Денсаулық

Нейрохирургия: жетістіктері мен қиындықтары

Нейрохирургия — медицинаның ең күрделі салаларының бірі. Себебі ол адамның орталық жүйке жүйесінің, жұлынның және қан тамырларының патологияларын айқындаумен және емдеумен айналысады. Облыстық жедел жәрдем ауруханасының нейрохирургия бөлімінде жұлын, омыртқа, бас-ми жарақаттарына жылына 400-ге жуық ота жасалады. Осы ретте нейрохирургия саласында 9 мыңнан астам ота жасап, науқастардың алғысына бөленген тәжірибелі нейрохирург, Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің нейрохирургия кафедрасының доценті, медицина ғылымдарының кандидаты Владимир Кенжебаевпен әңгімелескен едік…

Портал арқылы ем алуға болады

Қазір ауру жас талғамайды. Әсіресе жастар арасында инсульт көп. Орта жастағылар арасында да жұлын, омыртқа аурулары жиі кездеседі. Нейрохирургтің айтуынша, дұрыс тамақтанбай, қимыл-қозғалыстың аздығынан болатын түрлі аурулар салдарынан жұлын-омыртқа отасын жасататын науқастар қатары көбейіп барады. Аурудың пайда болуына психологиялық факторлар да әсер етеді.

Владимир Кенжебаевтың айтуынша, қазіргі таңда облыстық жедел жәрдем ауруханасының нейрохирургия бөлімінде 30-ға жуық науқас ем алып жатыр. Аурухана кереуеті 49 науқасқа шақталған. Нейрохирургия бөлімі заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған. Олардың қатарында «Call ceys-88» микроскобы, ангеиограф, электронды оптикалық түрлендіргіш құрылғысы бар.

Ауруханада науқастар портал арқылы тегін ем алып, ота жасата алады. Күн сайын кемінде бес адамға күрделі және жеңіл ота жасалады. Жұлын, омыртқа ауруларының күрделілігіне байланысты ота 1 жарым сағаттан 7 сағатқа дейін созылуы мүмкін. Әрбір науқастың отадан кейінгі оңалып кетуі отаның сәтті шығуымен тікелей байланысты.  Қазіргі таңда нейрохирургия бөлімінде 15 адам жұмыс жасайды, олардың арасында резиденттер де бар, — дейді нейрохирург.

Жедел жәрдем ауруханасына түрлі бас-ми, жұлын, омыртқа жарақаттарымен келіп түсетін науқастар көп. Әсіресе тәжірибесі мол, біліті нейрохирург Владимир Егізбайұлын арнайы іздеп келетін науқастар жетерлік.

44 жыл еңбек өтілінде нейрохирург көптеген күрделі ота жасаған. Жұлын тірек-қозғалысқа әсер ететіндіктен, мұндай ота асқан мұқияттылықты қажет етеді. Тіпті нейрохирургтің тәжірибесінде жұлындағы паразиттерді алып тастауға бағытталған күрделі ота да жасалған екен.

—  Бірде Атырау қаласының тұрғыны облыстық жедел жәрдем ауруханасына ауыр халде келіп түсті. Ол өзін жайсыз сезініп, аяғын баса алмай қалған. Оның жұлынына ота жасалып, одан эхинококк паразиттері алынды. Әрине, бір қараған адамға бұл адам сенгісіз оқиға болуы мүмкін. Сәл ғана құрттың өзі жұлын омыртқа тұсын жеп, адамды мүгедек етуі мүмкін. Науқасқа дер кезінде ота жасалып, өмірін сақтап қалдық. Отадан соң науқасқа нейрохирургтің тағайындауы бойынша паразиттің алдын алатын дәрілер берілді. Паразиттердің қайта пайда болмауы үшін отадан кейін кешенді шаралар жүргізіледі. Паразиттердің ағзада бар екені қан талдауларынан көрінбеуі мүмкін. Жоғарыда айтылған науқастардың қан талдауынан паразит анықталған жоқ. Алайда компьютерлік томография науқастың бойынан паразиттен пайда болған эхинококк жұқпасын анықтады, — дейді Владимир Кенжебаев.

Мануалды терапияның пайдасы қандай?

Нейрохирург қазіргі таңда науқастар арасында бас миының, жұлынның ісіктері, омыртқа жотасының дегенеративті аурулары, оның ішінде мойын, бел, сегізкөз  жарығы жиі кездесетінін айтады. Қазір орталықта емделіп жатқан науқастардың дені дәл осы ауру түрлерімен ауырып жатқандар екен.

Адамның жасы үлкейгенде, бір орында отырып қана жұмыс істегенде немесе ауыр көтергенде денедегі қан дұрыс айналмайды. Мойын дискісі өте жұмсақ. Мойын дискісі қысылса, омыртқа жарығы пайда болады.

Омыртқа жарығы (грыжа) анемияның дамуына әкеледі. Одан бөлек, ағзада әлсіздік тудырады. Ал адамда аяқ-қол жансызданса, салдану процесі басталады. Бұл өте қауіпті.

