Басты жаңалықтар

Ойдағы елдің жайы қалай?

Облыс әкімінің су тасқынының алдын алуға қатысты тапсырмасы аудандарда қалай орындалып жатыр?

Өткен жылғы көктемде қар күрт еріп, қаланың біраз бөлігі мен аудандардағы бірнеше елді мекен су тасқынынан зардап шекті. Биылғы қыстың да ақ ұлпасы аз емес. Оның үстіне қаңтар айында қар аралас жаңбыр жауып, жер бетіндегі ылғалды молайтты. Қыс айындағы табиғаттың құбылмалы мінезі биыл қандай мөлшерде су таситынын, тұрғындардың қамданып, алдын алу керектігін ескерткендей… Осыған байланысты Ойыл мен Қобда аудандарына барып, көктемгі қар суына қарсы дайындықтарымен танысып қайтқан едік…

ОЙЫЛ ОЙЫЛЫП АҒА МА?

Әрине, жергілікті әкімдіктің де қамсыз отырмағаны анық. Оның үстіне өткен аптада облыс әкімі Ералы Тоғжанов 2023 жылғы көктемгі су тасқынына дайындықты пысықтап, алдын алуға шұғыл тапсырма берді. Міне, сол себепті аудандарда су тасқынының алдын алуға қатысты қандай жұмыстар жасалып жатқанын өз көзімізбен көруге ат басын алдымен ой жақтағы елге бұрдық.

Жыл басындағы жылымықта  Ойыл ауданындағы Көптоғай ауылдық округіне қырдан аққан қар суы лап қойған еді. Көтерме жолдың іргесін бойлай ауылға кірген «сылдырлап» аққан судың  суреттері бүкіл әлеуметтік желіні шарлап кетті. Мұндай жағдай өткен жылы да болған еді. Сол тұста су өткізгіш қос құбырдан өтіп үлгере алмаған нөпір су ақыры көтерме жолды жарып тынған. Соның салдарынан округке қарасты Амангелді елді мекенімен қатынас үзілді.

Содан кейін іле-шала аяз түсіп, аққан су ақты, қалғаны сол күйі қатып қалды.

Қазіргі таңда сол жерге қосымша диаметрі үлкен тағы екі құбыр салынған. Бұрын 3700 текше метр су өтсе, енді 12 мың текше метр су өтеді. Мамандардың айтуынша, жаңа құбырлар көктемгі суды өткізіп үлгереді. Ал Амангелді ауылына қар суының арнасын бұруға көктемде арнайы техника жіберілмек. Көптоғайлықтардың айтуынша, сай-сала қалың қарға толып тұр. Көктемде мұз көтеріліп, қайта тасуы мүмкін. Жалпы биылғы болжам бойынша, Ойыл ауданында су басу қаупі бар аймаққа жататын 4 ауыл бар.

Аудан орталығының іргесіндегі  Екпетал елді мекені — тасқын судың өтінде тұрған ауыл. Өткен жылы бұл елді мекеннің тұрғындары эвакуацияланды.  Елуге тарта түтіні бар ауылды айнала қоршаған дамбы қорғап қалды. Сол дамбы 1969 жылы салынған.  Ұзындығы — 3200 метр, орташа биіктігі 1,6 метр дамбыға  2005 жылы ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген. Өткен жылы көктемгі су тасқыны кезінде дамбыны қосымша көтеру жұмыстары жүргізілді. Күрделі жөндеуге техникалық құжаттары жасалмаған.

Өткен жылы Қаратал ауылының су басу қаупі бар батыс жақ беткейіне ұзындығы — 500 м, биіктігі 1,5 метр уақытша бөгет салынды.

Былтыр тасқын су Саралжын ауылдық округінің Ақкемер ауылының іргесіне дейін келді.

Ойыл өзені аудандағы осы аталған округтерді аралап өтеді. Қапталдан Қиыл өзені қосылады. Кеңшар кезінде салынған бөгеттер мен шлюздер жыл сайын жаңартылады. Бірақ күрделі жөндеу күтіп тұрған жерлері де көп. Қос өзен қосылып тасыса, барлық көл табандарына су шығады. Шабындықты көктемгі сумен суғарып алу — әуелден бар тәжірибе. Сондықтан аудан шаруашылығы үшін судың мол келгені жақсы. Бірақ шамадан тыс келсе, кейбір ауылдарға қауіп те жоқ емес. Сондықтан 2023 жылға  көктемгі су тасқыны кезеңінде төтенше жағдайлардың алдын алуға 16,1 миллион теңге қаралған.

