БілімБасты жаңалықтар

Мектептерді жаңарту жобасы: Биылғы жоспарда 56 мектеп бар

2025 жылға дейін облыстағы шағын қалалар мен ауылдарда орналасқан 282 мектеп жаңартылады. Биыл 56 мектепті жаңарту жоспарланып отыр.

Қазір ауыл мектептерінің инфрақұрылымдық дамуы мен жарақтандырылуы төмен. Мысалы, ауыл мектептеріне жүргізілген талдау қорытындысы бойынша олардың 65 пайыздан астамына күрделі жөндеу қажет. Облыста 404 мектеп бар. Соның 62,4 пайызы (253 білім шаңырағы) 1990 жылға дейін салынған. Ауылдағы білім шаңырақтарының 70,8 пайызы жаңа модификация кабинетімен қамтылған.

Біз облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұргүл Бертілеуовамен ауыл мектебінің жай-күйі және қала мен ауыл мектептері арасындағы білім сапасының алшақтығын жою мақсатында жүзеге асырылып жатқан жұмыстар туралы сөйлескен едік. Сонымен…

Жаңарту және бағыттар

Жалпы мемлекет тарапынан білім саласына үлкен қолдау, көмек көрсетіліп жатыр. Орта білім беру жүйесінде оң өзгерістер көп. Жаңартылған білім беру мазмұнына көшу аяқталды, мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттары, оқу бағдарламалары, оқу жоспарлары жаңартылды. Оқыту мен бағалау жүйесі өзгерді. Білім беруді жаңғыртудың келесі қадамы — мектептердің инфрақұрылымы мен материалдық-техникалық базасын заман талабына сай жаңарту. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қала мен ауыл мектептері арасындағы білім сапасының алшақтығын жою жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында еліміз бойынша төрт жылдық жоспар жасалған болатын. Соған сәйкес 2025 жылға дейін республика бойынша 5000, біздің өңірде 282 білім шаңырағын жаңарту жоспарланды. Бұл жобаға шағын қалалар мен ауылдардағы  бала саны 30-дан кем емес, бастауыш, негізгі және орта мектептер кіреді. Соның арқасында барлық білім шаңырағы жаңарады, — дейді Нұргүл Бертілеуова.

Оның айтуынша, облыс бойынша білім беру ұйымдарының жай-күйін зерделеу негізінде мектептің нақты қажеттіліктерін негізге ала отырып, ғимараттарды жаңғырту бірнеше бағыт бойынша жүзеге асырылады. Олар: күрделі және ағымдағы жөндеу жүргізу, пәндік кабинеттермен жабдықтау, мектеп жиһаздары мен ұйымдастыру техникасын жаңарту, кітапханаларды және асханаларды жаңғырту. Осыған байланысты 282 мектептің әрқайсысының жұмыс жоспары құрылып, 2021-2025 жылдар аралығында бұл білім шаңырақтары үшін жалпы 12 миллиард теңгегежуық қаржы бөлу қарастырылыпты. Биыл бұл мақсатта 2 миллиард 62 миллион теңге бөлінген.

2021 жылы облыстағы 58, былтыр 56 мектеп жаңартылған. Биыл және алдағы екі жылда 56 мектепте жөндеу жүргізіліп, кабинеттерге жабдықтар алынады.

Аудан атауы НМ және ОМ саны 2021 жыл 2022  жыл 2023  жыл 2024  жыл 2025  жыл 2025 жылға дейін жаңғыртылады
дана дана дана дана дана
1 Алға 27 5 4 5 4 8 26
2 Әйтеке би 28 7 5 5 5 6 28
3 Байғанин 22 5 4 5 5 3 22
4 Ырғыз 21 5 5 4 4 2 20
5 Қарғалы 12 4 1 3 1 1 10
6 Қобда 23 5 3 2 4 6 20
7 Мәртөк 25 5 6 1 8 3 23
8 Мұғалжар 35 7 6 5 7 7 32
9 Темір 25 3 5 6 3 7 24
10 Ойыл 20 4 4 3 3 6 20
11 Хромтау 25 3 5 7 6 3 24
12 Шалқар 30 5 8 10 6 4 33
  Барлығы 293 58 56 56 56 56 282

Облыс мектептерінің 62,4 пайызы(253 мектеп) 1990 жылға дейінсалынған. Зерттеу қорытындысы бойынша, ауыл мектептерінің 65 пайыздан астамына күрделі жөндеу қажет.

