Әлеумет

Білікті маман

    • Еңбек адамы

Әрбір адамның өзіне тән ғұмыр жолы, тіршілік баяны бола тұра, еткен еңбек, көрген бейнет, татқан зейнет, алған асу, жеткен биік әркімнің өмірінде әрқилы. Тұрғындардың биологиялық қауіпсіздігіне қызмет еткен дәрігер, Ақтөбе обаға қарсы күрес станциясының Бозой бөлімшесінің басшысы Бөрібай Қоңырбаев жүріп өткен жолда да сондай бедерлі белестер аз емес.

Ол 1983 жылы Ақтөбе мемлекеттік медицина институтын бітіргеннен кейін бүкіл саналы ғұмырын денсаулық сақтау саласына арнады. Қызылорда облыстық ауруханасында, Қазалы аудандық жедел жәрдем станциясында, Қызылорда қалалық №1 емханасында кардиолог, бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарды. Қызылорда обаға қарсы күрес станциясының дәрігер-бактериолог қызметіне 2001 жылы орналасып, аса қауіпті инфекциялармен жұмыс жасау қайта даярлау курсынан өтті. Кәсіби біліктілігімен оба инфекциясының Қызылқұм дербес табиғи ошағы сынамаларын зерттеу барысында терең біліктілікті талап ететін оба инфекциясына бірнеше серологиялық оң мәндер анықтады. Халық пайдаланып отырған ауыз су сынамаларынан анықтаған тырысқақ инфекциясының қоздырғыштары халық арасында жұқпалы аурудың алдын алуға көп септігін тигізді. Зертханалық зерттеулері бойынша мағлұматтар кейін ғылыми журналдарда бірнеше ғылыми мақалалар жазуға арқау болды.

Өмір ағысымен Алматыға қоныс аударған соң Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты қалалық апаттық медицина орталығында қызмет атқару барысында бірнеше адам өміріне араша болғаны бар. Кәсіби біліктілігі бағаланып, 2012 жылы министрліктің республикалық жедел құтқару жасағы медицина қызметінің басшысы қызметін атқару барысында да адамдар өмірін сақтап қалуға өз үлесін қосты.

Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Масғұт Айқымбаев атындағы аса қауіпті инфекциялар ұлттық ғылыми орталығының филиалы Ақтөбе обаға қарсы күрес станциясы басшылығының шақыруымен 2020 жылы Бозой обаға қарсы күрес бөлімшесін басқару қызметіне келді. Облыс орталығынан шалғай орналасып, аса қауіпті инфекцияларға далалық мониторинг жүргізудегі қиындықтарға қарамастан Бөрібай Қоңырбайұлы мекеме қызметкерлерін жоғары ұйымдастырушылық қабілетімен, кішіпейіл мінезімен үйіре білді. Халық арасында түрлі аса қауіпті инфекциялардың алдын алуға бағытталған шараларды жүйелі жүргізіп тұрды.

Ол бөлімше басшысы әкімшілік қызметімен қоса талдауы көп зертханалық жұмыстарды қоса атқарғанын айтып өткен жөн. Жұмыс барысында Денсаулық сақтау министрлігінің, сала басшыларының Алғыс хаттарымен, Құрмет грамоталарымен марапатталды. Отбасында жоғары санатты дәрігер жұбайымен балаларының, немерелерінің өскенін қызықтауда.

Біліктілігі мен іскерлігін орайлы ұштастыра отырып, медицина саласына өз үлесін қоса жүріп Бөрібай Қоңырбайұлы зейнеткерлік жасқа жақындағанын да байқамаған сыңайлы. Ақтөбе обаға қарсы күрес станциясы ұжымы әріптес азаматқа өмір атты өзеннің жаңа белесінде жарығы мол жарқын күндер тіледі.

Н.ДӘНЕКЕРОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button