Басты жаңалықтар

«Ауыл аманаты» жобасына қатысушы ақтөбеліктер Президентке ауылды қолдау және дамыту бойынша қабылданған шаралар үшін алғыстарын білдірді

Ақтөбе облысына өңірде 2022 жылы бастау алған «Ауыл аманаты» жобасының барысымен танысу мақсатында  «AMANAT» партиясының Төрағасы, ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Ерлан Қошанов бастаған делегация жұмыс сапарымен келді.

Аталған жоба облыста 2022 жылы Президенттің «Ауылдық аумақтарды дамыту тұжырымдамасы туралы» бірінші Жарлығы аясында қолға алынған болатын.

Жоба ауыл тұрғындарын аграрлық бизнеске барынша тартуға, олардың кірістерін арттыруға, азық-түлік қауіпсіздігіне және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға байланысты мәселелерді шешуге бағытталған.

Жұмыс сапары аясында Ерлан Қошанов Мәртөк ауданына барды. Жобаның дайындық кезеңінде аталған ауданның 30 мыңнан астам тұрғыны бар 13 ауылдық округке қарасты 32 ауылда скрининг жүргізілді. Нәтижесінде жобаға 3344 тұрғынды қамтитын Тәңірберген және Қаратоғай ауылдық округтерінен үш елді мекен қатыстырылды.  Таңдалған ауылдарда тұрғындардың 2131-і — еңбекке қабілетті, 314-і — өзін-өзі жұмыспен қамтыған, 62-сі — жұмыссыз, 6 отбасы атаулы әлеуметтік көмек алады. Аталған  санаттағыларға  жоба аясында ерекше басымдық беріледі.

Екі округте 155,3 млн теңге сомасына 41 жобаны іске асыру жоспарланған, оның  14-і – құс шаруашылығы, 20-сы — өсімдік шаруашылығы бағытында, 5 жоба шағын бизнеспен, екеуі кооперативтерді жарақтандырумен байланысты.

«Ауыл аманаты» жобасын Мәртөк ауданы бойынша  іске асыру жұмыссыздар санын — 45,2 пайызға, атаулы әлеуметтік көмек алушылар санын 55 пайызға азайтуға, ал жобаға қатысушы отбасылардың орташа табысы 200,4 пайызға арттыруға мүмкіндік береді.

 

Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжановтың тапсырмасы бойынша жобаға қатысушыларға жан-жақты қолдау көрсетіледі. Атап айтқанда, аудандағы ауыл шаруашылығы жерлерінің тапшылығы мәселесін шешу мақсатында мемлекет меншігіне қайтарылған 25 мың гектар пайдаланылмай жатқан жер енді өсімдік шаруашылығы мен мал шаруашылығын дамытуға ниет білдіргендерге берілетін болады.

Айта кетейік, Ақтөбе облысындағы «Ауыл аманатының» ерекшелігі — малды тауарлық несие ретінде беру. Бұл мүмкіндікті Мәртөк ауданының 6 тұрғыны пайдаланбақ, оларға ірі шаруа қожалықтары 60 бас мал береді.

«Ауыл аманаты» жобасын іске асыру жұмыссыздар санын — 45,2 пайызға, атаулы әлеуметтік көмек алушылар санын 55 пайызға азайтуға, ал жобаға қатысушы отбасылардың орташа табысы 200,4 пайызға арттыруға мүмкіндік береді.

Ауыл тұрғындарының табысын арттыру жобасының арқасында жұмыспен қамту, тұрғындардың орташа табысын арттыру мәселесінен бөлек, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету сияқты өзекті мәселе де шешімін таппақ. Нәтижесінде құс етімен қамтамасыз ету  19,9%-дан 29%-ға, көкөніс – 32,7%-дан 57,1%-ға, картоп — 15,5%-дан 37,5%-ға дейін ұлғаяды.
Жұмыс сапары аясында  «АМАНАТ» партиясының Төрағасы  жобаға қатысуға үміткерлерден өтініштер қабылдау барысы және қаржылық сауаттылықты арттыру бағдарламасымен танысты. Делегация өкілдері несие беру шарттары, кооперативтер құру және жабдықтау мәселелеріне қызығушылық танытқан жобаға қатысушылармен кездесті.

«Дина» шаруа қожалығының басшысы Зәкір Құрманаев – жоба қатысушыларына мал түрінде тауарлық несие беруге келісім берген азаматтардың бірі. Ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші «Ауыл аманатының» ауыл тұрғындарының табысын айтарлықтай арттыруға мүмкіндік беретін бірегей жоба екендігін айтады.

«Ауыл тұрғындары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауылды дамытуға, ауыл еңбеккерлерін қолдауға бағытталған бірінші Жарлығын зор ықыласпен қабылдады. «Ауыл аманатының» тиімділігі жоғары.  Жобаға қатысушылардың және агроөнеркәсіптік кешенде еңбектеніп жүргендердің атынан Президентке ерекше алғысымды білдіремін. Ауылдан көшу туралы ойымыз да жоқ. Туған өлкеміздің көркеюі жолында аянбай еңбек етеміз. Осындай маңызды жобалар елді мекендерімізді жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді», — деп сенім білдірді ол.

А.МӘЛІКҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button