Басты жаңалықтар

Ералы Тоғжанов: Өңір тұрғындарының бірде-бір өтініші ескерусіз қалмайды

Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов   тұрғындармен кездесуде Алға ауданын дамытудың өзекті мәселелерін талқылады. Іс-шара Алға қаласында өтті.
«Бүгін сіздермен кездескеніме қуаныштымын. Президенттің Жарлығына сәйкес халықпен кездесулер жаңа форматта өтуде. Уақыттың басым бөлігі сұрақтарыңызға жауап беруге арналады», – деді Ералы Тоғжанов.

Аудан әкімі Нұрбол Ержановтың 2022 жылғы жұмыс нәтижелері және алдағы кезеңге арналған жоспарлары туралы қысқаша баяндамасы тыңдалды.
Бүгінгі таңда алғалықтардың 98,8%-ы газбен қамтамасыз етілген. Өткен жылы ауданда Талдысай ауылы газдандырылды. Жалпы саны 520-дай адам тұратын бес ауыл ғана көгілдір отынмен қамтылмаған. 2022 жылы 7 ауылға ауыз су тартылады. Ағымдағы жылға Тікқайың, Көктоғай және Қайындысай ауылдарын сумен жабдықтау жоспарланған, ал Маржанбұлақта қолданыстағы сумен жабдықтау жүйесі кеңейтілетін болады. Осылайша, жыл соңына қарай аудан халқының сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілуі 99,4%-ға жетеді.

Алға ауданында жол жұмыстарының көлемі 3,5 есеге артады. Барлығы 62,8 шақырым аудандық маңызы бар жолдар жөнделеді. Оның ішінде Алға-Қарабұлақ, Алға-Самбай жолдарын және Ақай ауылына кіреберіс жолды жөндеу аяқталады, Есет батыр-Қайнар жолының жөндеу жұмыстары басталғалы отыр.

Халықты кеңжолақты мобильді интернетпен және ұялы байланыспен қамтамасыз ету 100%-ға жетеді. Осы мақсатта 9 елді мекенде антенна-діңгек құрылыстары орнатылады.

Егіс науқанына дайындық жұмыстары белсенді. 2023 жылы ауданда егіс алқабы 15,1%-ға 76,1 мың гектарға дейін ұлғайтылады.

«Ауыл аманаты» аясында 400 жобаны жүзеге асыру, 15 отбасына тауарлы несие шартымен 127 бас мал беру жоспарлануда.

Кездесу барысында ауданның ең өзекті проблемалық мәселелері талқыланды. Барлық ауылдық округте жайылымдық жерлер тапшы. Осыған байланысты облыс әкімі пайдаланылмаған және мақсатсыз пайдаланылған жерлерді мемлекет меншігіне қайтару шараларын күшейтуді тапсырды. Естеріңізге сала кетейік, ағымдағы жылы облыс бойынша барлығы 700 мың гектар ауыл шаруашылығы жерлері қайтарылады. Өңір басшысының тапсырмасына сәйкес барлық қайтарылған жерлер жерге мұқтаж және онда жұмыс істеуге дайын тұрғындар арасында бөлінеді.

Сонымен қатар, Ералы Тоғжанов Алға ауданында қылмыс деңгейінің артқанын атап өтті. Осы бағытта нақты шаралар қабылдау және қылмыстың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның жұмысын күшейту тапсырылды.

Жалпы, кездесу еркін микрофон форматында өтті. Алғалықтар облыс әкіміне өздерін қызықтырған барлық сұрақтарға толыққанды жауап ала алды.
Болгарка ауылының тұрғыны мәдени-демалыс нысандарының жоқтығына қынжылды.

«Бес жыл бұрын отбасымызбен Ақтөбеден туған ауылымызға көшіп келдік. Шаруашылығымыз бар. Тұрақты табысы жоқ адамдарға ауылға оралуға кеңес бергім келеді. Бізде бәрі бар: жұмыс, жаңа балабақша, мектеп. Тек мәдениет нысандары жетіспейді, ауылдық клуб жоқ. Осы мәселені шешуге көмек көрсетуіңізді сұраймыз», – деді өңір басшысына Бибіжан Нұрлыбаева.

Ералы Тоғжанов ауылдық клубтың құрылысы келесі жылдың жұмыс жоспарына енгізілетінін хабарлады.

💭 «Сіз бассейндер, ауылдық клубтар салуға қатысты мәселелерді көтеріп жатырсыз. Бұл газбен, электрмен жабдықтаумен байланысты көптеген мәселелер шешілгенін көрсетеді. Әрине, барлық ұсыныстарыңыз ескеріледі, кейбір жедел шешімді қажет ететіндері бойынша шаралар қабылдаймыз. Өңір тұрғындарының бірде-бір өтініші назардан тыс қалмайды», – деді облыс әкімі.

Жұмыс сапары бірқатар әлеуметтік нысандарды аралап, «Ауыл аманаты» жобасының іске асырылу барысымен танысумен жалғасты.

Д.АЙДАР. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button