Суды реттеу үшін салынған дамбылар мен бөгеттердің атқаратын рөлі маңызды. Сол себепті су көп шоғырланатын жерлер жазда жөнделген. Саралжын ауылдық округінде Қиыл «Тассай» бөгеті мен іргесіндегі дамбалар бітелген.

— Біз «Тамдыкөл» суландыру жүйесі арқылы барлық алқапқа су шығарып аламыз. Егер бөгеттерді жарып немесе ауылдарды су басу қаупі туатын жағдайда бөгенді толық ашып жібереміз. Сол кезде Ойыл өзені арнасымен Атырау облысының Қызылқоға ауданына қарай ағады. Басында судың көлеміне қарай бөгеннің қақпасы жартылай ашық тұрады. Бірден ашып жіберсе, жайылым мен шабындыққа су толық шықпайды. Сондықтан мәселенің екі жағын да реттеп отыруға тиіспіз, — дейді аудан әкімі Асқар Қазыбаев.

Көптоғай-Амангелді арасындағы көтерме жолдың жағдайы сын көтермейтін. 40 жылдан бері жөндеу көрмеген жолды қар суы жарып кете береді. Оны күрделі жөндеу үшін аудандық маңызы бар жолдың санатына жатпайды. Аудан әкімі бұл жол туралы жағымды жаңалықты айтты. Биылдан бастап аудандық маңызы бар жолдың санатына енгізу жұмыстары жүргізіледі. Сол кезде қос ауылдың арнасындағы жол қатынасы жақсармақ.

Бүгінгі таңда су тасқыны кезеңінде пайдаланылатын құрал-жабдықтар жарақты күйде тұр. Елді мекендерді су тасқынынан қорғау мақсатында құрамында  145  адам бар  Азаматтық қорғау қызметтері құрылды, 17 техника, 5 қайық, 15 судан құтқару жабдығы, 19 мотопомпа, 1 дана диаметрі 150 дизелді су сору насосымен жабдықталған.

Су тасқыны кезінде адамдарды орналастыру үшін сыйымдылығы   2025 адамға арналған 12 орналастыру орны жасақталды.

Қобдада қауіп жоқ

Қобда ауданында су басу қаупі бар 4 учаске белгіленді. Аудан орталығының батыс бөлігінен көтерілген су 1993 жылы  32 тұрғын үйге қауіп төндірген.  Қазір сол тұсқа дамбылар салынып, жоғарыдан келген қар суы өткізгіштер арқылы іргедегі Ұлы Қобда өзеніне барып құяды.

Аудан аумағында 22 бөгет орналасқан. Елді мекендерге қауіпті деп саналатын Кенетай және Воснесеновск бөгеттеріне демеушілердің көмегімен қалпына келтіру жұмыстары жүргізілген.

Аудан орталығының маңында  биіктігі — 1,5 метр, ұзындығы 800 метрге жуық жасанды қорғаныс бөгеті жасалды.

Қанай елді мекенінің, 2021 жылы демеушілердің есебінен, ұзындығы — 1500 метр, биіктігі 1 метр болатын қорғаныс бөгеті жөнделген.

Қоғалы ауылында биіктігі — 2 метр, ұзындығы 1000 метр болатын қорғаныс бөгеті жасалды. Бұған жергілікті бюджет есебінен 759 500 теңге қаражат бөлінді.

Былтыр көктемгі су тасқыны кезеңінде қардың күрт еру салдарынан Өтек ауылына кіреберіс көпірін су шайып кеткен болатын. Аталған көпірді қалыпқа келтіру мақсатында аудандық бюджеттен 2 миллион теңге қаржы бөлініп, көпір қалпына келтірілді.

Қобда аудандық төтенше жағдайлар бөлімі басшыларының айтуынша, аудан биылғы су тасқынының алдын алуға сақадай сай. Былтырғы су шайып кеткен жерлердің барлығы толық жөнделген. Жалпы ауданда су басу қаупі бар ауылдар жоқ.

P.S. Биылғы көктем «ішін тартып» тұр. Судың тасуы ауа райына байланысты.

Бірақ бейжай отыруға мүлде болмайды. Биылғы жауған қардың орташа қалыңдығы — 30 сантиметр. Тоңның орташа қалыңдығы 1 метрге дейін  тереңдеген. Ал өзен-көлдердегі мұздың қалыңдығы жарты метрге жетті.

Сондықтан қамсыз отыруға болмайды.

Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button