Владимир Егізбайұлының айтуынша, омыртқа ауруларын отасыз да емдеуге болады. Науқас дәрігер көмегіне неғұрлым ерте жүгінсе, соғұрлым ауру түрін дер кезінде анықтауға болады. Мәселен, омыртқа жарығы дененің физикалық жүктемесінің аздығынан пайда болады. Омыртқа жарығының бірінші, екінші деңгейін отасыз емдеуге болады. Ал үшінші, төртінші деңгейге жеткенде науқастың жүріп-тұруы қиындайды. Ол кезде науқасқа дәрі-дәрмек те, физиотерапия да көмектеспейді. Сондықтан ота жасалады.

Радикулит, сегізкөздің зақымдануы, арқаның құрысып қатты ауыруы, омыртқа бойының қисаюы, бел омыртқаның буынына тұз жиналуы (остеохондроз) секілді ауруларға мануалды терапия бірден-бір ем. Мұндай науқастарды пышаққа түсірмей, ешбір дәрісіз, қолдың құдіретімен қалпына келтіруге болады. Омыртқа буынына жиналған тұз қимыл-қозғалысты қиындатады, адам еркін жүріп-тұра алмайды. Ол асқынып кетсе, аяқ-қолдан жан кетіп, адам мүгедек болып қалуы мүмкін.

Жалпы, адамды ерте қартайтатын екі ауру бар: соның бірі — остеохондроз болса, екіншісі — қант диабеті. Бұның дауасы — мануалды терапияКейбір науқастар ота жасатудан қашқақтап мануалды терапияға жүгінеді. Алдайда бұл терапияны тағайындамас бұрын дәрігермен ақылдасқаныңыз жөн. Себебі көбі ауруы дендегенше жүріп алады да емнің жеңіл түрін іздейді, — деді нейрохирург.

Шынықсаң, шымыр боласың …

Кез келген ауру салқыннан пайда болады. Сондықтан аурудың алдын алу үшін өзіңді шымырлыққа шыңдаған дұрыс. Әсіресе түрлі жаттығуларды жасау, таза ауада көп жүру, дұрыс тамақтануға зор мән берген дұрыс. Уақтылы медициналық көмекке жүгіну, ерте диагностика —  ауруды уақтылы емдеп, тез сауығудың кепілі.

Осы ретте омыртқа, жұлын, остеохондроз, артрит, артроз сияқты сүйек аурулары кезінде дене жаттығуларын үзбей жасаған пайдалы. Тек отадан шыққандарға ғана қалыпқа келгенше дене жаттығуларын жасауға болмайды.

Жалпы сүйек аурулары кез келген адамда болады. Оның алдын алу үшін денеге сұйықтық өте көп мөлшерде қажет. Ол үшін адам шай, кофе, сорпадан басқа күніне 2 литр су ішуі керек. Ағза дұрыс жұмыс істеу үшін қарапайым ережені сақтағаны жөн. Мәселен, күн сайын жаттығу жасауды дағдыға айналдырса, сүйек, буын ауруларының алдын алуға болады. Жұмыс орнында да компьютер алдында отырған сәтте қисаймай, тік отыруды үйрену керек, — дейді Владимир Кенжебаев.

Нейрохирургтің айтуынша, қазір жастар арасында жұлын, омыртқа аурулары көбейіп барады. Теледидар мен компьютерден бөлек смартфонға телміргендер уақыт өте келе бел тұсының ауырғанын сезбей қалады. Мәселен, жұлын ауруы кезінде адамда аяқ-қол бірдей істемей қалады. Сосын дененің тұтастай оң немесе сол жақ бөлігі ештеңе сезбейді. Науқаста зәр ұстай алмайтын немесе зәр шығара алмау белгісі болады. Екі ай бойы жасалған ем нәтиже бермесе, науқасқа ота жасалады.

— Осы жылдың басында жедел жәрдем ауруханасына 22 жастағы қала тұрғыны келіп түсті. Науқас мамандарға зәр шығаруы қиындап, бел тұсындағы қатты ауырсынуды сезген соң ғана жүгінген. Ол ауруын асқындырып алыпты. Сол себепті ота күрделі өтті. Оның жұлынына ота жасалып, науқастың жағдайы жақсарды. Өз бетімен жүре алатын деңгейге жетті, — дейді  дәрігер.

Нейрохирургтің айтуынша, жұлын, омыртқа ауруларына селқос қарамау керек. Себебі адам ауруын дер кезінде анықтамаса мүгедек болуы ықтимал.

Жұлынның негізгі атқаратын қызметі — рефлекторлық және өткізгіштік. Яғни ағзадағы әрбір дене мүшесінің дұрыс қызмет атқаруы үшін жұлын маңызды. Сондықтан бел ауырып, омыртқа жотасындағы ауырсынулар басылмаса, дәрігер көмегіне жүгінгеніңіз жөн.

Облыстық жедел жәрдем ауруханасының нейрохирургия бөлімінде тәжірибеден өтіп жатқан резиденттер көп. Өңірімізден мықты нейрохирургтер шықса құба-құп. Жаңа технологиялар дамып, әлем күн сайын өзгерген шақта білікті мамандарымыз білімін жетілдіріп, жаңа технологияларды игеруге тиіс. Мамандарымыз жыл сайын өткізілетін нейрохирургтердің білімін шыңдауға бағытталған халықаралық съезге қатысып тұрады.  Арнайы шеберлік курстары жыл сайын Түркия, Германия,  Қытай, Израиль және Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы мемлекеттері арасындағы тәжірибелі мамандардың қатысуымен өткізіледі, — дейді ол.

 Ақмарал МҰҚАШЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button