Кандидат нені білуге тиіс?

18 ақпанда елімізде сайлау алдындағы үгіт-насихат кезеңі басталды. Аталған науқан 18 наурыз сағат 00.00-ге дейін жалғасады. 18 наурыз — тыныштық күні, ал 19 наурызда сайлау өтеді.
Биылғы сайлаудың бұрынғыдан өзгерек екендігін бұған дейін де айтқан едік.
Бұл жолы сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын өткізу барысындағы ерекшеліктер мен жаңалықтарға тоқталғанды жөн көрдік.
Ең басты жаңалық
Біздің тарапымыздан қойылған сұрақтарға жауап берген облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлыбек Жүсіпов биылғы сайлау алдындағы үгіт-насихат жұмыстары заңнамадағы кейбір жаңалықтарымен ерекшеленетінін айтты.
— Енді кандидаттар сайлау алдындағы үгіт-насихат жұмыстарын бұқаралық ақпарат құралдарымен қатар, онлайн-платформалар арқылы да жүзеге асыра алады. Онлайн-платформаларды пайдаланушылар үгіт басталғанға дейін 5 күннен кешіктірмей, яғни 14 ақпанға дейін сайлау комиссияларына төлем мөлшері, үгіт материалдарын орналастыру шарттары туралы мәліметтерді ұсынуға тиіс болатын.Көрсетілген мәліметтерді мерзімінде ұсынған онлайн-платформаларды пайдаланушылар үгіт материалдарын орналастыруға және ол үшін кандидаттардың сайлау қорларының қаражатынан төлем алуға құқылы. 14 ақпанға дейін орталық сайлау комиссиясына 465 БАҚ пен онлайн-платформалардың 40 пайдаланушысы, облыстық сайлау комиссиясына 103 БАҚ төлем мөлшері, эфир мен баспасөз бетіндегі шарттары туралы мәліметтер ұсынды. Олармен кандидаттар мен саяси партиялар келісім жасасып, үгіт материалдарын орналастыра алады, — деді Нұрлыбек Жүсіпов.
Тағы бір жаңашылдық — енді дауыс беру күні сайлау учаскесінде қызметтік куәлігі мен редакцияның тапсырмасы болған кезде әрбір бұқаралық ақпарат құралынан бір-бір өкілден, әрбір телеарнадан үшеуден аспайтын өкіл қатыса алады.
— Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы сайлау алдындағы үгіт бөлігінде заңнама өзгерген жоқ. Дәстүрлі БАҚ үгіт материалдарын бюджет қаражаты мен сайлау қорларының қаражаты есебінен жариялауға құқылы. Ал онлайн-платформаларды пайдаланушылар үгіт материалдарын кандидаттардың сайлау қорларының қаражаты есебінен ғана орналастырады. Өз баға-ұсыныстарын мерзімінде ұсынбаған бұқаралық ақпарат құралдарының үгіт материалдарын жариялауы жауаптылыққа әкеп соғады, — деді облыстық сайлау комиссиясының төрағасы.
Үгіт-насихат кезінде неге тыйым салынады?
Нұрлыбек Жүсіпов кандидаттардың назарына жиналыстар, митингілер, шерулер мен демонстрациялар сияқты қоғамдық іс-шараларды өткізу тәртібі арнайы заңмен реттелетініне басты назар аудару қажеттігін атап өтті.
— Оларды өткізу үшін кандидат жергілікті атқарушы органға хабарласуы қажет. Сайлаушылармен кездесу үшін жергілікті атқарушы органдар кандидаттарға шарттық негізде үй-жайлар ұсынады. Үй-жайларды беру шарттары барлық кандидаттар үшін бірдей және тең болуға тиіс. Сайлау комиссиялары әкімдіктермен бірлесіп бөлінген үй-жайда кандидаттардың сайлаушылармен кездесу кестесін жасайды және оны БАҚ-та жариялайды.
Сайлау алдындағы жария іс-шараларды өткізу кезінде сайлау науқаны үшін арнайы жасалған баспа материалдарын, соның ішінде безендірілген материалдарды, сондай-ақ омырауға тағатын белгiлердi, жалауларды, жалаушаларды тегін таратуға жол берілетінін есте ұстаған жөн. Кандидат ел аумағынан тыс жерлерде үгіт баспа материалдарын дайындауға, анонимді үгіт материалдарды таратуға тыйым салынатынын да білуі керек, — деді ол.
