу» сатира театрының тұңғыш республика жұртшылығына танылу қадамы осылай басталды…

Бекбол ТӘТЕБАЕВ,

режиссер, актер:

— «Екі Езу» театрына келуімнің өзі мен үшін естен кетпейтін кезең. Бір себептермен 2008 жылы тамыз айында Ахтанов театрынан жұмыстан шығып кеткен болатынмын. Әлі ұмытпаймын, арада алты ай уақыт өткенде 2009 жылы  ақпан айының алғашқы күндері болатын. Кешкілік сол кездегі әріптес әрі құрдасым Шынтас Омаров үй телефонына хабарласып: «Бекбол, «Екі Езу» театрына барамыз ба?  Екеумізді актер болуға жұмысқа шақырды» дегенде, рас, қуандым, өйткені, біріншіден, бүкіл қазақ жұртына таныс театр ғой, екінші жағынан, қорқыныш та болды. Оны жасырмастан бірден айттым: «Біз келістіре аламыз ба? Жанры бөлек театр ғой». Содан ойымызды саралап, талқылап, қысқасы, баратын болып келістік.

«Екі Езу» театры талайға арман болған, талай жұлдыздар қанат қаққан, Көпен Әмірбектің  сөзімен айтсақ,  «Екі Езу» деген мүйізі қарағайдай бірден-бір мемлекеттік сатира театры» ғой. «Бұл қалай болар екен?» деген сұрақ театрға келгенше мазалады.

Театр ұжымы бұрынғы филармония ғимаратында екен. Кірген бойдан «Екі Езу» театрының директоры Нұрлыбек Жұбатқанның кабинетіне тарттық.

Келетінімізден хабардар екенін білдіріп, екі езуі құлағына жеткен, қашандағы күліп жүретін қуанышты кейпімен ағамыз қолымызды алып қарсы алды.

«Ал, жігіттер, төрлетіңдер, жұмысты бірден бастаймыз ба, әлде танысып аламыз ба?» — деп қалжыңмен сөзін бастап, театрдың ұжымымен таныстырып, жұмыс жоспарын қоса айтты. Осылайша айналдырған бір-екі сағаттың ішінде біз «Екі Езу» театрының актері болып шыға келдік. Сөйтсем, мен Нұрлыбек Жұбатқанмен сонау Ойылдың Қайыңдысында, яғни ауылда жүргеннен таныс екенмін. Бірталай шығармасын облыстық «Ақтөбе» газетінен оқығанмын.

Сол күні шығармашылық туралы ұзақ сөйлесіп, үйімізге кеш қайттық.

Ертеңіне қызық болды, мені ертіп әкелген құрдас әріптесім жұмысқа келмей қалды… Себебін кейін білдім.

Содан бері «Екі Езу» театрында қызмет етіп келемін, оған да 14 жыл болыпты..

Биыл театрымыздың 25 жылдық мерейтойы аталып өтеді.

«Екі Езу» театры Ақтөбе өңірінің абырой, атағын талай жерде асқақтатты деп айта аламын. Еліміздің белгілі театрларымен үзеңгі қағыстырып, бәйгелерден құр қол қайтқан емес. Бірнеше бас бәйге, жүлделі орындар, телевизиялық шоу бағдарламаларда көрерменнің көзайымы болып, көптің көңілінен шығып келеді. Әріптестерімді, жалпы театрымыздың көрерменін атаулы 25 жылдық мерейтойларымен құттықтаймын.

