Басты жаңалықтарЭкономика

Ералы Тоғжанов: Ақтөбе облысы мен Әзірбайжан Республикасы арасындағы экономикалық қарым-қатынастардың даму қарқыны жоғары

Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов пен Әзірбайжан Республикасының Ақтау қаласындағы Бас консулының м.а. Эльчин Маммадов кездескен отырыста экономикалық ынтымақтастықты дамыту мүмкіндіктері қаралды.

💬 «Ақтөбе облысы көптеген шет елдермен тығыз қарым-қатынаста, біз үшін Әзербайжан Республикасымен байланыс орнатып, оны нығайтудың маңызы зор.
Әзірбайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиев пен Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың кездесуі барысында көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту мәселелері талқыланды. Инвестициялық салада да үлкен жоспарлар бар.
Сіздің өңірге жасаған бүгінгі сапарыңыз екіжақты қатынастар мен достықты нығайтуға жаңа серпін беретініне және экономикалық байланыстардың артуына, екі ел арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықтың пайдаланылмаған әлеуетін жандандыруға ықпал ететініне сенімдімін», – деп атап өтті облыс әкімі.

Ақтөбе облысы мен Әзірбайжан арасындағы экономикалық қарым-қатынастардың даму қарқыны жоғары. 2022 жылдың қаңтар-желтоқсанындағы сыртқы сауда айналымы 28,6 млн.АҚШ долларын құраған, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 7 есе көп.

💬 «Бұл – менің алғашқы ресми сапарым. Ақтөбеге келу, өздеріңізбен жүздесу – үлкен мәртебе. Басты мақсатымыз – әртүрлі байланыстарды, соның ішінде бизнес ортаны дамыту. Бүгінгі кездесу екіжақты қарым-қатынасты нығайтуға септігін тигізеді деп сенемін», – деді Эльчин Маммадов өз кезегінде.

Ералы Тоғжанов өңірдің экономикалық әлеуетін таныстырып, облыс еліміздің ірі көліктік-логистикалық торабы екенін атап өтті.

💬 «Соңғы 5 жылда біз өңір экономикасына 6 млрд. АҚШ доллары көлемінде инвестиция тарттық. Бұл инвестициялардың 25%-ы – тікелей шетелдік инвестициялар. Облыс аумағында 1100 шетелдік кәсіпорын жұмыс істейді, оның ішінде көптеген трансұлттық компаниялар бар. Бұл бизнес  тарапынан жоғары сенімнің барын көрсетеді. Өңір географиялық орналасуы жағынан ерекше. Сондай-ақ, Ақтөбе аймағында бірегей минералды-шикізат базасы бар, онда құрылыс материалдарынан тау-кен шикізатына дейін 170-ке жуық бос кен орындары шоғырланған. Ауылшаруашылығы, машина жасау, құрылыс индустриясы, туризм салаларындағы жобаларды іске асыру үшін тамаша жағдайлар жасалған», – деп атап өтті Ералы Тоғжанов.

Кездесуде Әзірбайжан бизнес-қоғамдастық өкілдерінің өңірдегі инвестициялық жобаларды іске асыруға қатысуы, түрлі салаларда тікелей байланыстар орнату, тәжірибе алмасу мәселелері қаралды.

Айта кетейік, қазіргі уақытта Ақтөбе облысында 1300-ге жуық әзірбайжан тұрады. Әзірбайжанның ұлттық мәдениетін, ана тілін, тарихын, дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын жандандыруға ықпал ететін «Әзірбайжандар қауымдастығы» ҚБ ұлттық орталығы жұмыс істейді.

А.МӘЛІКҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button