Басты жаңалықтар

Үй жинауды кімге тапсырасыз?

Қазір ер мен әйел жарысып түздің жұмысын істеп жүргенде, үйдің тазалығы үшін бас ауыртпайтындар саны көбейген сыңайлы. Себебі көбіне мансап қуған әйел адамдардың үй жинауға уақыты жоқ. Бірақ заман бір орында тұра ма? Сіз үшін үйіңізді айнадай етіп тазалап беретін клинингтік қызмет көрсететін компаниялардың біздің елге де келгелі бірнеше жыл болып қалды. «Клининг» — ағылшын сөзі, «тазалау» деген мағына береді.

Ең алғаш клининг қызметі ХІХ ғасырларда Ұлыбританияда пайда болған деседі. Олардың бірінші тұтынушылары байлар мен ресми мекемелер болған. Әкімшілік, медициналық, білім беру саласындағы ғимараттар қатары көбейген сайын тазалау қызметіне сұраныс та артып, жұмысты жеңілдету әрі тиімділікті арттыру мақсатында арнайы машиналар ойластырылды.Ал ХХІ ғасырда кәсіби тазарту мамандары өз қызметін кез келген адамға ұсына алады. Қазір бұл салада ашылып жатқан компаниялардың көбейіп жатқаны сонша, қызмет бағаларын салыстыра отырып, әркім өзіне ұнағанын таңдай алады.

Клинингтік компаниялар жеке үйлер мен кеңселерді тазалайды.Әрине, үй жинау өзіңіздің де қолыңыздан келуі мүмкін. Алайда заңды тұлғаларкөбіне бұл шаруаны кәсіби мамандардың қолына табыстағанды жөн санайды. Елімізде енді ғана дамып келе жатқан бизнестің бұл түрін «Ақтөбе» газеті өз оқырмандарына таныстырып қана қоймай, үй жинаудың пайдалы кеңестерімен де бөлісуді жөн санады.

«TazaLike» компаниясының басшысы Дәулет Бахитов бастапқыда қала тұрғындарының бұл саладағы қызмет түрін түсінбегендерін айтады.

— Біздің мекеме 2018 жылы құрылды. Ол жылдары: «Қайда жұмыс жасайсың?» —деп сұрағандарға «Клининг компаниясында» деп жауап берсек, «Ол не?» — деп қайта сұрайтын. Бастапқыда тіпті жақын туысқандарымның өзі түсініңкіремейтін. Ал қазір бұл саланы түсініп, қызметімізге жүгінетіндер саны көбейіп келеді. Шындығында біз тұтынушыларымызға уақытын үнемдеуге көмектесеміз, — дейді ол.

Дәулеттің жұмыс тобы тек жеке үйлерге емес, кеңселерге де өз қызметін көрсетеді. Қазір бұл компанияда 14 адам жұмыс жасайды. Оның барлығы дерлік — қыз-келіншектер. Пандемия бұл салаға да кері әсерін тигізбей қоймады. Дегенмен де ол кезде Дәулет озонатор құрылғысын сатып алып, тұрғын үйлерді дезинфекциялауды қолға алған.

Біздің басты жұмысымыз тазалау болғаннан кейін, пандемия кезінде жай қарап жата алмадым. Керекті жабдықтарды дереу сатып алып, бөлмелерді зарарсыздандыруды бастап кеттік. Озонатор ауаны тазалап қана қоймай, түрлі құрт, шаң кенелерін жояды.

Ол кезде жұмысшыларымыздың індетті жұқтырып алу қаупі жоғары болғандықтан, барлық шараны сақтап жұмыс істедік, — дейді компания басшысы.

Сонымен қатар «TazaLike» компаниясы аналарды қолдау орталығымен келісімге отырған. Компания тұрмыстан қиналған, ажырасқан немесе балаларын жалғызасырайтын аналарға жұмыс орнын ұсынады. Осы уақытқа дейін төрт әйелге көмектесіп үлгерген Дәулет адамдарды жұмысқа алар уақытта барлығы арнайы оқыту курсынан өтетінін айтады. Яғни жұмыс барысында қолданылатын құрал-жабдықтармен танысып, үй тазалаудың қыр-сырын үйретеді.

