Басты жаңалықтар

Жылыжай жұмысымен танысты, шаруашылықты аралады

Облыс әкімі Ералы Тоғжанов Хромтау ауданына барған жұмыс сапарында Тассай ауылындағы өткен жылдың желтоқсанында пайдалануға берілген жылыжай кешенінің жұмысымен танысты.
Жобаның жалпы құны — 65 млн теңге, оның 55 млн теңгесі «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ мемлекеттік компаниясы арқылы алынған.

— Жылыжай ашу туралы көптен бері ойланып жүрдім. Үйімнің ауласында бау-бақша болды. Соны кеңейтіп, кәсіп ашу үшін қаржы көздерін таптым. Жылыжай құрылысын 2022 жылдың қыркүйек айында бастадық. Қазіргі уақытта кешен толықтай инженерлік құрылымдармен — газ, сумен қамтамасыз етілді. Әзірге 4 адам жұмыс істейді. Қияр мен пияз ектік. Егілген көкөніс шыққан кезде жұмысшылар санын көбейтеміз, — дейді кешен директоры Елдар Ерғалиев.

Тассай ауылдық округі «Ауыл аманаты» жобасының бірінші кезеңіндегі қатысушылардың тізіміне енбеген. Ауылдық округ әкімі Ербол Әбдіров бұл жобаға қатысу жылыжай аумағын бір гектарға дейін кеңейтуге мүмкіндік беретінін, өндірісті өнеркәсіптік деңгейге шығаратынын атап өтті. Оның айтуынша, бүгінде ауылдың басқа тұрғындары да «Ауыл аманаты» жобасына қатысуға ниетті болып отыр.
— Біз скрининг жүргіздік, соған сәйкес 39 отбасы 240 миллион теңгеге жобаларды іске асыруды жоспарлап отыр, оның ішінде 7 үміткер қажетті құжаттарды жинады. Олардың ішінде өсімдік және құс шаруашылығын дамыту жобалары бар. Ауылымыз «Ауыл аманаты» жобасына енген жоқ, алдағы уақытта қосуды сұраймыз. Осы жаңа жылыжайды кеңейту үшін де жоба қажет, — дейді Ербол Әбдіров.
Өңір басшысы жылыжай көкөністері шаруашылығын дамыту жұмыстың басым бағыттарының бірі екенін алға тартты. Өйткені бұл облыс тұрғындарын жыл бойы жергілікті көкөніс өнімдерімен қамтуға мүмкіндік береді және маусымаралық кезеңде импортқа тәуелділікті төмендетеді.
— «Ауыл аманаты» жобасына қосымша 3,5 миллиард теңге бөлінді. Жұмыс істеуге дайын адамдарды қолдап, қосуымыз керек. Оның ішінде бұл ауылда да енгізу қажет, — деді Ералы Тоғжанов.
Сондай-ақ облыс әкімі Хромтау ауданындағы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерінің бірі «Алтын дән және К» ЖШС қызметімен танысты. Серіктестік биыл 11 мың гектар астық еккен, 11,7 мың гектар жайылымдық жері бар. 20 адамды жұмыспен қамтып отыр.
— Шаруашылықтың құрылғанына 20 жыл болды. Алғашында жұмысымызды 200 гектарға өнім егіп, екі жұмысшыны еңбекпен қамтудан бастадық. Қазір мемлекет бизнесті дамытуға аз пайызбен несиелер береді, осы тиімді қаржы көздерінің арқасында біз көп нәрсеге қол жеткіздік. Ең бастысы, ерінбей, еңбек ету керек, — дейді шаруашылық басшысы Нұрлан Есенов.

А.МӘЛІКҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button