БілімБасты жаңалықтар

Саясат НҰРБЕК, Ғылым және жоғары білім министрі: Ақтөбелік жас зерттеушілер үшін үлкен мүмкіндіктерге жол ашылады

Өткен сенбі күні Ақтөбеге жұмыс сапарымен келген Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек атқарушы билік өкілдері, оқытушылар және студенттермен кездесіп, үшжақты меморандумға қол қойды.
Облыс әкімдігі ғимаратында өткен кездесуде білім мен ғылымды дамыту Үкіметтің ерекше маңыз берген мәселесі екені айтылды. Өйткені бұл — болашаққа салынған басты инвестиция.
— Мен осында үш сүйінші жаңалықпен келдім. Біріншісі — Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті базасында Heriot-Watt филиалы ашылатын болды. Екінші жаңалығым ғылым моделінің өзгеруіне қатысты. Белгілі бір өңірдің экономикалық қажеттілігіне байланысты өңірлік ғылыми орталықтар, ғылымды дамытатын 15 жоғары оқу орны іріктелетін болады. Олардың қатарында Ақтөбе өңірлік университеті бар. Сондай-ақ біз 20 ақпанда «Жаңа мамандықтар» өңірлік атласын қалыптастыру бойынша зерттеулердің бірінші кезеңіне кірісеміз. Бұл да болса, қай облысқа болсын, аса қажетті маман иелерін даярлауға оң септігін тигізетініне сеніміміз кәміл, — дегенҒылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек былтыр елімізде шетелдік жоғары оқу орындарының 3 филиалы ашылғанын, биылда бұл жұмыстардың жалғасатынын атап өтті.
Өз кезегінде облыс әкімі өңірлік атлас қалыптастыру идеясын жоғары бағалап, оның Ақтөбеде кең көлемде қолдау табатынын айтты.
— Өңір үшін сұранысқа ие мамандарды даярлау басым бағыт болып қала береді. Бұл мәселені шешу үшін жергілікті өнеркәсіп кәсіпорындарымен бірлесіп, «Жаңа мамандықтар» аймақтық атласын құрастыру бойынша «Мамандығым — болашағым» жобасын жүзеге асыруға ниеттіміз. Мен облыстың дамуына оң әсер ететін қызықты идеяларды қарастыруға және қолдауға дайынмын.
Елдің бәсекеге қабілетті болуы көп жағдай¬да оның ғылыми әлеуеті мен ғалымдарына байланысты. Сондықтан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысын еліміздегі адами капиталды дамыту мәселелеріне арнады. Онда жаңа бастамалар туралы сөз қозғап, отандық білім және ғылым саласын дамыту жөнінде нақты тапсырмалар берді.
Осыған байланысты әр өңірде, соның ішінде жергілікті университеттерде ғалымдардың ғылыми ізденістеріне әкімшілік, министірліктарапынан көңіл бөлінуде. Бірақ кез келген саланы дамытуда білікті мамандар қажет, — деді Ералы Тоғжанов.
Жиын барысында Президенттің жоғары білім беру жүйесін экономиканың сұраныстарына сай қайта форматтау жөніндегі тапсырмасы аясында өткен жылы облыс басшылығы мен жетекші шетелдік жоғары оқу орны — Heriot-Watt ректоры Марк Биггс арасында Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті базасында филиал ашуға келісім жасалғаны айтылды. Жоспарға сәйкес биыл алғаш рет 300 студент «Геоинженерия», «Электр энергетикасы», «Компьютерлік инженерия» сияқты бакалавриат деңгейіндегі үш білім беру бағдарламасы бойынша оқи алады. Түлектерге Heriot-Watt және Қ.Жұбанов атындағы университеттерінің біріккен дипломы беріледі. Сол мақсатта осы айдың басында Эдинбург қаласында өткен кездесуде Ғылым және жоғары білім министрлігі, Heriot-Watt университеті және Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті арасында ынтымақтастық туралы үшжақты меморандумға қол қойылды.
— Осындай жоғары деңгейдегі филиалдың ашылуы — шын мәнінде тарихи оқиға. Бұл — Қазақстанның бірнеше өңірін қамтитын ірі жобалардың бірі. Бастамаөңіріміздің ғылыми және академиялық дамуын күшейтуге, озық ғылыми тәжірибеніенгізуге және жастарымыздың өз үйінен ұзамай әлемдік стандартқа сәйкес білім алуына үлкен мүмкіндік туғызатыны анық, — деді облыс әкімі.
Ал «Ақтөбе хром қосындылары зауыты» АҚ басқарма төрағасы Алексей Химич аталған шаралардың барлығы жоғары білікті мамандардың қалыптасуына үлкен үлес қосатынын, өзі басшылық ететін кәсіпорын да Ақтөбе университетімен тығыз байланыста екенін баян етті.
Кездесу соңында облыс әкімдігі, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті және өңірдегі кәсіпорындар арасында ғылымды дамыту жөніндегі үшжақты меморандумға қол қойылды. Өндіріс орындарының қатарында Ақтөбе хром қосындылары зауыты, «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ және «Қазақойл Ақтөбе», «Ақтөбе мыс компаниясы», «Коппер Технолоджи» ЖШС-лары бар. Мұндағы мақсат — білім беру, ғылым және технологияларды дамыту саласындағы жобаларды іске асыруға бағытталған әріптестік қатынастарды орнату және тараптар арасындағы ұзақ мерзімді, өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту.
Жұмыс сапары аясында министр 14 мыңнан астам жас білім алатын Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің жұмысымен танысты. Саясат Нұрбекке алдымен аталған жоғары оқу орнының ғылыми-зерттеу және білім беру инфрақұрылымы көрсетілді. Атап айтсақ, ведомство басшысы «Материалдардың радиациялық физикасы» ғылыми-зерттеу орталығы мен Инновациялық технологиялар паркін аралап, сондағы мамандармен тілдесті. Артынша басты бағытқа тоқталды.