Ескерткіштерге, обелискілерге, тарихи, мәдени және архитектуралық құндылықтары бар ғимараттарға, дауыс беру орындарына үгіт-насихат материалдарын ілуге тыйым салынады. Үгіттік баспа материалдарын орналастыру үшін жергілікті атқарушы органдар арнайы орындарды белгілейді. Сондай-ақ кандидаттар басқа жерлерде үгіт материалдарын нысан иесінің жазбаша келісімімен іліп қоюға құқылы.
Кандидаттарға, сондай-ақ оларды қолдап келген жеке және заңды тұлғаларға қайырымдылық шараларын өткізуге тыйым салынған. Егер кандидат заңда көзделген шарттар мен тәртіпті бұзған жағдайда оған құқықтық жауапкершілік көзделген.
— Науқан кезінде кандидаттар, саяси партиялар барлық үгіт материалдарын өз сайлау қорларының қаражатынан төлейді. Заң бұл мақсатқа қордан өзгекөздерден қаражат тартуға тыйым салады.Сондай-ақ сайлау қорынан төленбеген кез келген тауарды, қызметтерді қабылдауға тыйым салынады. Кандидатқа немесе партияларға сайлау алдындағы үгітті жүргiзуге байланысты қызмет көрсететiн жеке және заңды тұлғаларда олардың осы қызметтердi қабылдауға жазбаша келiсiмi болуға тиiс екендігіне назар аударамыз, — деген Нұрлыбек Жүсіпов сайлау күні және оның алдындағы күні кезкелген сайлау алдындағы үгіт-насихатқа тыйым салынатынын тағы бір еске салды.
— Кандидаттардың сайлау күніне дейін ілген баспа үгіт материалдары бұрынғы орындарында сақталуы мүмкін.Интернет желісінде орналастырылған үгіт материалдары да сақталады. Бірақ оларды интернет-ресурстардың басты беттеріне шығаруға жол берілмейді, — деді ол.
Заңда сайлау алдындағы үгіт жүргізуге және үгіт материалдарын таратуға тыйым салынатын бірнеше санат көрсетілген:
-
шетелдіктер, азаматтығы жоқ адамдар, шетелдік заңды тұлғалар, оның ішінде БАҚ және халықаралық ұйымдар;
-
мемлекеттiк органдар, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдары, сондай-ақ қызметтік мiндеттерiн орындау кезінде олардың лауазымды адамдары;
-
әскери қызметшiлер, ұлттық қауiпсiздiк органдарының, құқық қорғау органдарының қызметкерлерi мен судьялар;
-
сайлау комиссияларының мүшелерi;
-
діни бiрлестiктер.
Аудандардағы ахуал
Қобда аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Ақшолпан Оразова аудандық мәслихат депутаттарын сайлау бойынша 11 сайлау округі құрылып, сайлау комиссияларының құрамы (55 мүшесі бар) бекітілгенін мәлімдеді. 10553 сайлаушы тіркелген. Сайлау учаскелерінің саны — 31.
— Ауданда сайлауалды үгіт-насихат жұмысы басталды.Жергiлiктi атқарушы органдар кандидаттар үшiн үгіттiк баспа материалдарын орналастыратын орындарды белгiледi.Үгiт материалдары барлық кандидаттар үшiн тең құқықтар қамтамасыз ететiн жағдайда орналастырылады. Сайлауға дайындық жұмыстары Заң талаптары шеңберінде жүргізіліп жатыр. Үгіт-насихат жұмыстары барысында құқықбұзушылықтарға жол бермей, барлық кандидатқа тең жағдай жасап, сайлаушылардың учаскелерде дауыс беруіне ыңғайлы жағдай жасау — жергілікті атқарушы органдар мен сайлау комиссияларының міндеті, — деді Ақшолпан Оразова.
Қобдада аудандық мәслихат депутаттығына 11 округ бойынша 34 кандидат ұсынылып, 33-і тіркелген. Орташа есеппен бір мандатқа 3 кандидаттан келеді.
Ал Мәртөк аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Кәрімжан Бердиев ауданның 35 тұрғыны депутат болудан үмітті екенін айтты. Оның — 32-сі аудандық мәслихатқа, 3-еуі — облыстық мәслихатқа.
Мәртөк ауданы бойынша 20700 сайлаушы тіркелген. Биылғы сайлауда 35 учаске жұмыс істейді. Аудандық мәслихатта барлығы 11 мандат бар. Ол үшін 11 сайлау округі құрылған.
— 24ақпаннан бастап учаскелік сайлау комиссиялары өз жұмысына кіріседі. Кез келген тұрғын учаскеге келіп немесе Call-орталыққа хабарласып, сұрақтарына жауап ала алады, — деді Кәрімжан Бердиев.
Ақерке САТЫБАЛДЫ.



