Басты жаңалықтар

Бала — үйде, қылығы — түзде

Қазақ ертеден бала тәрбиесіне ерекше назар аударған. Қызды әрдайым жат жұрттық деп, ер баланы отау иесі болады деп тәрбиелеген. Сол дәстүрдің арқасында, елдің анасы атанған талай қыздармен аналардың, ерлігімен ел қорғаған талай азаматтың есімі бізге жетті.

«Балаңды тәрбиелеймін десең, алдымен өзіңді тәрбиеле» деген сөз бар. Бұны педагогикада өнегелік тәрбие дейді. Яғни ата-ана өз баласына үлгі-өнеге болуға тырысуы керек. Ата-аналар «балам жаман болмасын» десе де, сотқар балалар қайдан шығады? Осы күннің өзекті мәселесі туралы мамандардың пікірлерін білген едік…

Балаңызды буллингтен сақтаңыз!

Елімізде жыл сайын жасөспірімдер арасында буллингтің құрбанына айналғандар саны көбейіп барады. Әрі кейбір жасөспірімдердің өзге балаларға көрсеткен қысымын бейнежазбаға түсіріп, әлеуметтік желіге салуы сәнге айналғандай. Жеткіншектердің арасындағы буллингтің алдын қалай алуға болады? Психолог мамандар не дейді?

Қазақстанда әр бесінші оқушы буллингтің құрбаны болады екен. Облыстық полиция департаменті өкілдері өңірімізде кәмелетке толмағандар арасында қылмыс саны азаймай отырғанын айтады. Департамент өкілдерінің мәліметінше, өткен жылы түрлі құқықбұзушылықтар мен қылмыстар жасағаны үшін ішкі істер бөліміне кәмелетке толмаған 5776 жас жеткізілген. Оның 5246-сы әкімшілік құқықбұзушылық жасаған.Заңды өкілдерінсіз тұрғын үйден тыс жерде болғаны үшін 4195 ата-ана жауапқа тартылды.

Оқушылар арасында кездесетін буллингтің себебі неде? Бұл ретте психологтардың пікіріне құлақ түрген едік:

Бір бала өзгелерден мықты көрінгісі келуі мүмкін. Сөйтіп, ол өз ортасынан «әлсіздеу» баланы таңдап, жақтастарын жинап, сол балаға үстемдік көрсеткісі келеді. Ол әдетте агрессия, қорқыту, мәжбүрлеу белгілері арқылы көрініс тауып жатады. Көбіне ата-ана сүйіспеншілігі мен қамқорлығы жетіспегеннен балалар өздеріне сенімсіз болады, соңы әлімжеттікке әкеліп жатады. Сондықтан отбасында бала мейірім, сүйіспеншілік, қамқорлықкөріп өссе, ол кез келген ортада өзін ұстай алады деседі мамандар. Сенімсіз, әлсіз, әлжуаз, өз ойын айта алмаған жағдайда баланы басқалар басынып кетуі мүмкін. Ал отбасында ұрыс-керіс, зорлық-зомбылықты көріп, психологиялық-физиологиялық қатыгездікке ұшырап өскен балалар басқаларға әлімжеттік көрсетуге бейім тұрады. Өйткені олар үнемі ашу-ыза мен агрессияда жүретіндіктен, осындай әрекеттерге барады екен. Қылмыс жасаған бала қатыгез келеді. Ал қатыгез балалар қайдан шығады?

Бала жақсы әдетті де, жаман әдетті де, ең алдымен, отбасында көреді.Баланы ұрып, жаман сөздермен балағаттап, жеке басын құнсыздандырып тәрбиелеген ата-ана ерте ме, кеш пе соның зардабын тартады.

Психолог-ғалымдардың зерттеуінше, бала үш жасқа келгенде өтпелі кезең орын алады. Яғни бала психикасының дамуындағы дағдарыстың пайда болуы оның қылықтарынан көрінеді. Себебі дәл осы жас— баланың «жоқ» дегенді түсінгісі келмейтін, тыйым салуды ұнатпайтын, мінез-құлқы тұрақсыз кезеңдердің бірі. Осы кезеңде баланы жақсы жаққа қарай бағыттай білу — ата-ананың басты міндеті.

Қатыгездікпен күресудің жолдары көп.Бірақ алдын алу жолы біреу-ақ, ол—балада өзге адамдардың жай-күйін түсіну(эмпатия) қабілетін қалыптастыру. Бір жақсысы,бұл қабілетті кез келген жаста қалыптастыруға болады. Дегенмен ең қолайлы уақыт — мектепке дейінгі кезең болып есептеледі, — дейді психолог Айгүл Байжанова.