Досбол БОСТАН,

театр артисі:

— Мен негізі драма театр актерімін. Мектепті бітіріп, Ақтөбе қаласындағы көпсалалы «Тарлан» колледжіне актерлік өнер мамандығына оқуға тапсырдым. Сол кезде мені «Екі Езу» сатира театрының көркемдік жетекшісі Нұрлыбек Жұбатқан өзі оқуға қабылдаған еді.  Бала кезімнен теледидардан көріп жүрген «Екі Езу» сатира театрының актерларын өз көзіммен көргенде сол бала кездегі осы кісілермен бір сахнада ойнасам ғой деген арманым есіме түсті де, қалайда осы театрдың бір мүшесі болуым керек деген мақсат қойдым.  Сол мақсатыма жету үшін ізденіп жүрдім. «Мені жұмысқа алыңызшы», — деп үш жыл бойы театрдың есігін қағумен болдым. Ол кездерде мүмкін шынымен де дайын болмаған шығармын. Әйтеуір, Нұрлыбек ағамыз бірдеңелерді айтып, күлдіріп шығарып салатын. Бірақ қазір өзім армандаған «Екі Езу» сатира театрының актерімін. Тамыры терең, тарихы таудай театрда жұмыс істеу — менің өнердегі жетістігім.

 Диас СИСЕНБАЕВ,

актер, әнші:

  • Алты жасымнан ән айтамын. Өнерді жақсы көремін. Мектепте театр үйірмелеріне қатысып, конкурстардан қалмадым. Бірақ бірдеңе жетіспейтін сияқты болатын да тұратын. Ол үлкен сахнаға шығып елге танымал болу еді. Мен үшін оның бірден-бір жолы — «Екі Езу» сатира театрына жұмысқа тұру болатын. Өйткені осы театрға келгендердің бәрі жұлдыз болып кетеді. Есет Сәдуақасов, Асхат Тарғынов, Азамат Бекбергенов, Жаңабай Өтегенов, Данияр Сағынтаев, бүгінгі жастардың «кумирі» «Калифарния» есімімен танымал Фархад Қалиевтердің бәрі өнер жолын осы жерден бастаған екен. Тізе берсем көп-ақ. Енді Нұрлыбек Жұбатқанға жолығу керек деп шештім. Анамды ертіп Өнер орталығына іздеп келдім. Ол кезде жасым он екіде еді. Театр басшысы жылы қабылдады. Қуанып кеттім. Сол кездескеннен араласып кеттік. Өнердегі ағам деп сыйлаймын. Театрдың  шаңырағына бас сұққалы бармаған жерім жоқ. Ең есімде қалғаны —  тұңғыш рет Алматы қаласындағы Республика сарайында өнер көрсеткенім. Маған арнап «Сырғалы қыз» деген ән шығарып берді. Сөзін ақтөбелік айтыскер ақын Жұлдыз Қожабекова жазды. Арманым орындалды. Нұрлыбек көкем ең бірінші кездескенде болашақта осы үлкен сахнаға шығарамын деген уәдесінде тұрды. Енді қазір жаңа әндер жазып жатыр. Айтпақшы, сәуір айында Алматыға тағы ән айтуға барамын. Нұрлыбектің шәкірті актер Бауыржан Орда Республика сарайында «Қырық бестің қалжыңы» атты шығармашылық жеке кешін өткізбекші, соған қатысамын.

Қазір мен Ақтөбе гуманитарлық колледжінің үшінші курс студентімін. Болашақта «Екі Езу» сатира театрында қызмет етіп, қазақ өнерінің дамуына үлес қосуға тырысамын.

 Динара ЖҰЛДЫЗ,

театр актрисасы:

— Театр — бөлек әлем. Мен бала кезде киноға түсуді армандайтынмын. Осы арманға жету үшін мектеп бітіруге асығып, 9-сыныптан кейін оқуға түстім. Бұған қатты қуанып, арманыма бір қадам жақындап, өзім үшін керемет шешім қабылдағандай болдым. Колледжде оқып жүргенде Ақтөбеде сатира театры бар екенін біліп, сол театрдың артисі болсам деп армандадым. Колледждегі оқуды бітірген соң театрға келдім. Маған үлкен мүмкіндік берген, жолымды ашқан, артистік қабілетімді шыңдаған Нұрлыбек ағам болды. Мені шын көңілмен қабылдап, қолдағаны соншалық — театрға келер-келместен Республика сарайының сахнасына  алып шықты. Мен бұл театрмен әлі де көп жетістікке жетеріме сенемін.

