АуылБасты жаңалықтар

Жастардың жаңа кәсібіне демеу болатын жоба

Бүгінде облыс халқының 40 пайызға жуығы ауылда тұрады. Оның 28,8 пайызы — жастар. Олардың арасында жұмыссыз жүргендері де баршылық. Осы мәселенің түйінін шешуге — жұмыссыздықты жоюға, тұрғындардың бастамаларына қолдау көрсетіп, табыс табуға үйрететін «Ауыл аманатының» аясында облыста «Дем» жобасы іске қосылғаны белгілі. Бұл — уақыт талабына сай кәсіп бастаймын деген жастар үшін жаңа мүмкіндіктер есігін ашатын әлеуметтік жоба.
Жобаға қызығушылық танытқан 22 қатысушы аз ғана қаражатпен кәсіпті қалай бастауға болатынын үйреніп, қазір өз жобаларының жүйесін жасауға кірісіп кетті. «Дем» жобасында білімін жетілдіріп, өз ауылдарын көркейтуге аттанған жастардың ендігі мақсаты — «Ауыл аманатына» қатысу.

 

Құрт өсіретін қыз

Алға ауданы Бесқоспа ауылдық округінде тұратын Жанат Оразалиева кәсіптің түр-түрін зерттей келе, шығыны аз, кірісі мол калифорниялық құрт өсіруді таңдаған. Ол қызыл құрттарды өсіріп, «биогумус» деп аталатын биологиялық тыңайтқыш шығарады. Кәсіптің бұл түрі еліміздің оңтүстігінде кеңінен таралғанмен, Ақтөбеде органикалық тыңайтқыш өндіру дамымаған. Ол егіннің қай түріне де жарамды, өсімдіктердің иммунитетін көтеретін әлемде баламасы жоқ тыңайтқыш саналады.

Калифорниялық құрттар органикалық қалдықтармен, яғни ағаштың жапырағы, төрт түлік малдың қиымен қоректенеді. Демек, оның қорегіне қалтаңыздан артық ақша шығармайсыз. Олар осы қалдықтарды жеп, оны өңдеп, топырақты құнарландырып, бізге дайын биологиялық тыңайтқыш жасап береді.

Алғашында 150 мың теңгеге бір шаршы метр шылаушын сатып алып, 10 шаршы метрге салып өсіремін. 7 айдан кейін 500 шаршы метрлік орын қызыл құртқа толатын болады. 10 күн сайын азық салып отырып, шылаушындар қоректенуге жоғары көтерілгенде астындағы 50 сантиметрлік биогумусты алып, електен өткізіп сатамын. Бұл — микро, макроэлементтермен қамтамасыз етілген таза өнім, — дейді Жанат Оразалиева.

Өздігінен көбеюге бейім бұл құрт жауын құрты мен шұбалшаңның будандастырылған түрі екен. Шығу тегі Калифорния болғандықтан да, калифорниялық қызыл құрт атанған. Бұл жәндіктердің адамға да, басқасына да зияны жоқ. Оны өсіру үшін жақсылап баптау қажет.

Құрттың бұл түрі ылғал топырақта өмір сүреді. Қатты ыстық немесе қатты суыққа шыдамайды. Кейде ыстықтан құрттар кеуіп қалып та жатады. Алдағы уақытта құрт санын көбейтіп жатсам, жылыжай салу керек болады, — дейді ол.

Қазір Жанат «Дем» жобасының сабақтарын аяқтап, енді өз ауылындағы биогумус өндіретін жылыжайға барып тәжірибеден өтіп жүр. Үш айлық тәжірибеден кейін ол жобасын ары қарай жетілдіріп, содан кейін ғана өз ісін бастауды жоспарлап отыр.

Жанат Оразалиеваның айтуынша, қызыл құрттың кереметі сол — оны топыраққа салып, егістікке шашатын болса, өнімнің шығуын 2-3 есеге арттырады екен. Егін шаруашылығымен айналысатын адамдар осы калифорниялық құрттардың өндіріп шығарған тыңайтқыштарын сатып алады. Егер егіс мол түсім бермей жүрген жағдайда биотыңайтқыштарды қолданып, топырағын құнарландырып алуына болады.

 

Нағима тауық бағады

Хромтау ауданы Ақжар ауылының тумасы Нағима Қосбаева тауық өсіріп, етін сатып кәсіп қылғысы келеді. Ауыл шаруашылығы мамандарының айтуынша, үй құстарының ішінен бройлер тауығын таңдаған жөн. Өйткені ол тез өседі, жеміне де артық шығынданбайсыз. Оның етіндегі ақуыз мөлшері сиыр, қой етіне қарағанда көбірек. Құрамының кемінде 22,5 пайызы ақуыздан тұратын диеталық өнім. Оның салмағы 50 күннен кейін 2,5-3 келіге жеткенде сойып алуға болады. Нағиманың мақсаты — үш айда мың бройлер тауығын өсіріп шығару. Бұл жобасы үшін ол алғашқы қадамын да бастап кеткен.