— Біздің басты міндетіміз —- өңірлерде мықты ғылыми ұжымдарды қалыптастыру. Әсіресе жас ғалымдарды қолдау ерекше маңызға ие. Академиялық артықшылық орталығын құру, Heriot-Watt университетінің филиалын ашу — ақтөбелік жас зерттеушілерімізге үлкен мүмкіндіктерге жол ашады. Әрине, біз университеттерге ғылыми-зерттеу қызметінің негізгі орталықтары ретінде баса назар аударамыз, — деді Ғылым және жоғары білім министрі.
Одан соң Ақтөбе университетінің ғылыми кеңесі мен студенттерімен кездесу ұйымдастырылды. Аталған жоғары оқу орнының ректоры Лаура Қарабасова бастаған ұжымға дәріс оқыған Саясат Нұрбек ведомство аймақтардағы университеттердің әлеуетін көтеруге баса назар аударатынын тілге тиек етті.
— Өткен жылдан бастап Ғылым және жоғары білім министрлігі осындай қоғамдық лекцияларды өткізе бастады. Яғни әр өңірге өзім арнайы барып, ұжым мен студенттермен кездесіп, университеттердегі мәселелерді көріп, оның шешілуіне атсалысуға күш салатын боламын. Біздің басым бағытымыз өңірлік университеттерге көшеді. Мен өткен үш айдың ішінде барлығын зерттедім, орталықтардағы үлкен университеттердің инфрақұрылымы жақсы. Сондықтан енді өңірлердегі білім саласына ерекше көңіл аударатын кез жетті, — деген министр шетелдегі білім жүйесі, жасанды интеллект, ғылым саласы жөнінде кеңінен әңгіме қозғады. Сондай-ақ білім сапасын арттыруға мейлінше мән беру керектігін атап өтті.
Дәріс барысында студенттер де өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, сұранысқа ие мамандықтар, бұрынғы мен қазіргі оқу барысы, т.б. жөнінде ой бөлісті.
Сөзін түйіндеген министр Ақтөбе еліміздегі қарқынды дамып келе жатқан өңірлердің бірі екенін, жоғары білім беру сапасын арттыру үшін барлық мүмкіндіктердің барын айтты. Сондай-ақ ол көп ұзамайелімізде Түркия, Германия, Канада, Өзбекстанның белгілі жоғары оқу орындарының филиалдары ашылатыны жөнінде ақжолтай хабарды жеткізді.
— Жаңадан құрылған министрлік еліміздегі жоғары оқу орындарындағы білім сапасын арттыруға мүдделі. Өйткені Қазақстанда, жалпы Орта Азия елдерінде демографиялық дүмпу бар, яғни адам саны көбейіп келе жатыр. Тиісінше жоғары білім алуға сұраныс молаяды. Сапа да соған сай болуы керек. Қазірдің өзінде елімізде 119 университет болса, соның 55 пайызы — жекеменшік. Ал еліміздегі студенттердің 60 пайызы сол жекеменшік жоғары оқу орындарында білім алады. Бұл — ресми статистика. Бұдан аңғаратынымыз — жағдай өзгерді, бәсекелестік бар. Барлық университет соған төтеп беріп, білім алушылардың көп болуы үшін ғылыми әлеуетін, материалдық-техникалық базасын нығайтуы қажет. Ол үшін шетелдік әріптестермен де байланыс орнату артық етпейді, — деді Саясат Нұрбек.
Ведомство басшысына сапар барысында Қ.Жұбанов атындағы университеттің серіктесі Ақтөбе ферроқорытпа зауытының жай-күйі де көрсетілді.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button