Құралбек ҚҰРМАНАЛИЕВ,

театр артисі:

— Байғанин ауданының тумасымын. Ауылда мектеп қабырғасында жүргенде концерттерге қатысып, мерекелік шаралардан қалмайтынмын. 2004 жылы 22 наурызды Ақтөбе қаласында қарсы алайын деп ауылдан келдім. Сол тұста «Екі Езу» театрына жастарды қабылдап жатыр деген хабарды естіп, Азамат Бекбергеновтен анық-қанығын сұрадым.

Ол театр директоры Нұрлыбек Жұбатқанмен таныстырып, оған ауылдағы қойылымдарда жазылған кассеталарымды бердім. Көп ұзамай маған: «Ауылдың қара баласы екенсің. Театрға кел, көр, таныс» деді. Бірақ жұмысқа алынуым-алынбауым белгісіз еді. Өйткені арнайы мамандығым жоқ. Сол уақытта мен Қарауылкелдідегі кәсіптік лицейде бұрғылаушы мамандығында оқып жүрдім. Театр директоры аудан әкімі мен мектеп әкімшілігіне хат жазып, мені сұрап алып, жұмысқа қабылдады. Бұрғылаушы мамандығын меңгеріп жүрген ауылдың қара баласы әп сәтте театрдың қызметкері боп шыға келді. Бір жылдан соң Алматы қаласындағы Республика сарайында Құдайберген Сұлтанбаевпен бірге өнер көрсеттім. Сол кездегі қуанышым, әсерім әлі есімнен кетпейді. Содан бері 18 жыл өтіпті.

Сол кезде театр директоры Нұрлыбек Жұбатқан жұмысқа алмаса, жергілікті мұнай компанияларының бірінде бұрғылаушы боп жүрер ме едім… Мені өнерге алып келді. Театрдың актері болған марқұм Нұрдәулет Ақжігітов көп нәрсені үйретіп кетті. Ал театрға келгенде алғаш көрген апайым Гүлсім Қаратаева әлі күнге дейін ұстаздық етіп келеді.

ЕЛ ТАНЫҒАН ТЕАТР

Тұңғышбай ӘЛ-ТАРАЗИ,

Қазақстанның халық артисі:

— «Екі Езу» сатира театрын көп жылдан бері білемін. Бұл ұжым әрдайым бәйгенің басында жүреді. Тілдері өткір. Қоғамдағы ащы дүниелерді ешкімнен тайсалмай айта алады. Осыдан он шақты жыл бұрын республикалық «Жұлдызды сәт» жобасында қазылар алқасы құрамында болдым. Сол кезде осы театрдың жастары қатысты. Неше түрлі театр жанрымен таңғалдырды. Әсіресе көпшілік театр бара бермейтін көлеңкелі қойылым қойып, аузымызды аштырды. Бұлар — үлкендері жастарын, жастары үлкендерін жетектейтін театр. Театрдың басшысы Нұрлыбек Ақтөбе облыстық Тахауи Ахтанов драма театрында басшы болған уақытта бірнеше рет мені арнайы Ақтөбеге шақырды. Бірінде өзі жазған «Коммандос» комедиясының тұсаукесеріне келдім. Сол кездегі облыс әкімі Бердібек Сапарбаевпен бірге тамашалап, ішек-сілем қатып күлдім.

Өте еңбекқор жігіт. Сол театрда ең алғаш рет жас режиссерлердің «Балауса» эксперименталды фестивалін ұйымдастырды. Бірінші құрметті қонағы мен болдым. Естуімше, бұл жоба жыл сайын қарқын алып, дүниежүзілік фестивальге айналыпты. Мұндай тарихы тереңге кеткен, 25 жылдан бері өнер майданында адал қызмет етіп келе жатқан театр ұжымы елге аса қажет.

