Әлеумет

Балық аулауға тыйым салынады

Бүгінгі күні облыс аумағында балық шаруашылығына негізделген 91 су қоймасы бар. Балықтардың уылдырық шашатын уақытында оларды аулауға тыйым салынады. Аталған шара сәуір айында басталады. Қазір облыстық аумақтық балық шаруашылығы инспекциясының өкілдері осы мақсатта жұмыс жүргізуде.

Балықтың негізгі қоры – Ырғызда

Ақтөбе аймағындағы балықтың негізгі қоры Ырғыз-Торғай өзен-көлдер жүйесінде  шоғырланған. Балықтардың уылдырық шашу уақытында осы өңірдегі Ырғыз-Торғай мемлекеттік зоологиялық табиғи қорығындағы балықтарды аулауға тыйым салынады. Бұл шара 15 сәуірден 1 қыркүйекке дейін жалғасады. Ал өзге су қоймаларындағы балықтарды аулауға тыйым салатын уақыт олардың уылдырық шашу кезеңіне байланысты  жүреді.

Мәселен, Ақтөбе облыстық аумақтық балық шаруашылығы инспекциясының ихтиология мониторнигі және балық аулауды реттеу бөлімінің бастығы Қасымқұл Құлтанбайдың айтуы бойынша, шортан, ақмарқа, алабұға, көксерке, торта, аққайран балықтарын 20 сәуірден 20 мамырға дейін аулауға тыйым салынса, сазан, мөңке, жайын, қаракөз, ұңғақ, теңге, табан балықтарын  20 мамырдан 30 маусымға дейін аулауға болмайды. Ал ақсақа балығын 20 қазаннан 20 қарашаға дейін, нәлім балығын 26 желтоқсаннан келер жылдың қаңтарына дейін аулауға тыйым салынады. Шаянды 15 қазаннан келер жылдың 30 маусымына дейін аулауға рұқсат етілмейді.

Жалпы, облыста балықтың 32 түрі бар. Аумақтағы балықтың негізгі қоры – Ырғыз, Қобда, Елек, Ойыл өзендерінде. Сондықтан тыйым салу уақыты кезінде осы аудандардың  тұрғындарына ескерту жасалады. Қазіргі таңда осы мәселе жөнінде барлық мәлімет облыс тұрғындарына бұқаралық ақпарат құралдары арқылы хабарланды. Мамандар жыл сайын өткізілетін шара болған соң, алдын ала түсіндіру, өзге де дайындық жұмыстарының басталып кеткенін айтты. Аумақтық балық шаруашылығы инспекцияның өкілдері мен жергілікті учаскелік инспекторлар және табиғатты қорғау полициясы барлығы жоспар бойынша жұмыла жұмыс жүргізуде.

Балықтар уылдырық шашатын уақытта оларды аулаған азаматтар «Әкімшілік заң бұзушылық» кодексінің 298-1 бабының екінші тармағы  бойынша айыпталады. Яғни осы уақыт аралығында жеке тұлғалар балық ауласа 20, ал лауазымды адамдар 100 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл төлейді. Ал өзге уақытта заң бұзушылықтарға жол берілсе, жеке тұлғаларға 10, ал лауазымды тұлғаларға 50 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салынады. Сонымен қатар  бекітілмеген су қоймаларынан азаматтардың тыйым салған құралдармен балық аулауларына рұқсат етілмейді.

Жыл сайын ғылыми-зерттеу институттары облыс аумағындағы өзен-көлдерге зерттеу жұмыстарын жүргізіп, өңірден қанша балық аулау керек екенін белгілеп береді. Бұл жұмыс Үкіметтің қаулысымен жүзеге асады. Мәселен, өткен жылы 458 тонна балық ауланса, биыл бұл көрсеткіш 373 тоннадан аспауы тиіс. Дегенмен заңды бұзатындар да жоқ емес.

Көп жағдайда азаматтар балық аулаудың заңдылығын біле бермейді. Мәселен, арнайы бекітілген талап бойынша жеке кәсіпкерлерге берілмеген су қоймаларынан азаматтардың бес келіден артық балық аулауына рұқсат жоқ. Егер белгіленген мөлшерден артық балық ауланса, заң бұзушылық болып есептеледі. Дегенмен соңғы жылдары жүргізілген үгіт-насихат жұмыстарының арқасында бұлардың саны азайды. Өткен жылы 175 айыппұл салынса, жыл басынан бері 30 заң бұзушылық орын алған, – деді инспекция өкілі.

Жалға беру су қоймаларын жақсартады

Облыс аймағындағы балық шаруашылығына негізделген су қоймаларының саны – 91. Ілгеріде бұлардың саны әлдеқайда көп болғанмен, соңғы жылдардағы экологиялық ахуал, құрғақшылық  өзен-көлдердің қатарын сиретті.

Мәселен, бұрын Ырғыз ауданының өзінде 86 су қоймасы болса, қазір оның саны 64-ке азайды. Ырғыз-Торғай мемлекеттік зоологиялық табиғи қорығына осы көлдердің 46-сы тиесілі.

Мемлекет тарапынан өңірдегі өзен-көлдерді сақтап, балық қорын азайтпау мақсатында бірқатар жұмыстар атқарылуда. Соның бірі – су қоймаларын жалға беру. Аталған бастама 2004 жылдан бастап қолға алынды.

