Басты жаңалықтар

Білікті дәрігерлер — Ақтөбеде

Ақтөбелік дәрігерлер Астанадан келген білікті мамандармен тәжірибе алмасты. Қазақстан Республикасы Президенті Іс Басқармасының Медициналық орталығының дәрігерлері Ақтөбе облысындағы күндері аясында өңірде 30 күрделі ота жасады.

Нейрохирург, генетик, кардиохирург, аритмолог, онкохирургтер ақтөбелік мамандар үшін  үш күн бойы шеберлік сағаттарын өткізіп, практикалық және консультациялық-әдістемелік көмек көрсетті. Жоспарланған шаралар Ақтөбе медициналық орталығында, облыстық перинаталды орталықта, М.Оспанов атындағы БҚМУ-дың медициналық орталығында өтті.

Дәрігерлер Ақтөбе өңіріне келудегі мақсат орталықты дамытудың 2023-2025 жылдарға арналған Тұжырымдамасын іске асыру, ішкі және халықаралық медициналық туризмді дамыту, еліміздің денсаулық сақтау саласына жаңа медициналық технологияларды енгізе отырып, өз әлеуеті мен мүмкіндіктерін кеңейту екендігін айтты.

Астана қаласындағы Қазақстан Республикасы Президенті Іс Басқармасының Медициналық орталығы ауруханасындағы барлық дәрігерлер — біліктілік талаптары бойынша қатаң іріктеуден өткен мамандар. Қазіргі уақытта онда жасалатын оталардың  90 пайыздан астамы эндоскопиялық технологияларды қолдану арқылы жүргізіледі. Диагностикалық алгоритмдер мен емдеу схемалары дәлелді медицина қағидаттарына негізделген. Мамандар емханада онкологиялық патологиясы бар науқастарды ерте анықтау және уақтылы емдеу бойынша жұмыстар жүргізілетінін айтты.

Жақсыдан үйрен…

Өңірге Елордадан дәрігерлер келіп, ең күрделі ота жасауда өз тәжірибелерін ақтөбеліктермен бөлісіп жатыр дегенді естіген соң көзімізбен көріп, өздерімен тілдесу үшін Ақтөбе медициналық орталығына арнайы барғанбыз. Аритмолог дәрігер Ринат Қамиев ресинхрондау функциясы бар кардиовертер-дефибрилляторды имплантациялау бойынша отасын сәтті аяқтап шығып жатыр екен.

2015 жылдан  бастап Қазақстан Республикасы Президенті Іс Басқармасының Медициналық орталығында еңбек етіп жатқан дәрігер жаңашылдықтарымен бөлісті.

Кеше пациенттеріммен танысып, бүгін ота жасауға кірістік. Жаңа ғана 67 жастағы азаматқа имплантациялаудың ішіндегі ең күрделі отаның бірін жасадық. Біз орнатқан аппараттың көмегі тиіп, алдағы уақытта науқастың жағдайы жақсаратынына сенімдімін, — деді ол.

Ақтөбелік дәрігерлер ең күрделі оталарды жоғары білікті әріптестерімен бірге жасау олар үшін үлкен тәжірибе болғанын айтады.

— Расын айту керек, мықты мамандар шоғырланған Қазақстан Республикасы Президенті Іс Басқармасының Медициналық орталығы бұған дейін өз алдына жабық мекемелердің бірі болатын. Облыс әкімі Ералы Тоғжановтың және облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастамасымен аталған орталық мамандарының ең бірінші болып Ақтөбеге келіп, тәжірибе алмасуы біз үшін сабақ болды. Орталықтағы білікті дәрігердің шеберлік сағаттарына қатысып, ең күрделі оталарды бірге жасап жатырмыз. Ақтөбе медициналық орталығында да нағыз өз ісінің кәсіби мамандары еңбек етеді. Дегенмен дәрігерге білімін толықтырып отыру ешқашан артық етпейді. Біз бұл үш күндік тәжірибемен шектеліп қалмаймыз. Алдағы уақытта да үлкен істерді білікті кадрлармен бірге шешетінімізге сенімдімін, — дейді Ақтөбе медициналық орталығының бас дәрігері Ерлан Сұлтангереев.