— Пәтер не кеңсе тазалауға гипоаллергенді заттарды қолдануға тырысамыз. Бұл тапсырыс берушілердің сенімін ұялатады. Әрі өз мамандарымызды оқытып, қай кезде қандай химиялық заттарды пайдалануға болатынын әрі техникалық құралдарды да өзі басқара алатындай етіп үйретеміз. Себебі тазалықшылар химиялық заттарды дұрыс пайдаланбаса, қолын күйдіріп алу қаупі бар немесе кейбір сұйықтықтар тапсырыс берушінің мүлкін бүлдіруі мүмкін. Ол үшін өзім де уақтылы Алматы қаласындағы ірі компанияларға барып, біліктілігімді арттырып келемін. Осы уақытқа дейін 4 рет барыппын, кейін қызметкерлерге алған ақпараттарыммен бөлісемін, —деді ол.

Бұл кәсіптің түріне бет бұрып жатсаңыз, тазалау жұмыстарына қарапайым дезинфекциялық құралдар жарамайтынын ескертеміз. Еденнің, ағаштың, әйнектің, жиһаздардың өзіне арналған жуғыш құралдары болады. Қазақстандағы клинингтік компаниялардың көбі германиялық компаниялардың құрылғыларымен тазалайды.

МАМАН КЕҢЕСІ

— Жылыту генераторларын жуған кезде немесе терезенің араларын тазалағанда кәсіби мамандар парогенератор құрылғысын пайдаланады. Ал сізде мұндай құрылғы болмауы мүмкін. Ондай жағдайда батареяның араларына губка салып, үшкір затпен жүргізіп сүртіп шығуыңызға болады. Ал терезенің қуыстарын тіс щеткасымен тазалаған ыңғайлы.

—Барлығына бір шүберек қолданбаңыз. Терезе сүртуге бөлек, шаңға басқа шүберек пайдаланғаныңыз жөн. Әрі шүберектерді уақтылы ауыстырып тұрыңыз.

— Душ кабинасындағы дақтар ешкімге ұнамайтыны сөзсіз. Суға сірке суын араластырып, есіктеріне бүріккішпен сеуіп, 15 минутқа қалдырасыз. Кейін сүртіп алсаңыз жарқырап тұрады.

— Үй жинағанда диван мен креслолардың да шаңын соруды ұмытпаңыз. Жұмсақ жиһаздардың қаптамалары мен жастықтарына шаң көп жиналады. Жамылғы мен жастықтардың тыстарын да ара-тұра жуып тұрыңыз.

— Үйдің шаңын сүрткіңіз келсе, алдымен бөлмелерді шаңсорғышпен тазалап алыңыз. Ылғал тазалау құрғақ тазалаудың алдында болса, жұмысты бірнеше мәрте қайталау керек болады. Сондықтан кілемдер мен едендерді шаңсорғышпен тазартып болған соң шаңның басылғанын сәл күтіңіз.

— Тазалауды бастамас бұрын, жуылу керек заттарға химиялық қоспаларыңызды жағып қойыңыз. Сіз басқа жұмыспен айналысып жатқанда, майлар еріп, дақтар кете бастағанда, сүрткішпен сүртіп алсаңыз, уақытыңызды біраз үнемдейсіз.

— Шаң сүртуге синтетикалық, түкті сүрткіштер жарамайды. Олар шаңды одан да көп тартады. Микрофибра матасынан жасалған сүрткішті пайдаланыңыз.

Мақпалдың әдеті

Жан тыныштығы мен үйлесімділікке ие болу үшін пәтеріңізді тазалап, артық нәрседен арылу жеткілікті. Үйді қалай дұрыс жинаукерек екенін үйрететін тәжірибелі психологтар мен жеке жаттықтырушылардың кітаптары дүкен сөрелерінде толып тұр. Ол кітаптарбіздің өміріміздің жайлылығын үйді ретке келтірумен байланыстырып қойған.

Соның ішінде жапондық Мэри Кондоның «Сиқырлы тазалау. Жапон өнерімен үйде және өмірде тәртіп орнату» атты кітабы нағыз бестселлерге айналды. Онда сізге заттарды дұрыс жинауды, қоқыстардан арылуды және бөлмелерді біржола тазартуды үйретеді. Біздің тақырыбымыздың басты кейіпкері— Мақпал. Мақпал Тукбасова — реттілікті жаны сүйетін әрі сонымен өз табысын тауып отырған көпбалалы ана.