Кеңес өкіметінің уақытында мал шаруашылығына арналған бөгеттер, су қоймалары салынып, олардың  шаруасы қызу жүріп тұрды. Кейін КСРО тараған кезде барлығы иесіз қалды. Мемлекет соңғы 3-4 жылдықта ғана осы мәселеге баса назар аударып, балық шаруашылығымен айналысамын деген азаматтарға жалға бере бастады. Бұндағы мақсат – су қоймаларын сақтау және балық қорын азайтпау.  2004 жылғы «Жануарлар дүниесін қорғау және пайдалану туралы» Заң бойынша су қоймалары жеке кәсіпкерлерге 10-49 жылға дейін жалға беріледі.

Бүгінде облыс көлемінде  26 жеке кәсіпкерге 56 су қоймасы жалға берілді. Жалға алатын кәсіпкер әкімшілікпен және өзге тиісті орындармен арнайы келісім-шарт жасайды. Осы шарт бойынша он жылға жоспар бекітіліп, пайдаланушыға арнайы талап қойылады. Яғни пайдаланушы балық шаруашылығын жүргізу ережесін сақтай отырып, жыл сайын балықтандыру, аймақтың тазалығын сақтау, жаңа жабдықтар әкелу секілді өзге де  талаптарды орындауы тиіс. Және осы жұмыстарға бөлінетін қаржы кәсіпкердің өз қалтасынан болмақ. Егер талап орындалмаған жағдайда шарт бұзылады. Сондай-ақ, жеке кәсіпкер ғылыми-зерттеу институттарымен бірігіп жұмыс жасайды.

Бұл шаруашылықты  қолға алғандардың басым бөлігі – бұрын осы салада тәжірибесі аз азаматтар. Соған қарамастан істі іліп әкеткендер жоқ емес. Шаруаны бастағанына екі жыл болған кәсіпкерлердің жұмысы қазір жүріп тұр,-деді Қасымқұл Құлтанбай.

Әзірге талапты орындай алмаған кәсіпкерлердің  қатары аз. Өткен жылы үш азамат жоспарды жүзеге асыра алмайтынын айтып, келісімнен бас тартса, биыл бұндай екі дерек тіркелген. Дегенмен қаржылық дағдарыс кезінде  Елбасы тапсырмасына орай кәсіпкерлерді қолдау мақсатында арнайы жеңілдіктер қарастырылуда. Мәселен, аумақтық балық шаруашылығы инспекциясы су тоғандарын пайдаланушыларға балық шаруашылығын дамытуға  салынатын  қаржының салу мерзімін жыл аяғына дейін ұзартуға келісім берді.

Сондай-ақ, су қоймаларын балықтандыру үшін облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, сырттан құнды балықтар әкелінуде. Өткен жылы Қарғалы ауданындағы «Ардағым» шаруа қожалығынан 5 миллион теңгеге тұқы балығы сатып алынса,  Қызылорда облысы Арал ауданындағы «Қамыстыбас» балық шаруашылығынан өсімдік қоректі ақ амур, дөң маңдай балығы әкелінді.

Қазір аймақтағы өзен-көлдерді қамыс, өзге де өсімдік түрлерінің басу қаупі бар. Егер алдын алу шаралары жасалмаса, олардың  көлемі кішірейіп, су құрамы өзгереді. Балықтың еркін жүзуіне кері әсерін тигізуі мүмкін. Сондықтан мәселені шешу үшін өсімдік қоректі балықты көбейткен жөн. 70-80 жылдары аталған шараға қарсы арнайы жұмыс жүріп, су қоймаларының қамысы орылып, өсімдіктері тазартылатын. Қазір қаржының жоқтығынан бұндай шаруалар кейінге қалуда.  Биыл балықтандыру жұмысына жеті миллион теңге бөлу  жоспарланып отыр.

Жалпы, өңірдегі  жағдайы қиын көлдерді қалпына келтіру де басты орында. Мысалы, Шалқар көлінің табанын құм басып,ондағы балықтың азайғанын бәріміз білеміз. Осы мәселе үнемі көтеріліп жүргенімен, оны орнына келтіруге қомақты қаржы керек. Ал қазіргі дағдарыс кезінде ондай қаржының жоқ екені рас. Ал Елек, Қарғалы өзендері мен  Ақтөбе су қоймаларының жағдайы да мәз емес.

Балықты өткізуге қатысты да мәселе көп. Балықтың көп бөлігі қаладан 600 шақырым жерде орналасқан Ырғыз-Торғай  өзен-көлдер жүйесінен әкелінеді. Оны тасып, өткізудің өзі  қиын. Әрі әкелген өнімді өңдейтін жер жоқ. Сондықтан бізге балық Атырау мен Ресейден келеді. Егер кәсіпкерлерге қолдау көрсетіліп, балық өңдейтін орын ашылса, жергілікті шаруаларға тиімді болары анық. Қазір кәсіпкерлердің барлығы балықты қаладағы жеке сатушылар мен базарларға өткізеді, – деді Қасымқұл Құлтанбай.

Инспекция өкілі осы салада шешімін таппаған өзге де шаруалар жоқ емес екенін, мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, қаржы  бөлінсе, балық шаруашылығын оң жолға қоюға болатынын айтты. Ауыл шаруашылығына берілетін несилердің жеңілдетілген түрі осы саладағы кәсіпкерлерге бағытталса, шағын шаруашылықтардың жұмысы оңға басатынын жеткізді.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button