Ауыл

Ауыл, саған аманат

 

«Ауыл аманаты» — Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы» аясында қолға алынған жоба.

Облыста аталған жобаның мүмкіндіктерінің арқасында жұмыссыз отбасылардың ауласына мал бітіп, табысы арта бастады. Бұл ерекше жобаға қатысушылар бағдарлама беретін артықшылықтардың нәтижесінде қолжетімді несие және тауарлық несие алып, кәсібін бастап жатыр. Яғни ауыл тұрғындарына зор мүмкіндік беріліп отыр, ерінбей еңбек ету және соның нәтижесін көру — ауылға аманат.    

ОТБАСЫЛАРҒА МАЛ БЕРІЛДІ

«Ауыл аманатының» алғашқы жемісін Жұрын ауылдық округіндегі қорасында малы жоқ, жұмыссыз отбасылар көре бастады. Аталған бағдарламаның тағы бір бағыты — тауарлық несие беру екендігі белгілі. Осы ретте ауданның ірі шаруашылықтары «Арман-М», «Қасай» шаруа қожалықтарымен меморандумға отырып, Талдысай, Еңбек, Жұрын ауылдық округтерінің тұрғындарына мал басын көбейту мақсатында 10 бас ірі қара және 90 бас қой берген. Мәселен, «Қасай» шаруа қожалығының төрағасы Бекболат Исенов екі жұмыссыз отбасына төрт ірі қара  мал берсе, «Қонысбай» шаруа қожалығының басшысы  Ғалымжан Нукусов үш отбасыға он қойдан ұсынды.

Айта кету керек, тауарлы несиенің қайтарылуы несие беруші мен алушы арасындағы жасаған келісім шарт негізінде жүзеге асырылады. Ал төлеу уақыты несиеге алынған мал жасына байланысты болады. Қажетті уақыт үшін несиені төлеуге демалыс та беріледі.

Мұғалжарлықтар арасында аталған жобаны ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Аудандық кәсіпкерлік және ауылшаруашылық бөлімінің басшысы Бауыржан Жолмағанбет жоба аясында ауыл тұрғындарына жеңілдетілген несие берудің шарттары айтылып қана қоймай, жобаның орындалу барысы да жіті түсіндірілгенін жеткізді.Оның айтуынша, арнайы құрылған жұмыс тобы аудан бойынша Қандыағаш, Ембі, Жем және 12 ауылдық округ тұрғындарының арасында аталған жоба аясында талдау жұмыстарын жүргізген. Соның нәтижесінде 2562 мұғалжарлық жобаға қатысуға ниет білдірген. Жобаға бөлінген жалпы қажетті несие көлемі — 10 млрд 696 млн теңге. Жеңілдетілген несиеге қол жеткізуге ниеттілер өсімдік, мал, құс шаруашылықтарын дамытуға, жылыжай ашуға және шағын бизнесті дамытуға мүмкіндік алады. Сонымен бірге наубайхана, кондитерлік өнімдер өндіру, шағын тігін цехын жүргізу және шаштараз ашуына болады.

Бүгінде аталған жобаға аудан бойынша Еңбек және Жұрын ауылдық округтерінің тұрғындары қатысып жатыр. Аталған екі округ бойынша барлығы 15 жобаға 58 млн теңге бөлінді. Кәсібін кеңейтуге ниеттілер «Ақтөбе» ӘКК-на құжаттарын тапсырып та қойған.

— Еңбек ауылдық округі бойынша 11 жоба дайындалды. Оған 47,0 миллион теңге бөлінуде. Ал Жұрын ауылдық округінен 4 жоба қатысады. Ол үшін 11 миллион теңге қарастырылып отыр. «Ауыл аманаты» жобасына қатысатын 11 жоба өсімдік шаруашылығын дамытуға, соның ішінде картоп өсіруге бағытталған. Ал 3 жоба жылыжай ашып, құлпынай өсіруге арналған. Тігін цехын ашуға ниетті тағы да бір жоба дайындап жатыр. Бүгінде олар қаржыларының түсуін күтіп отыр. Сонымен қатарЖұрын ауылдық округінде 3 жобаның құжаттары тапсырылуда. Алдағы уақытта аталған жобаға қалған 13 округтің тұрғындарын қатыстыру көзделіп отыр, — деді ол.

Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ,

Мұғалжар ауданы.

