БілімБасты жаңалықтар

Darabala.kz порталы: үш бағыт, бір мақсат 

«Өскелең ұрпақтың спорттық және шығармашылық әлеуетіне баса назар аудару қажет. Бұқаралық спортқа, дене тәрбиесіне және балаларға басымдық беру керек. Әр облыста, ірі аудан орталықтарында спорт үйірмелерін ашу қажет. «Балалар үйірмесі» қызметін қайта қалпына келтірген жөн».

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауынан.

Бұдан екі жыл бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен балаларға қосымша білім беру үшін мемлекеттік тапсырыс институты енгізілген болатын. Соған байланысты жекеменшік білім беру ұйымдарына шығармашылық, спорт және білім салалары бойынша тапсырыс орналастырылды. Біздің облыста бұл процесс Оdoaktobe.kz және «Артспорт» платформалары арқылы жүзеге асырылып келді. Биылдан бастап үш бағыттағы жұмыс бір платформаға — Darabala.kz платформасына енгізілді.

Біз облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұргүл Бертілеуовамен балаларды қосымша біліммен қамту мақсатындағы жұмыстар туралы сөйлескен едік. Сонымен…

Мемлекеттік тапсырыс беріледі

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдай­дағы Қазақстан: іс-қимыл кезе­ңі» атты Жолдауында бүгін­гідей аумалы-төкпелі заман­да балалардың күш-жігері мен қызығушы­лығын дұрыс арнаға бағыттау аса ма­ңызды екенін айтып, тиісті органдарға нақты міндеттер жүктеген болатын. Расында, еліміз бойынша балаларды қосымша білім берумен қамту мәселесі өзекті. Балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру — маңызды іс. Оқушылар сабақтан тыс уақытта үйірмелерге барса, дүниетанымы кеңейеді, шығармашылық қабілеті дами түседі, ортаға үйренеді. Қосымша білім беру арқылы оқушыларға кәсіби бағдар да беріледі. Бұл мамандық таңдауда қателеспеуге сеп, — дейді Нұргүл Бертілеуова.

Облыста 49 қосымша білім беру ұйымы бар. Аталған мекемелерде 821 үйірме жұмыс жасайды. Онда баратын балалардың үлесі — 37 329 бала (26,2 пайыз). Біздің өңірде жалпы 142 646 оқушы (85,9 пайыз) қосымша білім берумен қамтылған. Мұның арасында мектепішілік үйірмелерге баратын оқушылар да бар.

Жекеменшік мекемелерге мемлекеттік тапсырыс орналастыру арқылы білім саласындағы біраз мәселе шешілді. Ел тәуелсіздігін алған жылдары көптеген балабақша жабылып, ғимараттар жекешеленіп кеткені белгілі. Еліміз бойынша балаларды балабақшамен қамту мәселесі өзекті болды. Осы мәселені шешу үшін мемлекет тарапынан жекеменшік балабақшаларды қолдау мақсатында мемлекеттік тапсырыс беріле бастады. Соның арқасында мәселе толық шешіліп, қазір 3-6 жастағы балалардың барлығы балабақшаға барып жүр.

Ақтөбе қаласында жекенің иелігіндегі 14 мектеп ашылды. Олардың бәріне мемлекеттік тапсырыс берілуде. Мысалы, «Білім» мектеп-гимназиясы Батыс-2 шағын ауданындағымектептердегі орын тапшылығы мәселесін шешіп отыр.

Білім саласында балабақшадан бастау алған мемлекеттік тапсырыс орналастыру әдісі енді, міне, қосымша білім беру саласында да қолға алынып жатыр. 2021 жылдан бастап бұл салаға мемлекеттік тапсырыс орналастыру институты енгізілді. Мақсат — балаларды қосымша білім беру ұйымдарына көбірек тарту. Соған  байланысты жекеменшік білім беру ұйымдарына үш бағыт — шығармашылық, спорт және білім салалары бойынша тапсырыс орналастыру үшін облыстық бюджеттен қаржы бөлінді. Бүгінге дейін біздің облыста бұл процесс екі платформа арқылы жүзеге асырылған-ды. Оның бірі — шығармашылық және спорт бағыттары бойынша «Артспорт» платформасы, екіншісі білім саласы бойынша — Оdoaktobe.kz платформасы.

Оdoaktobe.kz порталын облыстық білім басқармасы жанындағы ғылыми-тәжірибелік орталығының қызметкері дайындады. Портал арқылы құжаттарды қабылдау процесі автоматтандырылып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайту мақсаты көзделді. Бұл өз нәтижесін берді.

