Басты жаңалықтар

Шетелдік көліктерді заңдастыру қалай жүргізіледі?

Елімізде шетелден әкелінген көліктерді заңдастыруға рұқсат берілгені белгілі. Соның жай-жапсары туралы құзырлы орган өкілдері кеңінен түсінік берді.

Ақтөбе облысының әкімшілік полиция басқармасы жол және техникалық инспекция бөлімінің басшысы Еркін Өтегеннің айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елге 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін әкелінген шетелдік автомобильдерді біржолғы заңдастыру науқаны келесі аптада басталмақ. Бұған қажетті заңнамалық өзгерістер енгізіліп, Үкіметтен қолдау тапқан.

— Ережелер алғашқы ресми жарияланған күннен кейін он күн өткен соң күшіне енеді, яғни 23 қаңтарда.Сол күннен бастап біз шетелдік автомобильдерді заңдастыруға кірісеміз.

Белгілі бір талаптар бар: көлік өткен жылдың 1 қыркүйегіне дейін елге әкелініп, іздеуде болмауы керек. Сондай-ақ басқа мемлекетте бұрынғы тіркелген жері бойынша есептен шығарылып, кедендік рәсімдеуден өтуге тиіс, — деді.

Жоғарыда аталған басқарманың бөлім басшысы Данияр Сарқұлов автокөліктерді заңдастыру үшін өтінішті «Электрондық үкімет» порталы немесе арнайы халыққа қызмет ету орталығына жолығу арқылы беруге болатынын атап өтті. Мамандандырылған халыққа қызмет ету орталығында ол үшін арнайы секторлар жасақталған. Сол жақта әкімшілік полиция қызметкері жария етуден өту тәртібін, ал мемлекеттік кірістер органдарының қызметкері кедендік төлемдерді төлеу тәртібін қосымша түсіндіреді.

— Құжаттар тізіміне тоқталсақ, өтініш, өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжат, көлік құралының паспорты және (немесе) көлік құралын тіркеу туралы куәлік, көлік құралына меншік құқығын растайтын құжат (бұған осы мүлікті сатып алу-сату, айырбастау, сыйға тарту немесе иеліктен шығару туралы өзге де мәміле шарттары, мұрагерлік құқығы туралы куәлік жатады), — деді ол.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте полицейлер шетелдік автомобильдерді заңдастыру тек бір реттік акция екенін ескертті. Жүргізушілер бұны 1 шілдеге дейін  қолдана алады.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button