Басты жаңалықтарДенсаулық

БАД ішіп жүрсіз бе?

Бүгінде елімізде биологиялық белсенді қоспаларды (ел аузында «БАД» аталып кеткен) тұтыну сәнге айналғандай. Себебі қазір екінің бірі «БАД» ішіп жүргенін айтады. Ресми емес мәліметтерге сүйенсек, соңғы үш-төрт жылда елімізде 913 биологиялық белсенді қоспаның сауда атауы тіркеуден өткен. Олардың арасында бағасы арзаны да, қымбаты да бар. Ал интернетті ашып қарасаңыз, оны жарнамалайтындардан көз сүрінеді.

Сонымен биологиялық белсенді қоспалардың адам денсаулығына қандай пайдасы немесе зияны бар? Ақтөбеліктердің мұндай қоспалар туралы пікірі қандай? Зерттеп көрген едік…

 «БАД» аурудан емдемейді…

М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің фармакология кафедрасының доценті, медицина ғылымдарының кандидаты Жансұлу Нұрғалиеваның айтуынша, «БАД»-тар ешқандай ауруды емдемейді. Себебі ол дәрі емес. Ал біреулердің «БАД»-пен емделгені туралы әңгімелердің 99,9 пайызы — өтірік.

— Биологиялық қоспалар адамдардың ағзасында қандай да бір дәрумендердің жетіспеушілігін, тапшылығын толықтыруға әсер етуі мүмкін. Мысалы, қазір дәрігерлер кальций, «Омега-3», «Д3» сияқты биологиялық қоспаларды ішуге кеңес береді. Алайда бұл қоспалардың барлығы сіздің ағзаңызға оң әсер етеді деп айта алмаймыз. Медицинада биологиялық белсенді қоспалардың пайдасы туралы дәлелденген деректер жоқ. Бұл — ғылыми жағынан зерттелмеген сала. Тарихқа сүйенсек, «БАД» өткен ғасырда пайда болған-мыс. Нақтырақ айтсақ, ХХ ғасырдың бірінші жартысында америкалық химик Карл Ренборг су бұрышы, жоңышқа және ақжелкеннен алғаш рет биологиялық белсенді препарат жасаған. Химикке мұндай қоспа жасау туралы идея Қытайда түрмеде жатқан кезінде келген. Себебі ол аштықтан өлмеу үшін әртүрлі әдісті қолданған, — дейді Ж.Нұрғалиева.

Зерттеп білгеніміздей, шынында да, қазір әлемге танылған «БАД» осы химиктің «өнертабысы» екен. Деректерге сүйенсек, Карл Ренборг 1927 жылы Қытай түрмесінен шығып, Америкаға келген соң, әлгі тұтқын болған кезіндегі тәжірибесін әрі қарай зерттеген. Осылайша ол алғаш рет 1931 жылы құрамында адамға қажетті барлық қоректік заттар — минералдар, витаминдер, ақуыздар, майлар мен көмірсулар бар өсімдікті тауып алады. Ол өсімдік жоңышқа болатын. Бұл — бұршақ тұқымдасына жататын біржылдық және көпжылдық өсімдік.

Карл Ренборг басында өзі жасап шығарған қоспаларды достарына тегін таратқан. Алайда тегін дүниеге жұрттың иланбайтынын аңғарып, ақырында әлемде алғаш рет 1934 жылы дистрибьюторлық желі құрған. Осылайша АҚШ-та желілік маркетинг дүниеге келген. Қазір жарнамасына көз сүрінетін «БАД»-тар — осы Карл Ренборгтың «ізбасарларының» ойлап тапқан өнімдері.

