«Бұл дүниеге келген соң…»

Бала — елдің болашағы. Сондықтан әр мемлекет сәбидің дүниеге келуінен бастап жағдайын жасауға, оған қажеттінің бәрімен қамтамасыз етуге бар күшін салады. Оған арнайы жәрдемақы тағайындалады. Тек Қазақстанда ғана емес, көптеген елденәресте туғанда бірреттік, бір жасқа толғанға дейін және ерекше күтімді қажет ететін балаларға белгілі бір мөлшерде жәрдемақы беріледі. Осылайша әрбір ел өзболашағының қамын жасайды. Ал сол мемлекеттің тағайындаған жәрдемақысы баланың бар мұқтажына жете ме? Бір жасқа дейінгі балалардың күтіміне қанша қаражат кетеді?

Осы жылдың басты жаңалықтарының бірі —бала күтіміне байланысты ай сайынғы жәрдемақының сәби бір жарым жасқа толғанға дейін төленетіні. Айлық есептік көрсеткіш 3450 теңге болып бекітілді, тиісінше көпбалалы аналардың жәрдемақысы мен жөргекпұл мөлшері де өсті.

«Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері, «Батыр ана» атағын алған, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көпбалалы аналар ай сайын 25 530 теңге алады.
Қымбатшылық қысып тұр
Балалы үй — базар. Десе дебаланың қажеттіліктеріне кететін шығындар шаш етектен. Баланың бір жасына дейінгі керекті сүт қоспасыныңбағасы арнайы дүкендерде 3 мың теңгеден басталып, 21 мың теңгеге дейін барады. Оның бағасы баланың жасына, сүттің құрамына және өндіруші компаниясына қарай өзгере береді. Сүт қоспаларының ішіндегі ең қымбаты — ешкі сүтінен жасалғаны.Бағасы орналасқан қалаңызға да байланысты әртүрлі келеді.
Мемлекет тарапынан сәбилерге қосымша сүт қоспасы кейбір жағдайдаақысыз берілетінін айта кеткен жөн. Оны бізге №3 қалалық емхананың аймақтық дәрігері Амансұлу Құлғазиева айтып берді.
— Жаңа туған баланы ана сүтімен емізгеннің балаға да, анаға да пайдасы көп. Біздің емханадағы аналардың 98 пайызы өздері емізеді. Дегенмен баласын өзі емізе алмайтын кейбір аналарға мемлекеттен қосымша сүт қоспасы беріледі. Оларға көпбалалы, күндізгі оқу бөлімінде оқитын студент, стационарлық емдеуде жатқан аналар жатады. Асыранды балалар, анасында ауыр дәрежелі қан ауруы, ашық формадағы туберкулез, иммун тапшылығының синдромы (СПИД) диагнозымен ауыратындар да «Нәресте» атты құрғақ сүт қоспасын ала алады, — дейді дәрігер.
Жөргектердің бағасы даұшып тұр. Қазір әр екінші баланың атопиялық дерматит, не аллергиясы бар. Оларға ерекше күтім қажет.Ол үшін ата-ана баласына жапондық гиппоаллергенді, сапасы жоғары жөргектерді алып беруге тырысады. Оған айына кемі 10 мың теңге көлемінде ақша жұмсайды. Оның қасына балаға керекті киім-кешек, ауырған кезінде алатын дәрі-дәрмек, жеке гигиенасына қажетті заттарды және ойыншығын қосыңыз. Бар жақсыны баланың аузына тосатын ата-ананың қалтасы осы жерде қағылады.
Статистика комитетінің мәліметінше, республика бойынша балалар киімінің баға индексі 100,4 пайызға жеткен. Осы жылы ойыншықтардың (100,8 пайыз), гигиеналық құралдарының (102,6 пайыз) бағалары жоғарылауы тіркелді.
Ал енді сізде үшем дүниеге келсе ше?.. Шығыныңыз да үш есеге артады. Ол кездегі ата-ананың табысы қандай болуы керек?Қасым, Жомарт, Кемел есімді үш нәрестені өмірге әкелген Қарлығаш Жармағанбетова балаларына ай сайын қанша қаражат кететініменбөлісті.
— Мемлекеттен әр балаға жәрдемақы және айына 6 дана «Нәресте» сүт қоспасын аламыз. Бастапқыда «Нәрестені» бермей жүрдім. Себебі балаларым мерзімінен бұрын дүниеге келіп, салмағы да аз болған соң, ешкі сүтінен жасалған құрғақ сүт қоспасын бердім. Оның бір құтысы (400 грамм) 11500 теңге тұрады. Бір құтысы үш балаға 3 күнге ғана жеткендіктен,айына 18 құты сүт алуға тура келеді. Соның өзіне кемі 200мың теңге жұмсаймыз. Жөргектердің де ең сапалысын алып бергім келеді. Бір қорабы — 11000 теңге. Ол бір аптаға да жетпейді. Одан бөлек бала қарасуға күтуші жалдадым.