Білім беру процесінің тиімділігіне көптеген фактор ықпал етеді. Соның бірі — мектептің жайлылығына, оқу кабинеттеріне, жалпы ғимараттарға жөндеу жұмыстарының жүргізілуіне тікелей байланысты. Бұл Нью-Йорктегі 95 мектепке жүргізілген зерттеу барысында анықталды. Ұзақ уақыт бойы жөнделмеген мектептерде оқушылар сабақтан жиі қалады екен. Соның салдарынан аталған мектептерде білім сапасы төмендеп кеткен. Сол себепті мектеп инфрақұрылымын дамыту, материалдық-техникалық базасын нығайту білім беру саласындағы басым бағыттардың бірі, — дейді басқарма басшысының міндетін атқарушы.

Жаңа кабинеттер, жиһаздар және кітап қоры

Облыстағы ауыл мектептерінің 70,8 пайызы (қала — 81 пайыз) жаңа модификациялы физика, химия және биология кабинетімен жабдықталған.

Мектептерді жаңғырту кезінде бюджет қаражатын тиімді пайдалану мақсатында қолданыстағы физика, химия және биолгия кабинеттері цифрлық инфрақұрылым мен заман талабына сай жиһазбен қамтылады. Сондай-ақ кейбір зертханалар виртуалды зертханаларға ауыстырылады.

2019 жылы 20 мектептің кабинеті жаңартылды (366,1 миллион теңге). Оның 17-сі — ауыл мектебі. 2020 жылы аудан орталықтарында орналасқан 22 гимназия мен лицейдің (500 миллион теңге), 2021 жылы ауылдағы 17 мектептің физика, химия және биология кабинеттері жабдықталды (504 миллион теңге), — дейді Нұргүл Лескенқызы.

Биыл ауылдардағы56 мектептің физика, химия және биология кабинеттері жаңартылады.

Ауыл мектептерін жаңғырту аясындағы жұмыстың бір бағыты — жаңа жиһаздар сатып алу. Мектеп жиһазы гигиеналық сәйкестік сертификаты болған жағдайда ғана алынады.

Биыл 50 мектептің жиһазы жаңартылады. Бұл мақсатта облыстық бюджеттен 456 миллион теңге бөлінді, — дейді Нұргүл Бертілеуова.

282 ауылдық мектепте кітапхана жұмыс істейді. Оның 153-інде оқу залы бар.

«Оқуға құштар мектеп» жобасын іске асыру аясында 2021-2022 жылдары 106 мектеп кітапханасына 24990 көркем әдебиет сатып алынды. Сондай-ақ кітапханалардың материалдық-техникалық базасын нығайту үшін 75,4 миллион теңге бөлініпті. Бұл қаражатқа 1619 жиһаз алынған. Сөйтіп, оқу залдары жоқ мектептерде оқу бұрыштары ұйымдастырылды. Сондай-ақ биыл 50 мектептің кітапхана жиһазы жаңармақ. Бұл үшін облыстық бюджеттен 41,8 миллион теңге бөлінді.

Ауылдық мектептерде 279 асхана жұмыс істейді.

Жаңғырту аясында 109 мектептің асханасына жалпы құны 137миллион теңгеге 7250 жиһаз алынды. Асханалардың белгілі бір бөлігі жөнделіп, оңтайландырылып, заман талабына сай жабдықтар орналастырылды. Мектеп оқушыларының дұрыс тамақтануына үлкен мән берілуде.

Мектептерді жаңғырту аясындағыжұмыстардың бәрі ауыл балаларының  сапалы білім алуы үшін, қала мен ауыл мектептері арасындағы білім сапасындағы алшақтықты жою мақсатында жасалып жатыр, — дейді Нұргүл Бертілеуова.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button