Мәдениет

Ақтөбеге келгеніме өкінбеймін

Дулат Исабеков:

Т.ахтанов атындағы  облыстық драма театрының қазақ труппасы д.исабековтің «ескерткіш операциясы»  комедиясын  сахнаға шығарды.  Спектакльдің қоюшы режиссері —астаналық режиссер оразәлі ақжарқын-сәрсенбек.  Қоюшы суретшісі — айбек орынбасар. Қойылымның тұсаукесеріне алматыдан пьеса авторы, жазушы-драматург, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты дулат исабеков келді. Спектакльден соң сахнаға көтерілген драматург: «осы театрдың сахнасында сонау 1983 жылы тахаңның, тахауи ахтановтың 60 жылдығына арналған салтанатты кешке қатыстым. Сол кештің соңында менің пьесам бойынша орыс театры сахналаған «в ожидании завтрашнего дня»  спектаклі көрсетілген-ді. Кеште тахаң сөйледі. Ол кісілер барда алдымызда  алынбас қамал тұрғандай болатын, алдыңғы толқын ағаларды арқа тұтатынбыз. Сөз арасында көрермендер залында отырған мені көріп: «осында талантты жас жазушы, шәкіртім  дулат исабеков келіп отыр, президиумға шақырамыз», — деді.  Ондай ағалар қайда қазір?! Есіме сол бір керемет уақыттар түсіп тұр. Тахаң сыртынан қарағанда ешкім батып жанына бара алмайтын арыстандай айбатты, ал сөйлесе кеткенде, жас баладай жайсаң жан еді», — деп сол бір шақты сағына есіне алды. Спектакльді қойған  режиссерге, актерлерге, көрермен қауымға  ризашылығын білдірді. Жазушымен дидарласып, бірер сұраққа жауап алудың сәті түскен еді.

— Дулат аға, Ахтанов театрында қойылған шығармаңызды қалай қабылдадыңыз?

— Негізі өзіңнің дүниең туралы айту қиындау. Жалпы Ақтөбе театрының репертуарымен таныспын деп айта алам, театр фестивальдеріне барғанда көріп жүреміз. Бұл пьесамды  өткен ғасырдың сексенінші жылдарының аяғында жазғанмын. Алғаш рет осы  Оразәлі бір кезде Алматыдағы Мүсірепов атындағы жастар мен балалар театрында қойған болатын. Онда  спектакль басқаша шыққан еді. «Ақтөбе театры қалай шығарар екен?» деген оймен келдім бір жағынан. Режиссер деген спектакльдің әкесі, жалпы қойылымнан  пьеса мәтінінің сөзін іздеген драматург ажалынан бұрын өледі. Біздер ондайға көнгенбіз. Пьесаны жазғанда әрбір көріністі, кейіпкерлерді көз алдыңа елестетіп отырасың ғой. Алайда жазғаның спектакльге айналған  кезде өзіңнің ішкі режиссураңды табу мүмкін емес, әр режиссердің өз көзқарасы, шешімі бар. Ақтөбеге келгеніме өкінбеймін, көрерменнің реакциясы күшті болды, спектакльді жақсы қабылдады.   Мұнда сахнаға сұлу қыздар көп шығады екен, неше түрлі билерді билейді.  Биі көптеу, бір-екеуін ғана қалдыру керек шығар деп ойлаймын. Ескерткіштің ашылу салтанатында актерлер қолдарына ту көтеріп шығады, бұл да артықтау секілді, алып тастағаны жөн. Спектакльді аздап болса да қысқарту керек. Тым ұзақтау  көрінді.

Ақтөбелік актерлер жақсы ойнайды. Жастар театрында Әштенді Қадірбек Демесінов сомдап еді. Ал бұл театрдың Әштені маған ерекше ұнады. Актер Ғазиз Обаев қарапайым ғана сантехник, қанша жерден ішкілікке жақын  болса да,  жан дүниесі кең, мейірбан адам болып шыққан, образдың эволюциялық өсу жолы бар. Әсіресе, сахнаға оның он шақты  баласының шығатын жері қатты ұнады. Әштеннің балаларына деген әкелік мейірімі, рухының биіктігі көрінді. Пьесада бұл жері жоқ еді. Режиссердің қосқаны, өте сәтті көрініс болыпты. Ал Әштеннің әйелі Күләнді  Майра Ілиясова шынайы шығарған.

Спектакльдің финалы сәтті шыққан,  шетелдіктерге көрсету үшін ескерткіштің тұғырына  тірі адамды тұрғызып қойып көз алдаған  шенеуніктер  іс біткен соң, Әштен байғұс туралы ұмытып та кетеді. Тұғырдың үстінде тас мүсіндей қатып қалған Әштенді іздеп әйелі келеді, осы сәтте толқып, көзіне жас алған көрермендер болды, Комедия деген сайқымазақ емес, көрерменді күлдіре отырып жылату, ойландыру. Әр сөздің астарына үңілу. Қоғамдағы бюрократиялық машина адамды тетікке айналдырып жіберді. Адамның құны қалмады. Қазіргі дәрігерлерді алыңыз, Гиппократ антына адал ма екен?!  Өліп бара жатсаң, аузыңа су тамызбайды. Ағылшын драматургі Бернард Шоу айтады ғой: «Где все хорошо, там писателю делать нечего» деп. Осындай келеңсіздіктерге біз көз жұмып қарай алмаймыз.

