БілімБасты жаңалықтар

ҚР Оқу-ағарту министрі: Ақтөбе облысы ауыл мектептерін дамыту бойынша министрліктің базалық орталығына айналады

Бүгін Ақтөбеде «Шағын жинақты мектептерде сапалы білімге қолжетімділікті қамтамасыз ету» тақырыбында республикалық семинар-кеңес өтті.

Ауқымды шараға Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов, ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев, білім басқармаларының басшылары, әдістемелік кабинеттердің меңгерушілері және еліміздің барлық өңірлеріндегі шағын жинақты мектептердің мұғалімдері қатысты.

Облыс әкімі қатысушыларды Алғыс айту күнімен құттықтап, мұғалімдерге, оның ішінде шағын жинақты мектептерде іске асырылған «Bilim ALL» бірегей өңірлік жобасының дамуына үлес қосқандарға ерекше ризашылығын білдірді.

💬«Бұл – ауылды дамытуға бағытталған жобалардың бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғашқы Жарлығы ауылдық аумақтарды дамыту мәселелеріне арналды. Ал бұл – ауылды өркендету үшін барлық мемлекеттік органдарға тікелей тапсырма», – деп атап өтті Ералы Тоғжанов.

«Bilim ALL» жобасы аясында облыс орталығының үздік мұғалімдері шағын жинақты мектептердің 10 мыңнан астам оқушысын онлайн оқытуда. Жоба басталған кезде ауылдық және қалалық мектептер арасындағы білім деңгейіндегі айырмашылық 15%-ды құрады, екі айдың ішінде қарқынды жұмыстың арқасында айырмашылық 3,5%-ға азайып, 11,5%-ға жетті.

Оқу-ағарту министрі өңірдің орта білім беру жүйесін дамыту тәжірибесін жоғары бағалады.

💬«Мен облыс басшылығына алғыс айтқым келеді, өйткені білімге көңіл бөлу – берекелі болашақтың кепілі. Ауылдық шағын жинақты мектептерде білім берудің сапасы мен қолжетімділігін арттыратын бұл жобаны бүкіл ел бойынша жүзеге асыру қажет. Сонымен қатар, білім беруді дамыту жобалары өңір басшысының тікелей қатысуымен жүзеге асырылып жатқанын ескерсек, Ақтөбе облысы ауылдық мектептерді дамыту бойынша министрліктің базалық орталығына айналады», – деді Ғани Бейсембаев.

Министр жобаның қалалық және ауылдық мектептер арасындағы орта білім беру сапасындағы алшақтықты жоюға, ауылдық жерлерде білікті педагог кадрлардың тапшылығы проблемасын шешуге және ауылдық мектептерде білім беру сапасын арттыратындығына сенім білдірді.

Д.АЙДАР.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button