БілімБасты жаңалықтар

Бестамақ мектебінің базасы жаңартылды

Білім беруді тұрақты дамыту қорының «Ауылдық аймақтардағы тірек мектептердің әлеуетін дамыту» қайырымдылық жобасынаеліміздің 17 өңірінен ауылдықтірек мектептертаңдап алынды. Алға ауданындағы Бестамақ орта мектебі — осы бағдарлама аясында Назарбаев Зияткерлік мектебіоқыту әдістемесі бойынша заманауи үлгіде жабдықталған өңірдегі тірек мектептердің алғашқысы.

Жоба білім беру сапасын арттыруға, ауыл мектептеріне үздік педагогикалық тәжірибелер мен тиімді әдістемелерді трансферттеуге және тірек мектептердің қажетті материалдық-техникалық базасымен қамтамасыз етуге бағытталған.

Аталған жоба аясында Бестамақ орта мектебінің біраз кабинеті оқу процесіне қажетті құрал-жабдықтармен толығып, жаңарып қалды. Жаңаланған тірек мектептіңтаныстырылымына облыс әкімі Ералы Тоғжанов, «Назарбаев Зияткерлік Мектебі» ДББҰ басқарма төрағасы Күләш Шәмшидинова, Білім беруді тұрақты дамыту қорының директоры Данияр Тоқтарбаев, облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұргүл Бертілеуова және БАҚ өкілдері қатысты.

— Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша биылдан бастап елімізде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы жүзеге асырылуда. Жобаның мақсаты — бірыңғай стандарт бойынша мектептер салу, ондағы орын тапшылығы мәселесін жүйелі шешу. Сонымен қатар «Қазақстан халқына» қоры қаржыландыратын «Ауылдық аймақтардағы тірек мектептердің әлеуетін дамыту» қайырымдылық жобасы жұмыс істейді. Аталған жоба аясында Бестамақ мектебіндегі көп кабинет жаңартылып, жабдықталып отыр. Енді оқушылардың білім деңгейіне мән беруіміз керек. Әсіресе шағын мектептердің білім деңгейі облыстық деңгейден 15 пайызға төмен. Алайда бүгінде бес пәнді бір мұғалім оқытатын жағдай Ақтөбе облысында жоқ, ол тоқтатылды. Онлайн режимде дәріс беретін 36 мұғалімді іріктеп алдық. Себебі 500-800 шақырым қашықтықтағы балалар жоғары деңгейлі мұғалімге қолжетімді болуы керек. Дегенмен шалғай ауылдардағы шағын мектептердің мұғалімдерін қысқартқан жоқпыз, орнында қалдырдық. Олар балалармен бірге сабақ тыңдайды, білмегенін білікті ұстаздан үйренеді.

Бестамақ орта мектебі — Назарбаев зияткерлік мектептерінің оқыту әдістемесін қолданатын ауылдағы тірек мектептердің алғашқысы. Алдағы уақыттатағы бірнеше ауданда осындай тірек мектептердің базасы жаңартылады, — деді өңір басшысы Ералы Тоғжанов.

«Ақтөбенің» анықтамасы

Іргетасы 1975 жылы қаланған мектеп ғимаратына 2019 жылы күрделі жөндеу жасалыпты. Екі жылдан соң жарты ғасырлық мерейтойын тойлағалы отырған Бестамақ орта мектебінде бүгінгі таңда 713 оқушы білім алып жүр.

Заманауи білім еркіндікті қажет етеді

Жоба аясында Бестамақ орта мектебінің 27 оқу кабинеті мен қосымша білім беру шеберханалары жабдықталған. Сонымен бірге қосымша білім беру кабинеттері — STEM-зертхана, АРТ-студия, телестудия, оқушыларға арналған коворкинг аймағы бар кітапхана жарақтандырылған.

Мәселен, STEM-зертхана кабинеті мектепке барлық жастағы балаларды ғылым мен технологияға қызықтыруға көмектеседі, оқушыларды математика, инженерия, технология және жаратылыстану ғылымдары бойынша білімдерін кеңейтуге шабыттандыратын оқу аймақтарын ұйымдастырады.ART-студия кабинеті баланың шығармашылық дамуына, эмоциясын шығаруға, өзін-өзі көрсетуге мүмкіндік береді. Бұл жерде балалар өздерінің шығармашылық қабілеттері мен қиялдарын дамытып қана қоймай, өз идеяларын жүзеге асыруға, өз күштеріне сенуге үйренеді. Мектеп телестудиясыкабинетінде мұғалім мен оқушы жобада жинаған тәжірибесін өңірдің басқа жалпы білім беретін мектептеріне тарата алады.

Кабинеттерді аралап, жаңа технологияларға қызыққан оқушыларды, көтеріңкі көңіл күйде жүрген мұғалімдерді көрдік.

— Жаратылыстану ғылымдарына қызығамын. Жақында мектебімізге жаңадан көп құрал-жабдықтар әкелінді. Зертханалық жұмыстар жасап көруге, өнертабыстар ойлап шығаруға зор мүмкіндік. Сабақтар бұрынғыдан гөрі қызығырақ. Болашақта математика пәнінің мұғалімі болғым келеді. Музыка мектебінде де оқып жүрмін, — дейді Бестамақ орта мектебінің 9-сынып оқушысы Дамир Әбуов.