  • Қазір адамдардың көбі желілік маркетинг арқылы осындай тағамдық биологиялық белсенді қоспаларды сатып алып, ішуді сәнге айналдырған. Бұл дұрыс емес. Фармаколог ретінде тұрғындарға айтарым, кез келген «БАД»-ты сатып аларда оның құрамын, мемлекетімізде тіркелген-тіркелмегенін, ағзаға қандай жанама және жағымсыз әсерлері барын — осының бәрін жан-жақты зерттеп барып қабылдау керек. Себебі биологиялық белсенді қоспалардың шығу тегі әртүрлі заттардың мол ассортиментін қамтиды. Бұл табиғи, синтетикалық және химиялық қосылыстар болуы мүмкін. Қазір «БАД»-ты жарнамалаушылар олардың құрамында теңіздің балдырлары, кальций және басқа да дәрумендер бар екенін айтады. Алайда бұл өнімдер сертификаттаудан және стандарттаудан өтпесе, демек олардың адам денсаулығына пайдасы аз. Яғни оның пайдалы өнім екені дәлелденбеген, — дейді Жансұлу Жұмабекқызы.

Оның айтуынша, егер науқас дәрі-дәрмек пен «БАД»-ты бірге қабылдаған жағдайда ағзаға кері әсер етуі мүмкін. Тіпті ауруды қоздырып, асқазан жарасының пайда болуына әкеледі. Ал адамның ағзасында қатерлі ісік болған жағдайда «БАД»-тар рак клеткаларының көбеюіне әкеп соқтыруы мүмкін.

  • Кез келген дәрігер науқасқа ем-дом тағайындағанда, дәрі-дәрмектің дозасын, ішетін уақыты мен мерзімін нақтылап жазып береді. Тіпті кез келген дәрінің нұсқаулығында сол перепараттың науқасқа қандай жанама, жағымсыз әсерлер тудыратыны жазылып тұрады. Ал биологиялық белсенді қоспаларда мұндай нұсқаулық жоқ. Енді өзіңіз ойлай беріңіз. Сондықтан елімізде Денсаулықсақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті тіркемеген, арнайы сертификатталмаған өнімдерді қолданбау керек, — дейді фармакология кафедрасының доценті.

Нутрициолог дәрігерлер тапшы

Бүгінде әлем бойынша «БАД»-ты көп тұтынатын елдер қатарында Жапония мен АҚШ көш бастап тұр. Ал осындай қоспаларды өндірушілердің саны бойынша Ресей Федерациясы және сауда белгісінің көптігі жөнінен Қазақстан бірінші орынды иеленген.

Өкінішке қарай, қазір елімізде адамдар биологиялық белсенді қоспаларды алыпсатарлардан алып, пайдалана береді. Ал оларды ғылыми жағынан зерттеп немесе қадағалап жатқан мекеме жоқ. Тіпті республика бойынша бұл мәселеге қатысты пікір білдіретін мамандар өте аз.

Дәрігерлер «БАД»-тарды көп тұтыну адам ағзасында аллергия тудыруы ықтимал екенін айтады. Себебі қазір елімізде он адамның екеуінде маусымдық және түрлі препараттарға аллергиялық реакциялары бар екендігі анықталып отыр. Сондықтан дәрі-дәрмекті болсын, биологиялық белсенді қоспаларды болсын, абайлап ішкен жөн.

Жан-жақты зерттеп білгеніміздей, негізі биологиялық белсенді қоспаларды нутрициолог дәрігердің ұсынысы арқылы ғана қолдану қажет екен. Өкінішке қарай, біздің елімізде мұндай мамандық оқытылмайды. Қазіргі кезде Қазақстанда «тамақтану маманы» стандарты әзірленуде, алайда бұл іс жүзінде әлі жүзеге асырылып жатқан жоқ. Ал әзірге бұл туралы фармацевтпен ғана кеңесуге болады.

Сонымен фармацевттер сертификаты бар және дәріханалар желісі арқылы сатуға арналған биологиялық белсенді қоспаларды алу керектігін айтады. Ал аталған сертификаттарды Қазақ тағамтану академиясы береді.

Тұрғындар пікірі қандай?

Ақтөбе қаласының тұрғыны Нұрша Биданова өзі де, балалары да «БАД» ішпейтінін айтады. Оның орнына табиғи, таза тағамдар ішуді әдетке айналдырған.