Өткен жылы Ақтөбенің өзінде 3 үшем дүниеге келді. Қарапайым сүттің, жөргектің мәселесін мемлекет шешіп берсе деймін. Әрі 3 баланы бірдей бағу әркімнің қолынан келе бермейді. Арнайы әлеуметтік қызметкер, медбикежәрдемдессе, бізге үлкен көмек болар еді. Бірақ үшем босанғандарға жәрдемақы мен қосымша сүттен бөлек көмектер қарастырылмаған, — дейді ана.
Бәсеке кімге пайдалы?
Төрт баланың анасы Динара Қуанова жас аналардың перзентханаға бармай тұрып, балаларына жарысып сөмке дайындайтыны сәнге айналғанын айтады.
— Қазір бала тумай тұрып оның сөмкесін дайындаубәсеке болып кетті. Балаға керекті алғашқы киім, жөргек, жуынатын құралдарымен қоса анасына керекті заттың барлығын есептегенде кемі 60 мың теңге ақша кетеді. Дүкендердегі баланың киімі үлкендердікімен салыстырғанда қымбат па дерсің. Бір дана жаялықтың өзі 1500 теңгеден басталады. Енді туған балаға баскиім, қолғап, күртеше, жылдың төрт мезгіліне сай киімдер керек. Оған бір қалта «памперстің» бағасын қосыңыз. Оның орташа бағасы 6 мың теңгеден басталады. Бұл тек жаңа туған баланың бір өзіне кететін қаражат. Ал менің одан бөлек үш балам бар, алды сабаққа барады.
Мемлекеттен жәрдемақы аламын, өзім де, жолдасым да жұмыс істейміз. Ал елімізде еңбекке жарамайтын, көпбалалы, жалғызбасты аналар қаншама.Оларға да көмек керек, —деп қынжылады көпбалалы ана.
Маман кеңесі
Мамандардың айтуынша, дүкен сөрелерінде тұрған құрғақ сүт қоспалары, ботқалардың барлығы пайдалы емес. Балаға бастысы қымбатын емес, пайдалысын алып беруіміз керек. Ал түрі көп тағамдардың ішінен қайсысын таңдауға болатынын нутрициолог дәрігер Айгерім Нұрбаева айтып берді.
— Ана сүтінен артық ешнәрсе жоқ. Оған қосымша сүттер теңесе алмайды. Дегенмен балаңызға қосымша сүт қоспасын беретін болсаңыз, ешкі сүтін қолдануға кеңес беремін. Себебі басқа сүттерге қарағанда ешкі сүтінің құрамы ана сүтіне өте жақын. Ешкі сүтінің құрамындағы ақуыз сиыр сүтіне қарағанда ағзаға оңай сіңеді. Оның құрамындағы А2 типті казеиндер баланың асқазанын ауыртпай, оңай қорытылуына көмектеседі.
Балаға берілетін қосымша тағамның педиатриялық және педагогикалықдеген екі түрі бар. Біріншісіне әдетте нәрестені пюре өнімдерімен немесе ботқалармен таныстыру жатады. Бірақ одан бала шайнау дағдысын үйренбейді. Ал педагогикалық түрінде бала «ересектердің тағамымен» танысады. Бұл жерде ата-ана баланың тамаққа деген қызығушылығын оятып, өздігінен ересектерше шайнауға үйретеді.
Мен нутрициолог ретінде балаларға буға пісірілген үй тағамдарын беруді ұсынамын. Тез дайындалатын ботқалар, құтыдағы балалар тағамы үйдің тамағын алмастыра алмайды. Өйткені қолдан жасалған тамақтың құрамында химиялық заттар мен қоспалар болмайды. Ал ботқалардың глютенсіз түрін берген дұрыс.
Балаларыңыздың дені сау және бақытты болуын қаласаңыз, жастайынан тамағына мән беріңіз. Дені сау ұрпақ — жарқын болашақтың кепілі, —деп ескертеді дәрігер.
P.S. Мемлекет басшысының балаларға жасап жатқан қамқорлығы ерекше. Өткен жыл «Балалар жылы» болып жарияланды. 18-ге толмаған әр баланың атына Ұлттық қордан ақша аударылып тұратын болды. Бала күтіміне байланысты берілетін ай сайынғы жәрдемақы бір жарым жасқа дейін ұзартылды. Көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы да бірталай шығынды жабады. Жас ұрпаққа жасалып отырған мемлекет қамқорлығын ешкім жоққа шығара алмайды. Біздің айтпағымыз, осынша жақсылық ақша құнсыздануының кесірінен желге ұшпаса екен. Сәбилер көрер игілікті қымбатшылық атты «жалмауыз» жеп қоймасын.
Насиба ЗАРЛЫҚОВА.