Кәсіби маман кеңесі

Өкінішке қарай, елімізде  жылдан-жылға аллергиялық ауруға шалдыққандар саны да көбейіп барады. Қазақстан Республикасы Президенті Іс Басқармасының Медициналық орталығының аллерголог-иммунологі Ғалия Түсіпбекова еліміздегі әрбір бесінші тұрғынның аллергиясы барын айтады. Ал Ақтөбе облысында аталған ауру бойынша есепте тұрған науқастар саны 5000-нан асады.

18 қаңтар күні сағат 10.00-ден 12.00-ге дейін Ғалия Түсіпбекованың қабылдауына 4 ақтөбелік келді. Төртеуі де — демікпенің ең ауыр түріне шалдыққан науқастар. Әрқайсысымен жеке сөйлескен дәрігер дұрыс диагноз қойып, кеңес берді.

— Ақтөбеге ауыр түрде өтіп жатқан созылмалы аурулары бар, сирек кездесетін дертке шалдыққан азаматтарға көмек көрсету мақсатында келдік. Қабылдауымда болған 4 адамның екеуіне біздің орталыққа келіп, диагнозын нақтылауға кеңес бердім. Ақтөбе — елімізде медицинасы өте жақсы дамыған өңірлердің бірі. Бірақ мұнда біздің орталықта жасалатын кейбір диагностикалық шаралар жоқ. Науқасқа стандарттық ем көмектеспеген кезде қолданатын тәсілдер болады. Оның нәтижесін де көріп жүрміз, — дейді Ғалия Түсіпбекова.

Емдеудің жаңа әдіс-тәсілдері

Республиканың бас генетигі Гүлшара Әбілдинова мен Қазақстан Республикасы Президенті Іс Басқармасының Медициналық орталығы ауруханасының бас онкологі Насрулла Шаназаров облыстық перинаталды орталықта семинар-кеңес өткізіп, ақтөбелік гинекологтарға емдеудің жаңа әдіс-тәсілдерін айтып, болашақ сәбидің жағдайын жүктіліктің ерте сатысында анықтау жолдарын талқылады.

2021 жылы пайдалануға берілген облыстық перинаталды орталық — өңір бойынша генетикалық скринингтерді өткізетін жалғыз орын. Орталықтың зертханасымен танысқан Гүлшара Әбілдинова жұмысына жоғары бағасын берді.

—Жабдықтардың барлығы — заманауи құрылғылар. Өзге облыстармен салыстырып қарағанда, әлдеқайда ілгері деп айтуға болады. Әрине, кейбір өзгеріс енгізу керек тұстары да бар. Бұл бағытта жаңа пилоттық жобаларымызды ұсынып жатырмыз, — деді ол.

Сондай-ақ еліміздің бас генетигі сәби күтіп жүрген ерлі-зайыптыларға генетик кеңесін алып, оның ұсынысына немқұрайды қарамау керектігін айтты.

Ал Насрулла Шаназаров гинекологияда онкологиялық науқастарды емдеу үшін фотодинамикалық терапияның жаңа әдістерімен бөлісті.

— Кездесуде алдымен фотодинамикалық терапия әдісі туралы сұрағанмын. Бірақ «мен аталған әдіс туралы білемін» деп, қолын көтерген бірде-бір дәрігер көрмедім. Бұл — қатерлі ісікті емдеудің әдістерінің бірі. Меңгеру аса қиын емес. Аз уақыттың ішінде үйреніп алуға болады. Өз тәжірибеммен бөлісуге қашанда дайынмын. Бұл әдісті енгізуге Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы да қызығушылық танытып отыр, — деді ол.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button