  • Мен желілік маркетинг арқылы сатылатын биологиялық белсенді қоспаларға мүлдем қарсымын. Қазір нарықта мұндай өнімдер өте көп. Тіпті сонау Жапониядан елімізге әкелініп, кең тарап жатқан қоспалардың түрінен көз тұнады. Ал оларды қадағалап жатқан ешкім жоқ. Бағалары да әртүрлі. Ең арзаны 20 мың теңге болса, қымбаты — 150-200 мың теңге. Жалпы, дәрігерлер мұндай қоспаларды асыра пайдалануға болмайтынын айтады. Мен сол үшін өзім де ішпеймін, балаларыма да сатып алып бермеймін. Бұрын «NL» компаниясынан бір-екі «БАД» алып ішкенмін, ешқандай оң әсер сезбедім, — дейді ол.

Ал Қалампыр Жаңбырбаева үш-төрт жылдан бері «БАД» сатумен айналысатын жапондық компанияның Ақтөбе қаласындағы кеңсесінде жұмыс істейді. Жалақы алады, сыйақысы да бар.

Оның айтуынша, жапониялық өнімнің адамның ағзасына пайдасы көп. (Кейіпкеріміз жұмыс істейтін компания атауын жарияламауды өтінді — авт.)

  • Қазір экологиялық ахуал мен өндірістің қарқынды дамуы әсерінен тағамдардың құрамы мен сапасы төмен. Табиғи тағамдарды күнделікті тұтына бермейміз. Сөйтіп, ағзамызға қажетті дәрумендер мен минералдардың нормасын өтей алмаймыз. Соның салдарынан бүгінде балалар арасында түрлі ауытқушылықтар кездесіп жатыр. Бірінің ойлау, есте сақтау қабілеті төмен болса, енді бірінің дұрыс сөйлей алмауы жиі кездеседі. Олай болса, «БАД»-тарды қолданудың еш зияны жоқ деп ойлаймын. Осы себепті біз тұрғындарға түрлі «БАД»-тарды ұсынамыз. Біздің компаниямызда «БАД»-тың түр-түрі бар. Сатып алушылар көп. Бағасы — 20-180 мың теңге аралығында. Олар көп жағдайда тағамдық қоспалар ретінде қолданылады. Көбіне таблеткалар, капсулалар, сұйықтықтар немесе ұнтақ түрінде ұсынылады. Олар жалпы саны жүзден астам ауруға ем, — дейді Қалампыр Жаңбырбаева.

«Ақтөбенің» анықтамасы

АҚШ-тың Сиэтл қаласындағы Фред Хатчинсон қатерлі ісіктерді зерттеу орталығының дәрігері Алан Кристал «БАД»-тарды мөлшерден көп қолдану қатерлі ісік ауруына шалдықтыратынын мәлімдеді. Бұл туралы осыдан екі жыл бұрын «Express» басылымында арнайы материал да жарияланған.

Дәрігердің айтуынша, 35 мың ер адамға жасалған зерттеудің нәтижесінде құрамында Е дәрумені мен селен минералы бар биологиялық белсенді қоспалар ер адамдар арасында қуықасты безі обырын тудырады екен.

«Көп адам тағамдық қоспаларды пайдалы және зиянсыз деп ойлайды. Алайда оларды   микроэлементтердің ұсынылатын тәуліктік тұтынуынан әлдеқайда көп қолдансаңыз, қатерлі ісік ауруының пайда болуына әкелуі мүмкін. Біз мұны фолий қышқылы мен бетакаротиннің рандомизацияланған, бақыланған сынақтарынан білдік, енді бұл қатарға Е дәрумені мен селен де қосылып отыр», — деп түсіндірді ол.

Р.S. М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің фармакология кафедрасының доценті, медицина ғылымдарының кандидаты Жансұлу Нұрғалиева

ағзаға макронутриенттер, микроэлементтер мен дәрумендер азық-түлік арқылы жеткілікті мөлшерде жетпеген жағдайда, дәрігердің кеңесімен және талдаулардың қорытындысы негізінде «БАД»-тарды тұтынуға болатынын айтады. Алайда оның да мөлшері, арнайы кестесі болуы керек. Ал бір жерім ауырды екен деп өз-өзіңізге «диагноз» қойып, кез келген қоспаны ішуге болмайды.

«БАД»-ты ішу, ішпеу — өз қалауыңыз, дегенмен денсаулығыңызға қамқор болғаныңыз жөн.

 Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button