Басты жаңалықтар

Құқықтық көмек кімдерге тегін көрсетіледі?

Өткен жылдың 20 маусымында «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» Заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес еліміздегі аз қамтылған, көпбалалы отбасылар, тұрмыстық зорлық-зомбылық пен азаптау құрбандары, сондай-ақ І, ІІ санаттағы мүгедектер мен зейнеткерлер құқықтық кеңесті тегін ала алады. Осы орайда былтыр облысымызда 9 мыңға жуық адамға тегін құқықтық көмек көрсетілген.

Бұл туралы бүгін облысқа жұмыс сапарымен келген ҚР Әділет министрі Азамат Есқараев тұрғындармен кездесу кезінде айтып берді.
Аталған жиынға облыс әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова, сондай-ақ облыстық әділет департаментінің мамандары қатысты.
Министрдің айтуынша, бүгінде Әділет министрлігі нотариустардың, адвокаттардың және заң консультанттарының қызметін жетілдіру бойынша тиісті жұмыстар жүргізіп жатыр. Себебі қазір тұрғындардың аталған мамандардың қызметтеріне көңілі толмайды.
— Бүгінде елімізде атқарушылық іс жүргізу саласында көптеген мәселе бар екендігі белгілі. Мәселен, Ақтөбе облысында 12 мемлекеттік және 108 жеке сот орындаушы болса, олар бүгінге дейін 291 мың атқарушылық іс жүргізген. Былтыр оның 148 мыңы ғана орындалған. Көрсетілген қызметтің ауқымды бөлігі алимент өндіріп алу жөніндегі құжаттар болса, бүгінде олардың саны 15 мыңнан асып отыр. Бұл жерде алимент өндіріп алу ісі бір реттік іс жүргізу емес екенін атап өткен жөн. Себебі бұл іс бала кәмелет жасқа толғанға дейін, яғни көп жылдарға созылады. Бұл жерде кейде шешімін таппайтын проблемалар да болады. Мысалы, нақты материалдық мүмкіндігі бар жеке борышкерлер табысын, мүлкін жасырып, өз балаларын асыраудан әдейі жалтаратын жағдайлар да бар. Осындай жағдайларда сот орындаушылары мәжбүрлеу сипатындағы шараларды қабылдайды.

2022 жылы Ақтөбе облысы бойынша алимент төлемдері жөніндегі сот актілерін орындамағаны үшін 502 борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылса, 69 әкенің үстінен ішкі істер органдарына қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы ұсыныс түсірілген. Сондай-ақ былтыр ақтөбелік 92 борышкерге Қазақстан Республикасы аумағынан шығуға уақытша тыйым салынған, — деген министр алдағы уақытта алимент өндіріп алу ісі бойынша өңірлерде мамандандырылған кеңселер ашу керектігін жеткізді.
Бүгінде облыста алимент өндіріп алу ісі бойынша жұмыс істейтін жеке кеңсе бар, онда 15 жеке сот орындаушысы қызмет көрсетеді.
Кездесу барысында Азамат Есқараев бүгінде Әділет министрлігі цифрландыру мәселелерін жетілдіру үшін 12 жобадан тұратын «Цифрлық сот төрелігі» — «Цифрлық әділет» жобасының портфелін жүзеге асырып жатқанын жеткізді. Мәселен, аталған 12 жобаның бірі — «Цифрлық нотариустар» жобасы. Бұл жоба нотариалдық қызметтерді онлайн форматқа аудару үшін жүзеге асырылмақ. Бұл пилоттық жоба осы жылдың І тоқсанында іске асырылады деп жоспарлануда. Ал «Е-Заң көмегі» жобасы азаматтарға eup.kz сайтында және App Store мобильді қосымшасында электронды форматта кепілдендірілген мемлекеттік заң көмегін алуға мүмкіндік береді. Бұл жоба аясында қазақстандықтар білікті заңгерлер мен заң кеңесшілерінен тегін заңгерлік кеңес алуына болады.

— Өздеріңіз білесіздер, елімізде Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс қабылданғаннан бері әкімшілік соттар пайда болды. Сондықтан қазір еліміздің кез келген азаматы мемлекеттік органның, оның ішінде лауазымды адамдардың шешіміне немесе әрекетіне байланысты әкімшілік сотқа шағымдана алады. Бұл ретте оған өзінің айғақтарын дәлелдеу қажет емес, керісінше, шешіміне немесе іс-әрекетіне шағым жасалған сол орган немесе лауазымды адам сотқа заңды әрекет еткенін дәлелдеуі керек. Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексті қолдану практикасы көрсеткендей, мұндай жаңашылдық азаматтардың өз құқықтарын тиімді қорғауына мүмкіндік береді. Мәселен, бұрын қарапайым тұрғындар жүз даулы істің ішінде ең көп дегенде 15-інде ғана жеңіске жетсе, бүгінде осындай сот процестерінің жартысынан көбінде жеңіп шығады. Міне, бұл — Мемлекет басшысының әкімшілік әділетті дамыту жөніндегі тапсырмаларын орындау шеңберінде жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижесі, — деді министр.
Кездесу соңында Азамат Есқараев облыс тұрғындары тарапынан алимент төлету, тіркелген, бірақ жұмыс істемейтін үкіметтік емес ұйымдардың қызметін тоқтату, сот орындаушылардың қызметін қадағалау, сот-сараптама қызметінің сапасы, т.б. мәселелерге қатысты қойылған сауалдарға жауап берді. Сондай-ақ министр тұрғындарды жеке қабылдады.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button