Басты жаңалықтарМәдениет

Корея төрінде қазақ әндері шырқалды

Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияның қазақ камералық хоры гастрольдік сапармен Оңтүстік Корея еліне барып қайтты.

Кореяның бірнеше қаласында өткен Дүйсен Қасейіновтің «Бар байлығым – достарым» атты VII халықаралық хор музыкасы фестиваль-симпозиумы аясында біздің өнерпаздар таң самалы елін өнерімен тамсандырды.

Аталған өнер ұжымының көркемдік жетекшісі Мербол Құспановпен тілдескен едік…

Алты құрлықты тамсандырған хор ұжымы

1991 жылы 52 адамнан тұратын қазақ камералық хор ұжымының негізі қаланды. Оның алғашқы көркемдік жетекшісі және дирижері Тұрым Алагөзов болды. Сол кездің өзінде ұжым репертуары хорға лайықталған қазақ әндерімен, халық композиторларының, орыс және шетел композиторларының шығармаларымен қамтылған еді.

Қазақ камералық хорының көркемдік жетекшісі Мербол Құспановтың айтуынша, түрлі қиындықтар салдарынан хор ұжымының тарап кеткен кездері де болған. Үлкен ұжымды қайтадан құруға 2000 жылдың «Мәдениет жылы» деп аталуы, осы жылы мәдениет саласында көптеген іргелі істердің атқарылуы себеп болған сияқты. Филармония ұжымы сол кездегі мекеменің директоры болған Есенгелді Дүйсенбаевтың да қосқан үлесі аз еместігін айтады. Сол жылы 10 тамызда «Ақтөбе облысы әкімінің камералық хоры» деген атпен қайта ашылған ұжымның көркемдік жетекшісі болып Несібелі Қоңырбасова бекиді.

Қайта жаңғырған хор ұжымында  ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері Светлана Айтбаева, Марат Әйтімов, Мирас-Құралай Бекжановтар, Жұлдыз Нұрқасымова сынды өнерпаздар өнер көрсетті.

Мен 2011 жылы Құрманғазы атындағы консерваторияны бітіріп, облыстық филармонияның қазақ камералық хорына артист және хормейстер болып келдім. 2015 жылдан бастап  көркемдік жетекші болып қызмет атқарамын. Өз ісін білетін, әрі оны сүйетін жандармен жұмыс істеу маған шабыт сыйлайды.

Әлі есімде, камералық хордың алғашқы іссапары Санкт-Петербургтен басталды. Ол кезде «Поющий мир» фестиваліне Қазақстанның атынан қатысқан едік. Оған Қытай, Франция, Бельгиядан,  Ресейдің Якутия аймағынан,  Мәскеу, Екатеринбург, Ставрополь сияқты қалаларынан келген 40-тан астам хор ұжымы қатысты. Солардың арасынан қазақ камералық хоры І орынды жеңіп алды. Бұл — біздің ұжым үшін үлкен жетістіктің бастамасы еді. Өнер ұжымы шетелге шыққанда талай нәрсеге көзі ашылып, кәсіби жағынан шыңдала түсті, — дейді хордың көркемдік жетекшісі Мербол Құспанов.

Оның айтуынша, биыл хор ұжымының 32-ші концерттік маусымы өтіп жатыр. Әлемнің алпауыт елдерінің әйгілі сахналарында өнер көрсетіп жүрген ұжымның жаңалықтары да баршылық.

Өткен жылдың қыркүйек айында Түркияның Изник, Бурса қалаларында жеке концертімізді бердік. Ол жақта төртінші дүниежүзілік көшпенділер ойыны өткен болатын. Ал 21-24 ақпан күндері Оңтүстік Кореяның Чеджудо аралында ұйымдастырылған Азия мемлекетінің хор ұжымдары арасындағы қысқы мәдени іс-шарасының симпозиумында біздің ұжым тамаша өнер көрсетті. VII халықаралық хор музыкасы фестиваліне 20-дан астам хор ұжымы қатысты.

Кореядағы бірінші концертіміз Пусанда, одан соң Чеджудо аралында ұйымдастырылды, дейді Мербол Құспанов.

Мербол Оразбекұлының айтуынша, Корей халқының қазақ өнерпаздарына деген құрметі ерекше болыпты. Олар қай жерде концерт өтсе де, іс-шараға уақытынан бұрын келеді екен.

Корейлер түркі музыкасын камералық хордың орындауында алғаш рет тыңдады. Әсіресе корей халқының «Ариранг» әнін айтқанымыз оларға қатты ұнағаны соншалық — қайталап орындауымызды сұрады. Қазақ камералық хоры бұл фестивальге 12 тілде ән дайындап келген еді. Жалпы, өнер ұжымының  қоржынында 600-ге жуық ән бар. Өнерсүйер қауымның қошеметін көру өнер адамына үлкен шабыт береді, дейді хор жетекшісі.

Мербол Құспанов қандай да бір өнер ұжымы шетелге шыққанда қазақ ұлтының ерекшелігін көрсетуге, оны әлем жұртшылығына танытуға тырысуы керек екенін айтады.

—  Біз фестиваль аясында Қазақстанның келешегі кемел мемлекет екенін көрсете алдық. Әлемдік деңгейдегі мықты деген өнер ұжымдарымен тең өнер көрсеттік. Осы фестивальге шақырту алғанымызға қуаныштымыз. Бұл біздің кәсіби түрде өсуімізге септігін тигізеді, — деп қосты Мербол Құспанов.

Мәдениеті дамыған мемлекет

Оңтүстік Корея еліне гастрольдік сапарға қазақ камералық хоры ұжымымен бірге барған ҚР Мәдениет саласының үздігі Дина Ниязова өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында бірнеше күн бойы таң самалы елінде өткізіліп жатқан фестиваль барысын жариялап тұрды. Қазақстандағы көрермені де хордың өнерін жоғары бағалайтынын ондағы жазылған пкірлерден-ақ көруге болатын еді.

Әрбір хор ұжымының өзіндік жолы, репертуары болады. Хормейстерлер тек өзінің ұжымын танытып қана қоймай, басқа елдің өнеріне де құрметпен қарауға міндетті. Осы тұста өнерпаздар барынша жоғары деңгейде өнер көрсетуге тырысты.

Кәріс ұлтының өнерге деген құрметі баршамызды тәнті қылды. Олар кез келген жерде ойын-сауық ұйымдастырып, думандатып жүреді екен. Кәріс дорамаларын көрген болсаңыздар, музыкалық аспаптарын алып, көшеде ән айтып жүретіндерді жиі байқауға болады. Өнерді бағалауы ерекше. Көрермендер, негізінен, «жанды» дауыстағы концерттерді көру үшін қаражатын аямайды екен. Олардың концерттік залдарының акустикасының өзі жоғары деңгейде, — дейді Дина Ниязова.

Сонымен қатар өнер ұжымы «Түріксой» халықаралық фестивалінің 30 жылдық мерейтойына арналған концерттерді Ақтөбе және Алматы қалаларында ұйымдастырды.

P.S. Өнер ұжымының ендігі алға қойған мақсаты — академиялық атақ алып, қазақ өнерін күллі әлемге паш ету. Тағы бір қуанышты жаңалық — ақтөбелік Қазақ камералық хоры Индонезия, Филиппин, Америка Құрама Штаттарына шақырту алып отыр.

Ақмарал МҰҚАШЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button