Тахауи Ахтанов сияқты классик жазушымыздың атындағы театр ұжымы осы қойылымды фестивальдерге  алып барса, ұтылмас деп ойлаймын.

— Пьесаларыңыз Санкт-Петербургте қойылғанынан хабардармыз. Соңғы жылдары драматургияға шындап бет бұрған сияқтысыз.

—  Рас, кейінгі жылдары  драматургияға көбірек ден қойып жүрмін. Өйткені прозалық шығармаларға қарағанда драматургиялық дүниелер халыққа тезірек жетеді. Оның үстіне бұл жанрдың қыр-сырына да қанығатын уақытымыз болды. Алғашқы «Ректордың қабылдау күндері» атты пьесамды 28 жасымда жазған екенмін. Осыдан  33 жыл бұрын жазған «Әпке» деген шығармам осы күнге дейін сахнадан түспей келеді. Кейінгі он шақты жылда  7-8 пьеса жаздым. Пьесаларымның бәрі де сахналанды. Санкт-Петербургтегі Владимир Малыщицкий театрында қазақша «Тор», орысша «Сети дьявола или Жизнь Михаила Булгакова» атты пьесам қойылды.  Бұл пьесам ҚР Мәдениет ақпарат және спорт министрлігі өткізген конкурста үздік драматургиялық шығарма деп танылып, Бас жүлдені жеңіп алған болатын. Оның даңқын Санкт-Петербургке жеткізіп жүрген Лермонтов атындағы академиялық орыс драма театры, бұл шығармам әуелі сол театрда сахналанған болатын, Сол театр Ресейге гастрольге барғанда Малышицкий театрының режиссері  көріп, «Торды» өздері қоймақшы болып сұрап алған. Менің дүнием Ресейге осылай жол тартты. Алғаш осы әңгімені естігенде: «Өңім бе, түсім бе?» деп таң қалдым. Ал Ресейдегі режиссерлерге пьесаңды қойдыртпақ түгіл, оны оқытудың өзі оңай шаруа емес. Театрдың әдебиет бөлімінің меңгерушісінің рөлі жоғары, жеке қабылдау бөлмесі, қарамағында бірнеше қызметкері және бар. Кітапханаларында  шетел, орыс, ТМД елдері драматургтерінің шығармалар тұр. Ішінде Оралхан Бөкей екеуіміздің кітаптарымыз да бар екен. Егер пьесаң әдебиет бөлімінің меңгерушісінің ойынан шықса, онда шығармаңның 50 пайыз қабылданғаны деп есептеуге болады. Одан басқа «Өкпек жолаушы»  деген пьесам Санкт-Петербургте, ал «Ескі үйдегі кездесу»  Омбы губернаторы  Полежаевтың сүйікті театры «Бесінші театрда» қойылды.

Сәуір айында Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрында Сәбит Мұқановтың «Балуан Шолақ» повесінің желісімен жазылған «Жаужүрек» атты пьесамның тұсаукесері болды. Бұл пьесам Қазақстанның барлық театрларында қойылатын болады. Сол Петербургтің  мемлекеттік музыкалық комедия театры  «Әнші құстар фестивалі» деген пьесамды сахналауға кірісіп кетті. Облыстық мәдениет басқармасының бастығы Нәзира Табылдинова қарындасым тағы бір жақсы жаңалық айтты, «Алақай» қуыршақ театры осы «Құстар фестивалін» қоюды жоспарлап отыр екен. Ақтөбе театрларымен шығармашылық байланыс осылай нығая беретін шығар деген ойдамын.

— «Қазақ театрлары драматургияға сусап отыр» деген сөз  көп айтылады. Бұған не дейсіз?

— «Қазақ драматургиясы кенже қалған жанр» деген әңгімені  өзім құптамаймын. Жалпы жалғыз қазақ емес, небір драматургтері бар басқа елдерде де драматургияға деген сұраныс жоғары. Жаңа дүниеге деген зәрулік қашан да болады. Әрине, Әлжаппар Әбішев, Қалтай Мұхамеджанов, Тахауи Ахтанов, Сәкен Жүнісовтер сияқты мықты  драматургтер бүгінде жоқ шығар. Дегенмен осы жанрға қалам тартып жүргендер саусақпен санарлықтай болса да бар. Әкім Тарази, Қалихан Ысқақ, Сұлтанәлі Балғабаев, Тынымбай Нұрмағамбетов, Исраил Сапарбай, Иран-Ғайыптардың пьесалары  еліміздің театрларында жүріп жатыр. Баққожа Мұқаев, Талаптан Ахметжан сынды драматургияға атсалыса бастаған қаламгерлер дүниеден өтіп кетті. Режиссерлер осы авторларды оқымайтын сияқты. Барды бағалай білу керек.  Сырттан әкеп қойып жатқан кейбір дүниелерінің асып бара жатқаны шамалы. Бұл мәселенің екінші жағы және бар. Драматургиямен түбегейлі айналысу мүмкін емес, жылына үш пьеса жазсаң, оны сатып алатын театрда қаржы жоқ. Ал драматург отбасын асырамай ма?

Драматургияны жауынгер жанр деп санаймын.  Осы салада болып жатқан бес конкурсқа қатысыппын, шығармаларым бесеуінде де бірінші орынға ие болды.

Ардақ ҚОНАҚБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button