Алматы қаласынан инкубаторға тапсырыс беріп қойдым. Алғашқыда 104 жұмыртқа салып, өсіріп көремін. Ол үшін жоғары өнімді, генетикалық әлеуеті жоғары гибридті құсты пайдалану керек. Сонымен қатар бөдененің жұмыртқаларын да сатып алғым келіп отыр. Тауықтарды өсіретін қора дайын тұр, — дейді ол.

Жас кәсіпкер бройлер өсіру үшін екі тұқым түрін пайдаланатынын айтады. Оның бірі ақ корниш болса, екіншісі — полимутрок. Алдымен қаладағы құс фермаларынан жұмыртқа сатып алып көрмек.

Нағиманың айтуынша, құс етіне ауылда сұраныс бар. Ол протеинге бай, ағзада жеңіл қорытылады.

Кәсіпкердің мақсаты — құс шаруашылығын ауылдан бастап, бірте-бірте кәсібін ұлғайтып, осылайша шетелден келетін импорттық өнімдердің орнын отандық өнімдермен алмастыруға септігім тисе екен дейді.

Ауылдың таза сүті

Жоба аясында шағын несие алуға өтініш берушілердің арасында Әйтеке би ауданы Аралтоғай ауылының тұрғыны Шаттық Қуантаев деген жігіт те бар. Заңгер жігіт өз ауылында мамандығына байланысты жұмыс таба алмаған. Қазір жеке қосалқы мал шаруашылығы бар. Алдағы уақытта «Ауыл аманаты» жобасы арқылы 5-6 сүтті сиыр алып, сүт өнімдерін өңдеп, айналымға шығарғысы келеді.

Елімізде шикі сүт өндіру жақсы дамығанымен, одан дайын өнім өндіру жағынан ақсап тұрмыз. Өзіміз ауылда тұрып-ақ түрлі сүт өнімдерін, қаймақ, айран, сүзбе, йогурттарды дүкеннен аламыз. Ал дүкенде тұрған өнімдердің көбі — шетелдік. Сол себептен табиғи өнім дайындауды өз ауламыздан бастайық деп шештім. Өзім мал шаруасымен айналысып жүрсем, зайыбым құрт, май жасайтын болады, — дейді Шаттық Қуантаев.

Осылайша жас кәсіпкер ауыл тұрғындарын табиғи сүт өнімдерімен қамтамасыз еткісі келеді. Оның айтуынша, ауылда сұраныс бар. Мемлекет көрсетіп жатқан көмек арқылы мал санын көбейтіп, тіршілік жасап, табысқа шыққысы келеді.

 

Маратбек қызанақ өсіреді

Қарғалы ауданына қарасты Степной ауылының тұрғыны Маратбек Асан — «Дем» жобасының қатысушыларының бірі. Аталған жоба арқылы кәсіп жүргізудің қыр-сырын үйренген Маратбектің ендігі мақсаты — жылыжай ашу.

— Жобада өзімізге қажетті білімді толық меңгердік. Қаржылық сауатымызды арттырып, кәсіпті бастау мен оны жүргізу жолдарына дейін дәріс алдық. Тек теориялық сабақтармен ғана шектелмедік. Түрлі кәсіпкерлердің жұмыстарымен таныстық. Яғни іс жүзінде де кәсіптің қалай дамып жатқанын көрдік. Барлық кәсіпті көргеннен кейін саралай келе, жылыжай ашып, қызанақ өсіруге тоқталдым. Аз ғана қаржымен ісін жүргізіп жатқан жылыжай иелерімен сөйлесіп, ережелері қандай, қызынақтарды қалай күту керек, қандай тыңайтқыштармен қоректендіру керек деген сауалдарыма жауап алдым, — дейді Маратбек Асан.

Оның айтуынша, жылыжай шаруашылығы оңай кәсіп емес. Еккен әр өніміңіз мұқият күтімді қажет етеді. Жас кәсіпкер алдағы уақытта «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша жер алып, көкөніс өсіріп, баламалы энергия көздерін қолдану арқылы табиғи ресурстарды тиімді пайдаланғысы келеді.

Ол сонымен қатар қызанақтан бөлек сарымсақ егіп, әсіресе қыс мезгілінде ауылды көкөніспен қамтамасыз етемін дейді.

Қазір сарымсақ ауылымызға Қытайдан келеді. Оның орнына өз ауылымда жылыжай ашып, тек қана тұрғылықты жерімді ғана емес, қаланы да өз өнімдеріммен қамтимын деп ойлаймын, — дейді кәсіпкер.

Маратбек болашақта өзінің кәсібін жоғары деңгейге көтеріп, ауқымын кеңейтуге ниетті.

Насиба ЗАРЛЫҚОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button