АЛҒА АЛҒА БАСТЫ

Бұл жобаны жүзеге асыруға Алға ауданы да қызу кірісіп кетті. Аудан орталығы республикалық жолдың үстінде орналасқандықтан, кез келген қызмет түрі сұранысқа ие. Сонымен қатар ауылшаруашылық өнімдерін өндіріп, сатуға қолайлы өңір.

Аудан әкімінің орынбасары Арман Бошановтың айтуынша, «Ауыл аманаты» пилоттық жобасы бойынша  ауылдық округтер мен елді мекендердің әкімдіктерімен скрининг талдау жүргізілген.

Қазіргі таңда несиелеуге құжаттар қабылдау басталып, 30 өтінім қаралып, 13 жоба мақұлданды.

Тауарлы несие туралы айтар болсақ, 2022 жылы қаржылай несиемен бірге мал шаруашылығын дамыту мақсатында 2 ірі шаруа қожалық есебінен 5 жеке қосалқы шаруашылыққа 71 басқа тауарлы несие беру жұмыстары жалғасып жатыр. Қаржылай есептегенде жобалардың жалпы құны — 20,8 миллион теңге. Бұл жерде тауарлық несиенің ерекшелігі — алынған малдың қайтарымын ақшалай емес, төл есебінен қайтаруында, — дейді аудан әкімінің орынбасары А.Бошанов.

2023 жылы бағдарламаның ауқымын кеңейту мақсатында ауданда толық скрининг жүргізілген. Бұл жолы  6136 аула, 39872 тұрғыны бар 10 ауылдық округ пен 1шағын қала қамтылды.

Жалпы сомасы 8 227,1миллион теңге болатын 1808 жоба анықталды. Бұл кезде аудандағы жұмыссыздық деңгейі мен жұмыссыздар санының 939 адамнан 187-ге азайып, атаулы әлеуметтік көмек алатындар саны 1039 адамнан 416 адамға қысқарады. Есесіне өзін-өзі қамтушы 5455 адам жобаға қатысып, жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, өз-өзін тұрақты жұмыспен қамтиды.

Жобаның ерекшелігі — екінші деңгейлі банктер кепілге алмайтын ауылдық елді мекендердегі жылжымайтын мүлікті кепілге қою мүмкіндігі бар.

Мадина БОЛАТБЕК,

Алға ауданы.

БЕРЕКЕСІ АУЫЛДЫҢ

«Ауыл аманаты» жобасына Байғанин ауданынан бастапқыда Көлтабан және Қызылбұлақ ауылдары қатысса, кейін Қарауылкелді және Жарқамыс ауылдық округтері қосылды.

2022 жылдан бастап осы жобаның игілігін көруге талаптанып жатқан Көлтабан ауылдық округінің тұрғындарынан әзірге 24 адамның құжаттары реттеліп, дайын тұр. Құс өсіру, тауық етін және сүт өнімдерін өндіру, жылыжай, бақша дақылдарын өсіру жобалары мақұлданды. Құжаттары реттеліп жатқан, мақұлдаудан өтуді күтіп тұрған жобалар да бар, — дейді аталған округ әкімі Сүлеймен Бітімбай.

Қарауылкелді ауылдық округі бойынша «Ауыл аманаты» жобасына қатысуға қазіргі таңда 80 адам тіркелген. Ауылдық округтің бас маманы Жұлдыз Есқұлованың айтуынша, оның 43-і — жұмыссыздар. Мал шаруашылығы бойынша — 45 адам, құс шаруашылығына — 12 адам, өсімдік шаруашылығына — 7 адам және шағын және орта бизнес ашу мақсатында 16 адам құжатын рәсімдеген.

Жеңілдетілген несиені алу үшін жылжымалы немесе жылжымайтын мүлік кепілдікке қойылады. Бағаланған мүліктің 60 пайызы ғана тиесілі болады. Несие алушыдан ең басты талап етілетіні — несие тарихының таза болуы. Әсіресе соңғы 3 ай мерзім жіті қадағаланады. Сондай-ақ тұрғын үйдің құжаттары түгел болуға тиіс. Сондай-ақ несие алғысы келген адамның бизнес жоспары болуы қажет, — дейді Жұлдыз Есқұлова.

Округ әкімшілігінің мәліметінше, 40 адамның құжаттары толық дайын болса, тағы 40 адамның құжаттары реттеліп жатыр.

 Насиба ЗАРЛЫҚОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button