Шкаф таза болса, үйіңнің жартысы жинаулы тұрғандай. Үйіңді реттеу арқылы өміріңді де реттей аласың. Көп адам тек сенбі, жексенбі күндері үйдің бөлмелерін шаңсорғышпен тазалап, еденді жуып алам деп айтады. Соның өзін «ертең үй жинау керек» деп қиынсынады. Ал ол үй жинағанға жатпайды. Сіз үй жинауды шкафтардан бастауыңыз керек. Бірақ кейбір адамдар шкафта тұратын заттардың реттілігін де білмей жатады. Мен өзіме ұнаған істі инстаграм парақшама салып жүрген соң, таныстардан, оқырмандардан ұсыныс түсе бастады. Қазір мен оларға жатын бөлмедегі, ас бөлмедегі шкафтың сөрелерін реттеуді үйретіп жүрмін, — дейді ол.

Мақпал өзінің makpal__tukbasova атты парақшасында қыз-келіншектерге керекті кеңестер, үй жинау, ыдыс жуу әдістерімен бөлісуден бөлек арықтау марафонын да өткізеді екен.Бір қызығы, Мақпал бұл салаға келу үшін ешқандай білім алмағанын айтады.

Кішкентайымнан тазалықты жақсы көремін. Оған себеп болған өзімнің әкем. Ол кісі таң атпай тұрып, гүлдің бәрін суаратын. Маған «диваннан тұрған бойда жамылғысын реттеп қой» деп үйреткен. Өскен соң да сол қасиетім қалмапты. Қазір кішкентай балаларым бар. Баласы бар үй күнде шашылады. Олар ойыншықтарын шашқан сайын мен жинаудан жалықпаймын. Оның барлығы кішкентайымнан әдет болып қалыптасып кеткен, — дейді Мақпал.

Оның айтуынша, қазіргі қыз-келіншектер жалқауланып бара жатқан секілді. Ыдыс- аяқ жуып, тамақ істегенді ауыр жұмыс көретін адамдарды түсінбейтінін айтады. Бірақ клинингтік компаниялардың жұмысын қолдайды. Үй тіршілігінен шаршап кеткен әйелдер үшін таптырмайтын мүмкіндік дейді ол.

Мақпалдың балалары да үйдегі тәртіпке үйренген. Таңертең тұрып төсектерін жинаудан бастап, өз киімдерін реттеп, алған нәрселерін орнына қоюды әдетке айналдырған.

Мақпалдың кеңестеріне құлақ түрсек, үйде қажетті заттарды ғана сақтау керек. Қолданбайтын және кимейтін бұйымдардың барлығынан құтылыңыз. Артық заттардан құтылған соң, үй тазалаудың өзі жеңілге соғады. Үйде зат қаншалықты аз болса, үй жинау да соншалықты аз уақыт алады.

Шкафтың көлемі кішкентай деп ойласаңыз, қателесесіз. Жай ғана сіз киімдерді қалай ықшамдап жинау керегін білмейтін боларсыз. Ілуді қажет етпейтін киімдердің барлығын шкаф сөресіне «рулет» секілді орап жинаған жөн. Осы әдіспен шкафқа көп киім сыйдыра аласыз, әрі оны тауып алу да жеңіл.

Киілмейтін киім, қолданылмайтын ыдысты жинауды доғарыңыз. Оларды мұқтаж адамдарға беріп жіберуге болады.

Бүлінген жерді сол кезде тазалап отыру қажет. Тамақ істеп жатқанда газ пешіне қандай да бір өнім түсіп кетсе, оны дереу алып, сүрткішпен сүртіп алыңыз. Кейін жуып алам десеңіз, ол күн сайын ластана береді. Соңында ол дақтардан химиялық қоспалардың көмегенсіз құтыла алмайтын боласыз.

Заттарды жинастырғанда контейнер пайдаланыңыз. Бұл әр нәрсе өз орнында тұруға көмектеседі.

Үй жинардың алдын өзіңіздің сүйікті әніңізді қосып қойыңыз. Бұл көңіл күйіңізді бірқалыпты ұстауға көмектесіп, тез шаршап қалмаудың алдын алады.

 Насиба ЗАРЛЫҚОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button