Басты жаңалықтар

Ауылға ықылас ауған жыл

Ақтөбе облысына өңірде 2022 жылы бастау алған «Ауыл аманаты» жобасының барысымен танысу мақсатында Amanat партиясының төрағасы, Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов бастаған делегация жұмыс сапарымен келді.
Жобаға қатысушы ақтөбеліктер Президентке ауылды қолдау және дамыту бойынша қабылданған шаралар үшін алғыстарын білдірді.

Жұмыссыздық азайып, табыс көбейеді

Аталған жоба облыста 2022 жылы Президенттің «Ауылдық аумақтарды дамыту тұжырымдамасы туралы» бірінші Жарлығы аясында қолға алынған болатын.
Жоба ауыл тұрғындарын аграрлық секторға барынша тартуға, олардың кірістерін арттыруға, азық-түлік қауіпсіздігіне және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға байланысты мәселелерді шешуге бағытталған.
Жұмыс сапары аясында Ерлан Қошанов Мәртөк ауданына барды.
Жобаның дайындық кезеңінде ауданның 30 500-дей тұрғыны бар 13 ауылдық округке қарасты 32 ауылда скрининг жүргізілді. Нәтижесінде жобаға 3344 тұрғынды қамтитын Тәңірберген және Қаратоғай ауылдық округтерінен үш елді мекен қатыстырылды. Таңдалған ауылдарда тұрғындардың 2131-і — еңбекке қабілетті, 314-і — өзін-өзі жұмыспен қамтыған, 62-сі — жұмыссыз, 6 отбасы атаулы әлеуметтік көмек алады. Аталған санаттағыларға жоба аясында ерекше басымдық беріледі.
Екі округте 155,3 млн теңге сомасына 41 жобаны іске асыру жоспарланған, оның 14-і — құс шаруашылығы, 20-сы — өсімдік шаруашылығы бағытында, 5 жоба шағын бизнеспен, екеуі кооперативтерді жарақтандырумен байланысты.
Облыс әкімі Ералы Тоғжановтың тапсырмасы бойынша жобаға қатысушыларға жан-жақты қолдау көрсетіледі. Атап айтқанда, аудандағы ауыл шаруашылығы жерлерінің тапшылығы мәселесін шешу мақсатында мемлекет меншігіне қайтарылған 25 мың гектар пайдаланылмай жатқан жер енді өсімдік шаруашылығы мен мал шаруашылығын дамытуға ниет білдіргендерге берілетін болады.
Айта кетейік, Ақтөбе облысындағы «Ауыл аманатының» ерекшелігі — малды тауарлық несие ретінде беру. Бұл мүмкіндікті Мәртөк ауданының 6 тұрғыны пайдаланбақ, оларға ірі шаруа қожалықтары 60 бас мал береді.
Ауыл тұрғындарының табысын арттыру жобасының арқасында жұмыспен қамту, тұрғындардың орташа табысын арттыру мәселесінен бөлек, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету сияқты өзекті мәселе де шешімін таппақ. Нәтижесінде құс етімен қамтамасыз ету 21,7 пайыздан 44,8 пайызға, көкөніс — 41,6% пайыздан 62,6 пайызға, картоп 36 пайыздан 63,8 пайызға дейін ұлғаяды.
Жұмыс сапары аясында Amanat партиясының төрағасы жобаға қатысуға үміткерлерден өтініштер қабылдау барысы және қаржылық сауаттылықты арттыру бағдарламасымен танысты. Делегация өкілдері несие беру шарттары, кооперативтер құру және жабдықтау мәселелеріне қызығушылық танытқан жобаға қатысушылармен кездесті.
«Дина» шаруа қожалығының басшысы Зәкір Құрманаев — жоба қатысушыларына мал түрінде тауарлық несие беруге келісім берген азаматтардың бірі. Ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші «Ауыл аманатының» ауыл тұрғындарының табысын айтарлықтай арттыруға мүмкіндік беретін бірегей жоба екендігін айтады.
«Біз Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауылды дамытуға, ауыл еңбеккерлерін қолдауға бағытталған бірінші Жарлығын зор ықыласпен қабылдадық. «Ауыл аманатының» тиімділігі жоғары. Жобаға қатысушылардың және агроөнеркәсіптік кешенде еңбектеніп жүргендердің атынан Президентке ерекше алғысымды білдіремін. Біз туған өлкеміздің көркеюі жолында аянбай еңбек етеміз. Осындай маңызды жобалар елді мекендерімізді жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді», — деп сенім білдірді ол.

Тауарлық несие берілді

Кеше Amanat партиясының төрағасы Ерлан Қошановтың облысқа жұмыс сапары аясында «Ауыл аманаты» ауқымды жобасына қатысып жатқан Мәртөк ауданы Саржансай ауылының тұрғындарына тауарлық несие ретінде ірі қара мал берілді.
«Ақшалай несиемен қатар, тауарлық несие беру жобаның өзіндік ерекшелігі болып табылады. Ірі шаруа қожалықтарының басшыларына қолдау көрсеткені үшін алғыс айтамын. Біздің ұсынысымызды 27 шаруа қожалығы қолдады. Олар ауыл тұрғындарына 6 мың мал беруге дайын. Бүгінгі күнге дейін 42 жеке қосалқы шаруашылыққа 650 мал берілді. Тауарлық несие ретінде мал алған шаруалар алдағы екі-үш жыл ішінде оны төлмен қайтарады. Бұл — жаңа істі бастау үшін жақсы демеу», — деп атап көрсетті облыс әкімі Ералы Тоғжанов.
«Президенттің алғашқы Жарлығы ауылдық аймақтарды дамытуға арналғанына қуаныштымыз. Мен Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында облыс әкімі қабылдаған шешімдердің ауылдарды дамытуға және тұрғындардың әл-ауқатын көтеруге оң әсерін тигізіп, өз тиімділігін көрсететіндігіне сенемін. Барлық шаруашылық жетекшілерін бұл жобаны қолдауға шақырамын», — деді «Есбол» шаруа қожалығының жетекшісі Мұхамбетқали Қарсақов.
Жоба қатысушысы Нұрсұлтан Бекбауов «Ауыл аманаты» жобасы село тұрғындары үшін өз ісін бастаудың және табысын молайтудың тамаша мүмкіндігі деп санайды. Ол бұған дейін вахталық әдіспен еңбек еткен, ал пандемия кезінде компания өндіріс көлемін қысқартып, жұмыс мөлшері азайған, еңбекақы төмендеген.
«Менің төрт балам бар, әке-шешем — зейнеткерлер, сондықтан отбасын қамтамасыз ету — менің міндетім. Осылайша мен жобаның алғашқы қатысушыларының бірі болдым. «Есбол» шаруа қожалығы 10 бас ірі қара берді, жемшөппен қамтамасыз етті. Жақсы жағдай бар, тауарлық несиені өнімімен 2-3 жыл ішінде қайтаруды жоспарлап отырмын», — деді ол.
Мәртөк ауданында жобамен Қаратоғай, Тәңірберген ауылдық округтерінің 41 ауласы қамтылады. Мұнда жалпы сомасы 155,3 млн теңгеге 41 жобаны іске асыру жоспарланған, оның ішінде 14-і құс шаруашылығымен, 20-сы өсімдік шаруашылығымен, 5-еуі шағын бизнеспен, 2-еуі кооперативтерді жарақтандырумен байланысты.
Жобаны іске асыру нәтижесінде атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 55 пайызға, жұмыссыздар саны 45,2 пайызға қысқарады, ал оған қатысатын отбасылардың табысы 200,4 пайызға артады деп күтілуде.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button