Расында, заманауи білім еркіндікті қажет етеді. Алайда базасы жаңарған мектептің мұғалімдер құрамы қандай? Мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Эльмира Сатыбалдинаның айтуынша, мектептегі 85 мұғалімнің 75-і — жоғары білімді. Сондай-ақ оқушыларға 2 шебер, 21 зерттеуші, 22 сарапшы ұстаз сабақ береді. 20-35 жас аралығында 35 маман жұмыс істейді. Оның төртеуі — магистр.

Электронды сабақ кестесі де бар

Тірек мектептеріне қажетті барлық әдістемелік қолдауды жыл бойы «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ жобалау командасы жүргізеді.

— Жүйелі негізде оқу-тәрбие процесінің нәтижелеріне мониторинг жүргізетін, алынған деректерді мектеп қызметін жақсарту үшін пайдаланатын сараптамалық топ құрылды. Жұмыстың тағы бір маңызды бағыты — өзгерістерді басқаратын мектеп командасын құру.Жобаның іске асуы Бестамақ тірек мектебіне мықтылар қатарынан табылып, аймақтағы үздік педагогикалық практикалардың хабына айналуға мүмкіндік береді, — деп есептейді Назарбаев зияткерлік мектебі ДББҰ Басқарма төрағасы Күләш Шамшидинова.

Айта кету керек, Ақтөбе қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің алаңында мұғалімдер мен мектеп әкімшілігі үшін пәндік тағылымдамалар өткізілді. Сабақтың тиімділігі үшін цифрлық және білім беру ресурстары енгізілген. Семинар, вебинар, тағылымдама, мастер-класс пен практикум түрінде өткізілетін барлық процесс әдістемелік қолдауға ие. Педагогтер мен мектепті әдістемелік сүйемелдеу 2025 жылға дейін жалғасады.

— Мемлекет жақында іске қосқан «Жайлы мектеп» деген тамаша бағдарлама бар. Бірақ бұл тек жаңа мектептердің құрылысына қатысты. Ал бүгінгі таңдамектебіміз «Ауылдық аймақтардағы тірек мектептерінің әлеуетін арттыру» жобасы аясында жаңарған мектепке айналып отыр. Ең әуелі мұғалімдер білімін жетілдіріп, оған қоса материалдық-техникалық база жаңартылды. Сондықтан жобаның ұйымдастырушылары мен демеушілеріне алғысымыз шексіз, — дейді мектеп директоры Анар Ізтілеуова.

Қазір сабақтар интерактивті панельдерді, жаңа құрылғылар мен көрнекілік материалдарды қолдана отырып жүргізіліп жатыр. Тіпті мектептің кіреберісінде үлкен сенсорлы экранда электронды сабақ кестесі орналасқан. Ол жерде балалар күнбе күнгі сабақ кестесі мен үзіліс уақытын біле алады.

Тағы 4 тірек мектеп жаңартылады

Білім беруді тұрақты дамыту қорының директоры Данияр Тоқтарбаевтың айтуынша, жобаны «Қазақстан Халқына» қоры қаржыландырып, еліміздегі тірек мектептердің әрқайсысына 250 миллион теңгеден бөліп отыр.

— Жоба маңызды бес міндетті орындайды. Ең әуелі,бұл — қала мен ауыл арасындағы білім беру сапасындағы алшақтықты жою, яғниауыл мектептеріндегі сабақ беру тәсілін жетілдіру, екіншісі, материалдық-техникалық базаны жақсарту, жақын маңдағы ауылдарға тірек мектеп ретінде тәжірибемен бөлісу. Төртіншісі, мектепті ауыл орталығы-қауымдастығы ретінде қалыптастыру. Бесіншісі, елімізде құндылықтардың дұрыс бағытта өрбуін қамтамасыз ету. Былтыр еліміз бойынша 17 өңірде 17 тірек мектепті заманауи үлгіде жабдықтап, жаңартуды қолға алдық. Осы өңірдегі жаңартылған тірек мектеп — тоғызыншы мектебіміз. Ақпан айында былтырғы жобаны аяқтаймыз. Биыл Ақтөбе облысында тағы 4 ауылдық тірек мектепті жаңарту ұсынылды, — дейді Білім беруді тұрақты дамыту қорының директоры Данияр Тоқтарбаев.

Еске сала кетсек, «Ауылдық жерлерде тірек мектептердің әлеуетін дамыту» — «Powered by ауылдық мектебі» білім беру бағдарламасы шеңберінде іске асырылатын жоба. Аталған жобаны Білім беруді тұрақты дамыту қоры бас серіктесі«Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ-ымен бірлесе жүзеге асырып келеді. Жобаның басты демеушілері — «Қазақстан Халқына» қоры және Aitas холдингі.

Аталған қоғамдық қор еліміз бойынша ауылдық тірек мектептерді құрал-жабдықтармен жарақтандырып, мейлінше қала мен ауыл арасындағы білім сапасының алшақтығын болдырмауға тырысып жүр.

 Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button