Басты жаңалықтарСпорт

Кикбоксинг — жылдамдық пен дәлдікке тәрбиелейтін спорт

Облыста кик­бок­синг спорты қарқынды дамып келеді. Өңірімізде алты спорт клубы бар. Спорт кешендерінде 300-ден астам жасөспірім орта және ауыр салмақ түрлері бойынша жаттығады. Асылхан Бұсырманов атындағы кәсіби спорт клубының ашылғанына биыл 11 жыл болыпты. Оны ашқан спорт шебері Саламат Капиннің шәкірттері бүгінде түрлі додаларда облыс намысын қорғап жүр. Кикбоксинг спортының бүгіні мен болашағы туралы Қазақстан Республикасының спорт шебері, әлем чемпионы, кикбоксингтен Ақтөбе облысы бойынша аға жаттықтырушысы Серік Нұржанұлы айтқан еді…

Ақтөбеде кикбоксингке арналған спорт кешені бар

Кикбоксинг — қол мен көздің үйлесімділігі мен тепе-теңдігін жақсартатын, дененің күшін арттыратын спорт түрі. Каратэ, бокс сияқты жекпе-жек өнерінен ерекшелігі — жылдамдық пен дәлдікті қажет етеді. Кикбоксингтің бірнеше түрі бар, олардың әрқайсысының ережелері де әртүрлі. Мысалы, америкалық кикбоксингта қол мен аяқ арқылы қарсыласқа шабуыл жасалады.

Қазақстан Республикасының  спорт шебері Серік Нұржанұлының айтуынша, Асылхан Бұсырманов атындағы спорт клубында 7 жастан  50 жасқа дейінгі адамдар жаттыға алады. Тек медициналық анықтамасы барлар ғана спорт клубына қабылданады. Іріктеуден өткен балалар мен жасөспірімдер үш ауысым бойынша тегін жаттыға алады. Ал ересектер үшін жаттығу ақылы.

— Өңірімізде кикбоксинг спортына қызығушылар саны артып келеді. Әсіресе балалардың қызығушылығы жоғары. Спортшыларымыздың жеткен жетістіктері де баршылық. Мәселен, өткен жылы Италияның Лидо ди Езоло  қаласында кикбоксингтен өткен Әлем чемпионатында Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің студенттері жүлдемен оралғаны белгілі. Нәтижесінде 71 келі салмақта 1-орынды жеңіп алған Саят Күншашев ел намысын асқақтатты. 91 келі салмақта Әділет Алдабергенов пен 54 келі салмақта Алмат Теңізбаев 2-орынды қанжығасына байлады. Ал 67 келі салмақта бақ сынасқан Тұрсын Рахым 3-орынды місе тұтты.

Ендігі кезекте облысымызда өтетін республикалық турнирге қарқынды дайындалып жатырмыз. Ел намысын асқақтататын спортшыларымыздың жеңісін көріп, біз де жігерлене түсеміз, — дейді спорт шебері.

Әлем чемпионы Серік Нұржанұлының айтуынша, кикбоксингтің  алты түрі бар:

К-1, фул-контакт және лоу-кик — бұлар бұл спорттың ішіндегі қатаңдау түрлері, ал семи-контакт, лайт-контакт, фристайл дегендер — «жұмсақтау» түрлері. Жалпы, болашақта кикбоксингтің К-1 түрін түпкілікті таңдап алатын шығармыз деп отырмыз. Өйткені «Кей уан» (К-1) — бүгінде жанкүйердің қошеметіне бөленіп жүрген UFC, ММА сынды жекпе-жек түрлеріне бір табан жақын, жігіттің сырттаны ғана сынға түсе алатын сайыс. Мұнда файтерлер шаршы алаңға тек шолақ шалбармен және қолдарына былғары қолғап киіп қана шығады.

Кикбоксинг — барлық жастағы адамдардың денсаулығына пайдалы спорт. Ол  әсіресе қан айналымының тұрақталуына көмектеседі.

@mukasheva_akmaral

♬ оригинальный звук – Ақмарал Мұқашева

Буллингтен қорғану жолы кикбоксинг

Спорт клубында жаттығып жатқандар арасында балалар мен жасөспірімдердің көп екендігі байқалады. Бұл жас жеткіншектердің салауатты өмір салтын  ұстануға деген ұмтылысын көрсетеді.

— Мен кикбоксингпен қыркүйек айынан бері, шұғылданып келемін. Спорт пен айналысу туралы ой кездейсоқ келді. Буллингтен сақтану мақсатында қорғанудың түрлерін үйреніп, қарсыласыма соққымен жауап беру үшін осы спорт түрін үйреніп жүрмін. Бұрын олар шашымнан тартып, маған тиісе беретін. Енді сыныптастарым бұрынғыдай тиісе алмайды. Себебі мен олардан қорғана аламын.

Спорт кешеніне келгеніме алты айға жуық уақыт болғаныма қарамастан, жаттықтырушыларымның арқасында кикбоксинг спортына деген қызығушылығым арта түсті. Сондықтан бос уақытымды кикбоксинге арнаймын деп шештім, — дейді Қаныш Сәтбаев атындағы орта мектептің оқушысы Жұлдыз Бақтыгерей.

Спортшыларымызды кикбоксингтен өткен турнирлерге ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Саламат Капин, Ғалымжан Мырзағалиев, Бауыржан Едігенов, Серік Нұржанұлы сынды спорт шеберлері даярлаған. Жаттықтырушылар жүлдегер атанған шәкірттеріне дән риза. Алдағы уақытта спорт кешенінің жаттықтырушылары ауылдық жерлерді аралап, жастарды спортқа баулымақ.