Жақында «Екі Езу» сатира театрының негізінде облыстық сатира театры құрылады деген жақсы хабарды естіп, қуанып қалдым. Ұжымға шығармашылық табыстар мен жақсы қойылымдар тілеймін.

Асқар НАЙМАНТАЕВ,

Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері:

— «Екі Езу» театры тасада қалған өнер ордасы емес. Қашанда езу тартары елдің есінен кетпейтін, арзанқол, дарақы күлкіден ауылы алыс, сатираның салмағын, қалжыңның қайырын, әзілдің әмірін саралап, өн бойына сіңірген, қазіргі әзіл-оспақ театрларының оқ бойы алдында тұрған театр.

Театр жетекшісі Нұрлыбек Жұбатқанмен «Екі Езуге» «толғатып» жүрген кезінде танысқанмын. Ол кезде дүркіреп тұрған «Тамашаға» автор болып, оның жазған дүниелерін асыға күтіп жүретінбіз. Өзі әзіл жағалаған жігіт екен, бізді жатсынбай, жақын жүрді. «Тамашаның» 15 жылдығында бәрімізді Ақтөбеге шақырып, дүбірлі думан жасады. Сөйтсек, Нұрлыбек сол кезде «Екі Езуге» «ауыраяқ» екен ғой! Түйенің етін емін-еркін жеп жүрген ауылдың баласы болса да, «толғағы» ұзақ күттірмеді, «Екі Езуді» гүрс еткізіп «туа салды». Содан бері театрдың тұсаукесер, «сүндет тойы», «алғаш қызға қараған күні», «тұңғыш көзі көгерген күні» сияқты барлық той-томалағынан қалдырған жоқ, «Екі Езу» көз алдымызда өсіп келеді.

«Бұрын шыққан құлақтан кейін шыққан мүйіз озды» дегендей, өзіне дейінгіні де, кейінгіні де екі жылда бір рет басын қосып, «Айтқыштар — Ақтөбеде» деген фестиваль өткізіп тұрады. Бұл — Қазақстанның әзіл әлеміндегі жалғыз ғана фестиваль. Сондықтан әзілкештер үшін оның беделі ерекше!

Міне, биыл тағы да «Екі Езу» той тойламақшы екен. «Үйленетін жасқа» жеткен сияқты. Не де болса, тымырайған Нұрлыбекті, былдырлаған Берікті, қырылдаған Құралбекті, берекелі пішілген Бекболды, барлық «Екі Езуге» жабысқан, керіскен, келіскен жұртты құттықтаймын!

Нұрбек МӘДИЕВ,

Мемлекеттік Жастар сыйлығының иегері, «Бауыржан шоу» әзіл-сықақ театрының бұрынғы актері, «Ара» сатира театрының көркемдік жетекшісі:

— «Екі Езуді» сонау жылдары алғаш рет телеарнадан көрдім. Сыртынан атына қанық едім. 2000 жылы «Атырау» телеарнасында Нұрлыбекпен кездесіп, таныстық. Сәлемімізден соң-ақ әңгімеміз жарасып кетті. Өнер, мәдениет туралы шүйіркелесіп тарасқанбыз. Содан бері арақатынасымыз үзілген жоқ. Талай республикалық сахналарда бірге өнер көрсеттік. «Екі Езу» ұжымы ізденімпаз, еңбекқорлығымен ерекшеленеді. Түрлі конкурстар ұйымдастырады. Жүлделеріне ие болдық. Нұрлыбек бізге сценарий жазып беріп тұрады. Оның «Бұқа» деген туындысын көрсеттік. «Барсакелмес базары» қойылымын да қойып жүрміз. Театр артистер үшін емес, елге қызмет ету үшін қажет. Ал «Екі Езу» 25 жыл бойы көрерменін күлдіріп, елге қызмет етіп келеді. Театр ұжымына сәттілік тілеймін!

Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button