Спорт

Республикалық турнир өтті

Каратэ

Ақтөбе қаласындағы Жекпе-жек сарайында каратэден республикалық турнир өтті.  Жарыс әлем және Еуропа чемпионы, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Ақтөбе қаласының және Алға ауданының құрметті азаматы Әшім Қалидің 60 жылдық мерейтойына арналды.

Сайыста 6 жастан бастап 35 жасқа дейінгі 500-ге жуық каратэші бақ сынады.

Шараға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова мерейтой иесіне облыс әкімі Ералы Тоғжановтың Алғыс хатын табыс етіп, иығына шапан жапты. Басқосуда Алға ауданының әкімі Нұрбол Ержанов та Әшім Қалиды мерейлі жасымен құттықтап, жылы лебізін білдіріп, алғалықтардың атынан ат мінгізді.

Айта кету керек, республикалық турнир дәстүрлі түрде биыл 22-ші рет ұйымдастырылып отыр. Әшім Қалидың айтуынша, болашақта каратэден халықаралық деңгейдегі жарыстар ұйымдастыру жоспарланыпотыр.

Бұған дейін халықаралық деңгейде шара өткізуді жоспарлаудың өзі мүмкін емес еді. Өйткені Жекпе-жек сарайы салынғанға дейін Ақтөбеде әлемдік деңгейдегі шараны өткізуге лайықты, талапқа сай келетін ғимарат болған жоқ. Бұл — бір. Екіншіден, әлем бойынша коронавирус инфекциясы өршігені белгілі. Үшіншіден, алыс шетелдерден Ақтөбеге тура қатынайтын ұшақтарболған жоқ. Соңғы жылдары әуерейстерінің саны артып, бұл мәселені шешуге мүмкіндік туды.

Бұрын каратэден өтетін турнирлерге менің есімімді беріп, Әшім Қали атындағы жүлде берілетін, кейін оны өзім алдырып тастадым. Өйткені әлемдік тәжірибеде жас спорт түрлерібіреудің атында өткізілмейді. Тек қаланың атауы аталады.

Каратэ бірінші рет 2020 жылы Токио Олимпиадасының бағдарламасына енді. Ұлттық құрама мүшелері Олимпиадада лайықты өнер көрсетті. Оның ішінде жерлесіміз Нұрқанат Әжіқанов та бар. Дегенмен 2024 жылы Парижде өтетін Олимпиаданың бағдарламасынан каратэ алынып тасталды. Десек те, 2028 жылы өтетін Олимпиада бағдарламасына енеді деген үмітіміз бар, — дейді Әшім Қали.

Қазір ол Ақтөбе қаласындағы №2 балалар және жасөспірімдер спорт мектебінде жас ұрпақты спортқа баулуда. Ондағы оқушылар каратэден тұңғыш әлем чемпионынан каратэ мен джиу-джитсудың қыр-сырын үйреніп жүр.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button