Кикбоксинпен айналысатындар арасында ата-анасының қалауымен осы спорт түріне келгендер де бар. Солардың бірі Жансен Жарылқасынов.

— Мен бұл спорт түрімен 5-сыныптан бері айналысып келемін. Облыстық, республикалық турнирлерде жеңімпаз атандым. Ендігі мақсатым — әлем чемпионатына жолдама алу. Кикбоксингке ең алғаш келгенімде тек жай жаттығуға келген едім. Кейін өзіме бұл спорт түрі ұнап, спорт кешеніне тұрақты келіп, шынығуды әдетке айналдырдым. Жаттықтырушыларымыздың қажырлы еңбегінің нәтижесінде жеңіс тұғырынан көрініп келемін. Әкем еркін күрестен чемпион болғандықтан, ол менің кикбоксингпен шұғылдануыма қарсылық білдірмеді. Қолдаудың өзі менің жеңіске деген құлшынысымды арттырады, — дейді №21 орта мектептің оқушысы Жансен Жарылқасынов.

Кикбоксинг спорты баланың ойлау қабілетін шыңдауға көмектеседі. Жылдам қимыл-әрекет нәтижесінде дене бұлшықеттері  қозғалып, түрлі аурулардың алдын алуға көмектеседі. Кішкентай жеткіншектердің өздері спорттың денсаулыққа пайдасын айтып берді. Солардың бірі — Нұрасыл Төлегенов.

— Мен 2021 жылы кикбоксинг спорт мектебіне қабылдандым. Әрине, спорт жеңістер мен жеңілістерден тұрады. Менің сайыстарға қатысуымның басты мақсаты — денсаулығымды нығайту. «Шынықсаң, шымыр боласың» деп бекер айтылмаған. Бала кезден-ақ мені спорт клубына тіркеген ата-анама ерекше ризашылығымды білдіремін.

Спорт кешенінде жаттыққаныма көп уақыт болмаса да, өткен жылы облыстық турнирде бірінші орын алдым. Бұл турнирге 150 адам қатысып, солардың арасынан жеңімпаз атандым, дейді №10 орта мектептің оқушысы Нұрасыл Төлегенов.

Аға жаттықтырушының сөзінше, спортшылардың жеңіс тұғырынан көрінуіне себепкер болып жүрген бапкер Саламат Капин ол әрдайым жеңіске жеткен жастарды жігерлендіріп, қаржылай сыйлықтармен ынталандырып тұрады. Сонымен қатар Ақтөбе облысының кикбоксинг федерациясының президенті Захар Қожаев осы жылы спортшылардың кең жерде жаттығуы үшін спорт кешеніне өз қаражаты есебінен ринг сыйлауға ниетті.

Әлем чемпионатының қола жүлдегері

Кикбоксингпен айналысатын жасөспірімдер, спорт клубын екінші үйіндей көріп кеткенін айтады:

— 2017 жылы досымның кикбоксинг спорт клубына барып жүргенін естідім. Содан соң ата-анамның рұқсатымен осы спорт түрімен шұғылдануды бастап кеттім. Жетістігім де баршылық. Малайзияда өткен Әлем чемпионатында қола жүлдегер атандым. Дүбірлі додаға 700-ден астам спортшы қатысты. Содан соң халықаралық турнирге қатысып, алтын жүлдені қанжығама байладым.

Серік Нұржанұлы, Саламат Капин, Ғалымжан Мырзағалиев сынды жаттықтырушыларыма алғыс білдіремін. Олар —кикбоксинг спортының нағыз шеберлері. Сол кісілер арқылы табандылықты, қарсыласқа төтеп беруді үйрендім. Ендігі жарыстарда қанжығамызды алтын жүлдемен толтырамын деген сенімдемін, — дейді Ұ.Құлымбетов атындағы №64 орта жалпы білім беретін мектебінің оқушысы Бейбарыс Мұратқали.

Елімізде өткен ға­сыр­дың 90-жылдары кикбоксинг спорты жақсы дамыды. Мысалы, әлем чемпиондары Асқар Можанов, Ержан Шегенов, Қабылбек Садырбаев, Ардақ Сембаев, Дулат Тәженов, Геннадий Папу сынды ше­берлеріміз дүниежүзіне танылды.

— Кикбоксинг спорты дамып келеді. Осы жылы әлемдік спорт федерациялары тарапынан кикбоксингті олимпиадалық ойын санатына қосу туралы ұсыныс жолданды. Егер шешімін тапса, 2028 жылы кикбоксинг олимпиадалық спорт түрлерінің қатарына енгізіледі.

Мен жастарды шапшаң қимылдауды қажет ететін спорт түрімен айналысып, оны кәсіби деңгейге көтеруге шақырамын. Өзім 1999 жылдан бері кикбоксингпен шұғылданып келемін. Нәтижелі еңбектің арқасында қазіргі таңда Асылхан Бұсырманов атындағы кәсіби спорт мектебінің жаттықтырушысы қызметін атқарамын. Ал дүбірлі додаларда жеңіс тұғырынан көрінуім жаттықтырушым Саламат Капиннің еңбегі деп білемін.Сондықтан спортқа құмар жандарды кикбоксинг спортына бейімдеп, олардан мықты спортшыларды даярлағым келеді, дейді аға жаттықтырушы Серік Нұржанұлы.

 P.S. Жекпе-жекке деген құмарлық қазақтың қанында бар қасиет.  Сондықтан өзін ғана емес, өзгені де қорғай ала­тын, шымыр, шыныққан, жас жеткіншектеріміздің қатары артса, ел намысын асқақтатар азаматтарымыз көбейері сөзсіз.

 Ақмарал МҰҚАШЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button