Биылдан бастап Оdoaktobe.kz платформасы жетілдіріліп, Darabala.kz платформасы болып өзгертілді. Осы үш бағыттың жұмысы Darabala.kz платформасына енгізілді, — дейді Нұргүл Лескенқызы.

Үйірмеге баратын бала саны артты

Былтыр біздің өңірде үш бағыт — шығармашылық, спорт және білім салалары бойынша мемлекеттік тапсырыс аясында 78 үйірме мен секцияға 21 100 бала қамтылды. Бұл мақсатта бюджеттен 3,3 миллиард теңге бөлінді. Соның арқасында қосымша біліммен қамтылған балалардың саны 85 пайызға дейін артты.

2021 жылы білім бағыты бойынша сол кездегі Білім және ғылым министрлігінің №122 бұйрығы шықты. Соған сәйкес жергілікті атқарушы органдардың балаларға қосымша білім беруге мемлекеттік тапсырысын орналастыру нормасы заңды түрде бекітілді. Сөйтіп, былтырбіздің облыста білім бағыты бойынша мемлекеттік тапсырыс арқылы 5000 бала үйірмелерге барды (бір балаға қызмет көрсетудің орташа құны — 14 442 теңге). Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі балаларға  арналған бейнелеу өнері, керамика және мүсін, көркем гимнастика, жүзу, шахмат, дойбы секілді үйірмелер де қарастырылды.

Платформаға 38 жеке кәсіпкер тіркеліп, қызмет көрсетті. Былтыр қосымша білім беруге мемлекеттік тапсырыс Ақтөбе қаласы, Алға, Әйтеке би, Қобда, Мәртөк және Мұғалжар аудандарында жүзеге асырылды.

Айта кету керек, мемлекеттік тапсырыс аясында бала бір ғана үйірмеге бара алады, — дейді басқарма басшысының міндетін атқарушы.

Биыл Оқу-ағарту министрлігінің 2022 жылғы 27 тамыздағы №381 бұйрығына толықтыру енгізіліп, мемлекеттік тапсырыс талаптары өзгертілді. Сөйтіп, 6 бағыт, 32 үйірме бекітілген.

Аталған өзгерістер өткен жылдың соңында тапсырыс берушілерге түсіндірілді.

Білім беру бағыты бойынша мемлекеттік тапсырыс ғылыми-техникалық, туризм және өлкетану, көркемдік-эстетикалық, әлеуметтік-педагогикалық, гуманитарлық, жаратылыстану-математикалық бағыттар бойынша жүзеге асырылады.

Комиссия отырысында кәсіпкерлердің құжаттары жан-жақты сарапталады. Мысалы, қосымша білім беру ұйымы жертөледен ашылмауға тиіс. Педагогтердің біліктілік деңгейіне мән беріледі. Талаптарға сай келген қосымша білім беру ұйымдары ғана іріктеуден өтеді, — дейді Нұргүл Бертілеуова.

Бөлінген қаржыны тиімді пайдалану — маңызды міндет

Спорт және шығармашылық бағытындағы мемлекеттік тапсырысты жүзеге асырған «Артспорт» платформасына қатысты көп сын айтылғаны белгілі. Құзырлы органдар тарапынан жүргізілген тексеру жұмыстары барысында біраз кемшілік анықталды.

Мемлекет қаражатының әр теңгесін мақсатты жұмсау — бізге жүктелген маңызды міндет. Сол себепті кез келген ұйым негізсіз жұмсалған қаржы үшін заң алдында жауапты болады.

Облыс әкімі Ералы Лұқпанұлы қосымша білімге беріліп жатқан мемлекеттік тапсырысты бір жүйеге келтіру, жолға қою, ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында міндет жүктеген болатын. Соған байланысты үш бағыттағы мемлекеттік тапсырыс бойынша ортақ портал әзірленді. Оның атауы —Darabala.kz. «Артспорт» порталындағы жинақталған ақпарат толығымен Darabala.kz платформасына енгізілді. Қазір платформа жұмысты бастауға толық дайын, — дейді басқарма басшысының міндетін атқарушы Нұргүл Бертілеуова.

Ақпан айынан бастап Darabala.kz порталы арқылы білім бағыты бойынша 6000 бала қабылданатын болады. Оның 2840-ы— ақтөбелік оқушылар, қалғаны — ауыл балалалары. Ал шығармашылық бағытқа — 8700, спорттық бағытқа 8500 мемлекеттік тапсырыс бөлініп отыр. 

 Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button