Сонымен қатар психолог ұлттық тәрбиеніңерекшеліктерін, ұлттық құндылықтарын тілге тиек етті. Сәби кезінен бесікте жатып түрлі жыр-дастан, тәрбиелік маңызы бар ертегі, аңыздар тыңдаған бала жауыздыққа баруы екіталай. Қазақы тәрбиеде балаға  үлкендерді құрметтеуді, кішіге қамқорлық жасауды үйретеді. Бірақ шамадан тыс тыйымдар, баланың қызығушылығымен санаспау, эмоцияларын көрсетуден тыю — болашақта баланың бостандығы мен таңдауына кедергі келтіреді.

Бірінші бағу, содан кейін қағу керек

Ата-аналардың кейбірі «баланың киім-кешегін, тамағын тауып бердім, тәрбиесімен мектеп не балабақша айналыссын» дейді.Мұғалім — екінші анамыз деп айтқанымызбен, білім ошағына «тәрбие» атты үлкен жауапкершілікті біржолата артып қойған ата-ананың бұл әрекеті дұрыс па?Егер талдау жасап, жасөспірімдер қылмысын тізе берсек, тізім созыла береді. Ал балалардың сол қылмысқа бару себебін іздеп, «қиын балалар» қайдан шығатынын зерттесек, ол тікелей ата-анасына байланысты болады екен.

Қазіргі балалардың ата-аналары — өздері бала кезінде көп қиындық көрген ұрпақ 90-ыншы жылдардағы тоқырау кезінде өскен балалардың ата-аналары тұрмыстық жағдайдың қамымен, ақша табудың соңында жүріп, балаларының тәрбиесі екінші орынға жайғасқанын аңғармай қалды. Ол кездегі қарапайым отбасындағы көрініс былай болды: Кейбірінің әкелері жұмыссыз қалды, кейбіреуінікі ішімдікке салынып кетті, ал бір аналар ала дорба арқалап нан табудың қамымен базарда жүрді. Балаларымды асыраймын дегенімен, тәрбие жағы ақсап жатты. Сол уақытта жасалған осы қателік — бүгінгі күннің «жемісі». Балалар арасында қылмыстың көбеюі, қатыгез болып кеткенінің бір себебі осы болса керек, — дейді №72 мектеп директорының тәрбие ісі бойынша орынбасары Шынар Сатаева.

Оның айтуынша, балалардың тәрбиесі, өзін-өзі ұстауы қандай отбасыдан шыққанына байланысты емес. Бір ғана себебі бар,ол — ата-ананың баланы дұрыс бақпауында. Қазақта жақсы мақал бар, «Бақпасаң бала кетеді, қарамасаң қатын кетеді» деген. Баланы бағып-қағу керек. Бағу деген баланы үнемі бақылау, қызығушылығын аңғарып, сонымен жұмыс істеу, ішкі дүниесін сезініп, ұғыну. Қағу деген бала теріс жолға түсіп бара жатса, мінез-құлқының өзгеріп бара жатқанын байқаса, орнына түсіру. Баланы үнемі қағып тұру керек. Қағып тұру ұру дегенді білдірмейді. Теріс әрекеттерін байқаған ата-ана баласымен ашық сөйлесіп, тиісінше жазалауы керек. Мұғалім осылай дейді.

Мектеп жасындағы балаларға психологтың көмегі ауадай қажет. Байқағаным, оқушылардың көбі ата-анасына сырын айта алмайды, ашық сөйлесе алмайды.Мұндай балалар жақындарына айта алмаған ішіндегі сырын, күйін психологқа ақтарып жатады. Ал бір мектепке екі психолог аздық етеді. Алдағы уақытта психологтар санын көбейтсе екен, — дейді Шынар Сатаева.

Педагогтің айтуынша, мектептегі тәрбие ісінің меңгерушілері, әлеуметтік педагог, психологтар, сынып жетекшілері — барлығы да баланың тәрбиесіне жауап береді. Балаларға әлеуметтік көмек керек болса, оны да аянып қалмайтынын айтты. Бұл жерде сынып жетекшілерінің жүгі ауыр. Олар қай баланың отбасылық жағдайымен таныс, кімнің қандай көңіл күйде екенін біледі, әрі солармен жеке-жеке жұмыс жүргізеді.

Балалардыңқасында кішкентайынан ата-анасы болады. Кішкентай бүлдіршіннің санасы ақ қағаз секілді. Нені жазсаң, соны көресің. Баланы жастайынан әдемілікке, әсемдікке үйретіңіз. Үйірме таңдағанда да, кішкентай кезінде музыкалық аспаптар үйренуге не сурет салуға берген дұрыс. Жан-жануарды қорғауды үйретіп, табиғатқа жиі шығаруды әдетке айналдырыңыз. Бала ең алдымен әдемілікті көріп, сезініп үйренуі керек, мейіріммен өсуі керек. Бүлдіршініңізді алты жасқа дейін бокс, каратэ сияқты жекпе-жекке шығатын, бір-бірін ұратын үйірмелерге беруге асықпаңыз. Спортқа баулыған дұрыс, әрине, дегенмен қатыгездікке үйретпеу керек. Жас ата-аналар «біреу ұрса, сен де қалыспа» деп үйретіп жатады. Керісінше, балаңызды біреу ұрса, оған: «Тиіп кеткен шығар, ол саған жамандық ойламайды» деген сияқты сөздерді айта біліңіз. Бала тәрбиелегіңіз келсе, алдымен адам өзін тәрбиелеуі керек деген осыдан шығады. Балада қателік жоқ, қателікті әр ата-ана өзінен іздеуі керек, — дейді ол.

Қызы — үйде, қылығы — тик-токта

Айнұр МЫРЗАБАЕВА,

«НұрҒасыр» мешітінің ұстазы, Ақтөбе қалалық дін мәселелері және қоғаммен байланыс орталығының теолог маманы

«Баланың тәрбиесіне қай кезде мән береміз?» деген сұраққа шариғатымыз былайша жауап береді: Бала үйленер шағында әлі дүниеге келмеген баланың тәрбиесін ойлауымыз керек. Яғни оның алатын жары қандай, баланы қалай тәрбиелейді? Сол үшін қазақ халқы қыз баланың тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген. «Қыз тәрбиесі — ұлт тәрбиесі» дегендей, әйел адамның құрсағындағы баланың тәрбиесі тікелей анасына байланысты. Кейбіреулер бала бір жасқа келгенде немесе есін білгенде ғана тәрбиесін қолға аламын деп ойлайды. Ал бала тәрбиені құрсақта жатқан кезден бастап алады. Дегенмен балалар бұзақылық жасап, айтқанды тыңдамай жатқанда, исламда баланы денсаулығына зиян келмейтіндей ұруға рұқсат етіледі.Ұру деген сөз бас салып, кішкентай баланың бір жерін ауыртып, зәбір көрсету дегенді білдірмейді. Бала анасының сесін, «тәйт» дегенін түсінуі керек.

Балалардың тәрбие алатын екінші жері — мектеп. Бұрын біз мұғалімімізден қорқатын болсақ, қазіргі балалар мұғалімнің өзін қорқытады. Мен өзім көпбалалы анамын. Балаларымның сынып жетекшілеріне балам тыңдамай, бетіңізден алып жатса, құлағын бұрап, тәйт деп қойыңыз деп айтып қоямын. Жас ата-аналар «қатарынан қалмасын» деп, баланың барлық қалауын орындайды. Ол да дұрыс емес. Бала «жоқ, болмайды» дегенді біліп өсуі керек.

Гаджеттердің зияны

Заманауи құрылғылар баланың эмоционалды күйін блоктап тастайды. Бала табиғатынан жасампаз келеді, бірақ гаджеттер баланың шығармашыл қабілетін жояды. Балалық шағын компьютермен өткізген баладафизикалық қозғалысты қажет ететін ойынға деген қажеттілік орындалмайды. Соның салдарынан бала өзінің эмоциясын жасыруға дағдыланады. Мұның зияны орасан. Балалар есейе келе түрлі ауруларға шалдығуы мүмкін. Жиі байқайтыным, колледжге барғанымда студенттер бір сұраққа жауап бере бастағанда бірден қызарып, бозарып кетеді. Емтихандарда есінен танып қалып жатады. Менің жеке тәжірибемде балалар шашын, кірпіктерін жұлып тастайтын жағдайлар болған, дәл сол сәтте олар ауырсынуды сезбейді. Соның салдарынан балаларда невроз, энурез, энкопрез, тиктер, экзема секілді аурулар дамиды. Жастар арасындағы депрессия мен суицидтің жиі кездесуі де осындай жайттардан туындауы мүмкін, дейді психолог Айгүл Байжанова.

P.S Бала тәрбиесі — бүгінгі қоғамның ең күрделі мәселелерінің бірі. Бір ғана мақаламен бұл мәселенің түйінін шешу мүмкін емес. Дегенмен біздің бүгінгі спикерлердің сұхбатында да бала тәрбиесіне қатысты өзекті жайттар айтылды. Ұрпақ тәрбиесінде тек ата-ана мен мұғалім ғана емес, тұтас қоғам жауапты.

 Насиба ЗАРЛЫҚОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button